07 Маусым, 2014

Шарайна

226 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлем жаңалықтары

Десант түсірілгеніне – 70 жыл Кеше Францияда екінші дүниежүзілік соғыста одақтастар армиясының Нормандияға десант түсіруінің 70 жылдығына арналған іс-шаралар өтті. Оған АҚШ президенті Барак Обама, Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон және КСРО атынан Ресей президенті Владимир Путин арнайы барып қатысты. Mideast SyriaФранция аумағындағы Нормандияда америкалықтардың 9 мыңнан астам әскериі көз жұмған екен. Олар жерленген орынға Б.Обамамен қатар, ел иесі ретінде Франция президенті Франсуа Олланд та барды. Ал бұрынғы одақтастар басқосуында халықаралық күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелер талқыланды. Бұл орайда, Украинаны оңалту мәселелері де әңгіме арқауына айналды. Башар Асад – кезекті мәрте президент Сирияда президент сайлауы болып өтті. Онда елдің қазіргі басшысы Башар Асад сенімді жеңіске қол жеткізіп, қатарынан үшінші мәрте Сирия президентінің орынтағына отыратын болды. Б.Асадты жақтап, ел азаматтарының 90 пайызы өз дауыстарын берген. Бұл туралы Сирия парламентінің спикері  Мохаммед әл-Лахам хабарлады. «Мен Сирия Араб Республикасындағы президент сайлауында Башар Хафез әл-Асадтың жеңіске жеткенін жария етемін. Ол дауыстардың абсолютті басымдығын алды», деп мәлімдеді әл-Лахам. Батыс елдері бұл сайлаудың қорытындысын мойындамайтындарын білдіріп отыр. Елінде үш айда тәртіп орнатпақ Украинаның жаңадан сайланған президенті Петр Порошенко еліндегі жағдайды ретке келтірудің жоспарын дайындап жатқанға ұқсайды. Бұл туралы кеше «Коммерсантъ» газеті жазды. Оған қарағанда, Порошенко өзінің жоспарын инаугурациядан кейін жария етпекші екен. Басылымға хабарлаған дерек көздерінің айтуларынша, жоспар үш блоктан тұратын көрінеді: ел ішіндегі үнқатысу, халықаралық үнқатысу және Ресеймен келіссөздер жүргізу. Польша президенті әкімшілігінің басшысы Яромир Соколовскидің сөзіне қарағанда, Украинада поляк тәжірибесі пайдаланылатын жергілікті өзін-өзі басқару реформасы жүзеге асырылуы ықтимал.

Қысқа қайырып айтқанда: *Канадада үш полиция қызметкерін өлтірді деген күдікпен 24 жастағы Джастин Бурк қамауға алынды. Оны ұстауға бірнеше жүздеген полейцейлер жұмылдырылыпты. Операция кезінде Монктон қаласындағы мектептер мен муниципалды мекемелер уақытша жабылып, қоғамдық көлік тоқтатылған.  АҚШ-тың Сиэтл қаласындағы студенттер қалашығының аумағында атыс болып, бір адам оққа ұшса, үшеуі жараланған. Полиция адам өліміне кінәліні тұтқындап үлгерген. Оқиға табиғи ғылымдар факультетінің ғимаратында орын алса, оқ жұмсаудың егжей-тегжейлі себебі әзірше белгісіз.  *Татарстанның ТАИФ инвестициялық-өнеркәсіптік тобы Солтүстік Корея аумағында жанармай құю стансаларының желісін салуға қатысуы ықтимал. Бұл туралы Қиыр Шығысты дамыту жөніндегі министр Александр Галушка мәлімдеп отыр. Бағдарламаның көлемі туралы әңгіме қозғалмайды.  Атышулы Владимир Жириновский серкесі болып табылатын Ресейдің либерал-демократиялық партиясынан Мемлекеттік думаға депутат Роман Худяковты Дағыстан тумалары соққыға жығып кетіпті. Оқиға Мәскеу көшелерінің біріндегі жол жанжалы кезінде орын алған. Енді депутат өзін ренжіткендерден 2 миллион рубль талап етпек.  *Дағыстанның Ахтын ауданында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан мектеп директоры мен мұғалім қаза тапса, үш оқушы айтарлықтай дене жарақаттарын алып, жансақтау бөліміне түскен. Мұғалімдер мен оқушыларды емтиханға алып келе жатқан автобус өзен шатқалына құлап кеткен.

Ынтымақтастыққа қарсы АҚШ президенті Барак Обама Францияның Ресеймен әскери салада ынтымақтасқанын қаламайтынын білдірді. Бұл туралы ол Бельгияның астанасы –  Брюссельде өткен үлкен жетілік саммитінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты барысында айтқан. «Мәскеуге «Мистраль» тікұшақ  тасығышын сатуға қатысты өзімнің күдігім бар екенін жасырмаймын. Осы істі тоқтата тұрсаңыз қайтеді?», деп қайырылыпты ол өзінің француздық әріптесі Франсуа Олландқа. Обаманың пікірінше, «Мистральді» сатпай тоқтата тұру Ресейге қысым көрсетудің бір парасы болып табылады. Ал тікұшақ тасығыш сату туралы келісім Дмитрий  Медведев президент болып тұрған кезде жасалса керек. Иранда пойыздар соқтығысып қалды IRAN TRAIN EXPLOSIONКеше, Иранның солтүстігінде  жолаушылар пойызы жүк таситын пойызбен соқтығысып қалған. Кем дегенде 10 адам қаза тапса, ондаған адам жараланған. Бұл туралы «Рейтер» агенттігі хабарлады.  Апат Дамган стансасында жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 23.00-де болған. Мешхед қаласынан ел астанасы   Теһранға бағыт алып келе жатқан пойызда шамамен 340 жолаушы болыпты. Биліктегілер опат болғандар саны артуы мүмкін екенін айтады. Өйткені, жараланғандардың төртеуінің жағдайы аса мүшкіл көрінеді.  Оқиға бойынша тергеу амалдары басталса, апаттың не себепті орын алғаны әзірше белгісіз. Экстремистік пиғылы үшін айыпталды Сот Екатеринбург қаласында «Орыс маршын» ұйымдастырмақшы болған Максим Вахромовты экстремистік әрекетке кінәлі деп тапты. Ресейдің Свердлов облысы бойынша тергеу комитетінің сайтында оған жаза ретінде 280 сағат түріндегі міндетті жұмыс белгіленгені айтылады. Сайттағы ақпаратқа қарағанда, Вахромов 2012 жылдың қазан айында өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына тергеу орындары мен соттың пікірінше, дұшпандық пен ұлтаралық жанжал отын жағуға бағытталған материалды орналастырыпты. Осылайша орыстарды «маршқа» шақырған ұлтшылсымаққа ескерту түрінде болса да жаза қолданылып отыр. Интернет материалдары негізінде әзірленді.