Руханият • 23 Желтоқсан, 2022

Ұмытылмайтын қаламгер

415 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қай кезеңде болсын әдебиет пен өнер Алаш жұртының түгесіліп бітпес, сарқылып ортаймас аса бай рухани қазынасы болса, сол игілікті жасаушылар ұлттың беткеұстар қаймағы санатында болмақ.

Ұмытылмайтын қаламгер

Көкшетау топырағында туып, жал­пақ жұрттың жан дүниесіне рухани тұма бұлақтың шырын суын дарытқан қапысыз қарымды қаламгердің бірі, әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеген Төлеген Сыздықұлы Қажыбайдың туғанына 80 жыл толып отыр. Осы бір ел мерейін үстем етер, ер атын әйгілер сәтте Көкшетау мен Қараөткелдің арасындағы сөз өнерін сыйлайтын жұрт жер-жерде әдеби кештер өткізіп, қаламгердің мол мұрасын жан-жақты насихаттап жатыр. Жар­ты ға­сыр­дан астам ғұмырын ұлт баспасөзі мен әде­биетіне арнаған Тө­кең ұзақ жылдар бойы облыстық газет­терде қызмет етті. «Жер шоқ­тығы» жур­­налының бас редакторы болды. Тә­уелсіз «Бұқпа!» газетіне қисапсыз ең­бек сіңірді. Қай басылымда қызмет етсе де, ел сөзін сөйледі. Қара ормандай қалың ел ешкімге жалтақтамай, ағы­нан жарылып, ақиқатын айтатын Тө­кеңнің қарымды қаламынан шыққан дү­ниелерін іздеп жүріп оқитын. Жазу-сызудан бас көтертпейтін газет жұмы­сының бар ауыртпалығын кәтепті нардай көтере жүріп, кең тынысты, кесек тақырыптарды игерді. Артында отыздан астам кітабы қалды. Сексеннің сеңгіріндегі ойлы оқырманы алқаған қошемет-құрметті көруді тағдыр жазбапты. Жан жұбатары мәңгі өлмес екінші ғұмырының басталғаны. Демек Төлеген ақын төл туындылары ар­қылы халқымен бірге мәңгі жасай бермек.

Арыдан толғап айтар болсақ, Төкең – сөз ұстаған жақсылардың жалғасы. Заманында қазақ әдебиетінің заңғары Сәбеңдермен сыйласқан, зар заманның бейнесін қаз-қал­пында көз алдыңа әкелетін «Әлі қарттың әңгімесі» тәрізді дастан тудырған Жақан Сыз­дықов, майдангер, кейін мықты аудар­машылығымен аты шыққан, тоқсан жасап өмірден өт­кен белгілі әдебиетші Қажы­мұрат Сыз­ды­қов­тар – осы әулеттің қара­ғайдың қар­сы біт­кен бұтағындай өкілдері.

Төлеген ағамыздың поэмасы туралы сөз сабақтағанда әуелі тырнақалды туындысы – «Жолбасы» туралы айта кетуге болады. 1980 жылдардың басында облыс орталығындағы №3 Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-интернатта оқыдық. Әдебиет пәнінен ұлағатты ұстазымыз Зағира Маралбайқызы сабақ беретін. Әде­биет пәні кабинетінің орналасқан кітап сөресінде қалыңдығы үш елі, әде­мілеп қап­талған дәптер тұратын. Сол дәп­тердің ішінде осы мектепте оқып білім алған Төлеген Қажыбаевтың, Қорғанбек Аманжоловтың өлеңдерін сүйсініп оқушы едік. Әдебиет пәнінің мұғалімі осындай дәстүр қалыптастырған екен. Біз де жаздық. Күндердің бір күнінде Зағира апайға бір дәптер өлеңімді тапсырдым. Оқып көріп, пікір айтуы үшін. Күн өтті, апта өтті. Бір күні сабақта отырғанда сұрадым.

– Облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакциясына барып, Төлеген ағаңды тауып алсаң жақсы болар еді. Өлеңдеріңді сол кісіге оқыт, – деді.

Бала кезімізде жазғанын түгелге таяу қалт жібермей оқитын үлкен ақынның алдына баруға жүрексіндік. Әйтсе де, бір күні өлеңге деген құштарлық алдына жетектеп әкелді. Оқушы дәпте­ріне жа­зыл­ған балауса өлеңдерімді ұсын­дым. Оқып көрді. Сол өлеңдердің екі-үшеуі газетке де шықты. Мектеп бі­тірген соң әскер қатарына аттандық. Жолда оқыр­мыз деп жолқапшыққа екі-үш кітап сала сал­ған­быз. Біреуі Тө­кеңнің «Жолбасы» кітабы. Пы­шақтың қырындай шағын ғана жинақ. Әйтсе де, өлеңдері ғажап. Қырғыз Алатауы­ның етегінде әскери борышын өтеп жүрген тәмам қазақ баласы Төлеген ақынның жырымен сусындады. Арада әлденеше жыл өткен соң осы оқиғаны Төкеңе ай­тып бер­генім бар. Әншейінде жер қоз­ғалса қозғал­майтын салмақты ағам­­ның аяулы жанары жарқ ете түсті. Өңін­де әлдебір сезімнің жарқын сәулесі ой­нағандай.

– Апырмай, шын ба? – деп сұрады.

– Шын, – дедім мен.

– Шын болса жазсаңшы, – деді ақын аға.

– Жазамын, – дедім мен, бірақ жазылмай қала берді. Сәті бүгін түсіп отыр.

«Жолбасынан» басталған поэзия соқ­пағы «Жанымның жапырақтары», «Сек­сен көл сылдыры», «Ал­дияр» сияқты жыр жинақтарына, прозалық шығармаларынан «Махаббат әні», ашаршылық тақырыбына жазылған «Қан ­кешу», «Самурайдың серт семсері», «Аран», «Қансоқта» повестері мен романдарына, драмаларынан «Ұмытпа мені, Гәккуім», «Жындар биі», аудармаларынан «Әлем әдебиеті кітапханасы» серия­сымен жарық көрген Юкио Ми­симаның «Алтын ғибадатхана» романы, Рюноскэ Акутагаваның «Ормандағы ойран» новеллалар жинағына, Ибрагим Салаховтың «Колыма қасіреті» романына ұласты.

Жалпақ жұртқа тарап кеткен «Әгугай домбырадан» бастап қырықтан астам әнге мәтін жазған қайраткер жазушы 1980 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағына ие болды. 1999 жылы Қазақстан Жазу­шылар одағының басқарма мүшесі, одақтың Ақмола облыстық филиа­лы­ның төрағасы болып қызмет атқар­ды. Ұзақ жылғы ең­бегіне орай «Құр­мет» орденімен марапатталды. Қазақ­стан Жа­зушылар одағының, Ахмет Бай­тұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин атын­дағы сыйлықтардың лауреаты атанды. Жур­налистика саласының мол жүгін арқалаған қаламы қажырлы, айтары мол журналист «Қазақстанның құр­метті жур­налисі» деген атаққа да ие болды.

Төкең шыққан биікті, қалам қуатын айғақтау үшін көзі тірісіндегі сый-сия­патын жіпке тізгендей етіп айтып шықтық. Енді бір сәт замандастарының берген бағасына назар аударалықшы. Қазақтың көр­некті ақыны Кәкімбек Салықов «Қалам­герлік өнердің қаза­наты» деп аталатын мақаласында былай деп жазады: «Қа­зақтың белгілі ақыны, Көкше өңірінің айтулы да ардақты азаматы Төлеген Қа­жы­баевтың қаламынан туған сан түрлі шығармасына ертеден қызыға қарап, назар аударып жүруші едім. Біріншіден, ол ең ал­ғаш­қы қарлығашы – «Жолбасы» атты өлеңдер жинағын 1977 жылы ел жү­регіне ұшырған кезінен бастап жыр­сүйер қауымның құлағын елең еткізді», деп тол­ғанады. Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісов: «Төлеген Қажыбай, менің ұғымымша, биік деңгейдегі ғажап ақын. Бұл пікірге мен бір күнде, бір сәтте туа қалатын, бір өлеңін оқып та­ңырқай қа­латын жылт етер сезіммен келгенім жоқ. Ал Төлегеннің поэзиялық шығармаларын (әңгіме, повестері бір төбе) ара-тұра оқып жүріп, сүйсінумен келдім бұл пі­кірге» деп дәл бағасын береді. Асы­лында қаламгердің қай жинағын алсаңыз да, сырлы да әсем, әдемі әлемге еріксіз еніп кетесіз. Енгізетін кестелі тіл өрнегі, көңілі құлай сүйген оқырманын әр қиырға жетелейтін көл-көсір сезім дүниесі. Жалаулы жасыл дүниеде адам баласы артына алаңдап өткенін іздейді, сарытап сағыныштың кілкіген сары сағымына ілесіп елегізиді. Сол сәтте жүрек сырға да, жырға да тұнбақ. Ал ақын жүрегі ше?! Тыңдап көріңіз:

«Қайдасың, қайда, күндерім,

Жанымның нұрлы көктемі.

Ұсынған еді-ау гүлдерін,

Құсмұрын төбе, бөктері.

Қоңырлап түскен қыр әні,

Қалықтап бізге жететін.

Ауылдас қыздың жанары,

Жүректі шымшып өтетін.

Сыбызғы үні құлақта,

Ақсуға қонған аққудың.

Жастығым қалды жырақта,

Жанымды тербер гәкку мұң».

Төкең шығармаларында оқырманды еріксіз мұңға бөлейтін, енді қайтып оралмайтын балалық шақты аңсау сол уыз қалпында көрініс табады.

«Тозбастай табан-таға нық,

Шырмауын үзіп шалалық.

Арылтып жеттің ағалық,

Сағынтып кеттің балалық.

Ақын жырларында сағыныш қана емес, ел қамын ойлаған кесек ойлар да тұнып тұр.

Дала дейді мына жатқан ғаламды,

Әлдилеген мені, сені, бабамды.

Дала деген тарпаң еді-ау, текті еді-ау,

Құрған торға, қазған орға қамалды.

Талыс табан аямады, таптады,

Дидарында қалды дәуір тат табы.

Тулақ болған қайран дала қайратсыз,

Енді, міне, арса-арса боп жатқаны».

Ақиқатты сүйер өткір тілі етіңнен өтіп, сүйегіңе өтетін ащы шындықты ай­тып-ақ тұр емес пе? Дәл осылай тіліп айтпаса, Төлеген Төлеген болар ма?!

Бұл күн­дері ежелден ән-жырдың ал­тын бесігі атанған Көкше топырағы өзінің сүйікті ұлының мерейтойын атап өтіп жатқанын жоғарыда айттық. Жөн шаруа. Төкең өмірден өткенде Көкшетау күңіренген. Әне бір жылы Төлеген ағамыз­дың қаза­сына келген ақын інісі Ғалым Жай­лыбайдың:

«Ағаның шалқып жазған жыры есімде,

Сырласқан Зерендінің түні есімде.

Айналар ат аунаса ұлы есімге –

Көкшетау! Кім кеткенін білесің бе?!» – деген сөзі көкшеліктердің әлі күнге көкейінде. Таяуда облыс орталығындағы Бір­жан сал көшесінің бойындағы ақын тұр­ған үйге мемориалдық ескерткіш тақта орнатылды. Республикалық жыр мүшәйрасы өткізілді, Шахмет Құсайы­нов атындағы облыстық қазақ музы­калық-драма театрында драмалық шығармалары қойылып жатыр.

Көкшетау жұртшылығы осылайша көрнекті ақын Төлеген Қажыбайдың есімін қайта жаңғыртып, шын құр­метін, шынайы пейілін көрсетуде. Алдас­пан­дай жарқылдаған, ақиқат сөзді айта білген қаламгер елімен бірге жасай бермек.

 

Көкшетау