Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл:
ЗОР РИЗАШЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ БЕЛГІСІ
Түркия Президенті Абдулла Гүл “КАDЕХ-2010” қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктердің халықаралық көрмесіне қатысқаннан кейін “Нұр-Орда” халықаралық қазақ-түрік лицейінде болды.
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа күллі түркі әлемі үшін жасап келе жатқан еңбегіне зор ризашылығымды білдіремін, біз құрметті Нұрсұлтан Назарбаевқа Анкарада ескерткіш орнату ниетіндеміз, – деді А.Гүл оқу орнының ұжымы алдында сөйлеген сөзінде.
ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ КӨШБАСШЫСЫ
Намық Кемал ЗЕЙБЕК, мемлекет және қоғам қайраткері.
Күллі түркі дүниесі Түркістан десе елеңдеп-ақ тұрады. Оған Түрік Республикасы Мәдениет министрі, Мемлекет министрі болып қызмет атқарған жылдары аталған университетке түрлі түркі ұлт-ұлыстары балаларын жинақтау сапарында да Байкалдан Балқанға дейін іссапарда жүріп өткенде бұған анық көзім жеткен. Міне, көрмейсіздер ме, жуырда Қ.А.Ясауи бабамыздың атындағы оқу орнында бауырлас екі елдің президенттері – Н.Ә.Назарбаев пен Абдулла Гүл бас ғимараттың және аурухананың тұсауын кесті. Енді құрылысы басталып жатқан оқу ғимараты, кітапхана, жатақхананың іргетасын қалады. Түркиядан бірге келген әріптестерімнің шын жүректен қуанғанын көріп мына мен – түркістандық Намық Кемал Зейбек жүрегім жарыла қуанайын бір! Өзім бірсыпыра жыл басқарған оқу орны үшін – бір, Түркістан үшін екі қуандым.
Университеттің Құрметті профессоры қатарына қабылданған сәтінде Мәдениет сарайында Абдулла Гүл тебіреністі сөз сөйлей келе, “Нұрсұлтан Назарбаев – түркі текті мемлекеттердің көшбасшысы! Мен бұл бағалау пікірімді Н.Ә.Назарбаев Түркияда ресми сапарда болған кезінде де айтқанмын, бүгін де қайталап айтамын!” – деді де билік символы асатаяқ сыйлады. Бұл – Қазақстан Республикасы Президентіне берілген тарихи баға болатын. Расында, Түркияда қазіргі әлемдік саясаттан хабары бар ізгі көңілді адамның бәрі де Нұрсұлтан ағамызға ерекше ықыласты. 2007 жылы Н.Ә.Назарбаев Түркияда сапарда болған кезінде “Радикал” (2.10.2007 ж.) газеті бетінде “Біздің де Жұмһурбашканымыз” деген мақала жаздым. Демек, Н.Ә.Назарбаев – біздің де Елбасымыз деген сөз. Сол ықыластылықты біздің Президентіміз Абдулла Гүл “Түркі мемлекеттерінің көшбасшысы” деп үдетіп алып кетіп отыр. Түркия Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық аренадағы, оның ішінде күллі түркі дүниесіндегі тарихи қызметін өте дәл бағалап айтып отыр деп білемін.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қамқорлығы мен іскерлік қайраткерлігі арқасында Астанада Мұстафа Кемал Ататүрікке тамаша ескерткіш орнатылды. Мен түрік азаматы райында қуандым. Сол сәттерден бастап Н.Ә.Назарбаевқа Түркияда бір ескерткіш қойылса деген ойда болдым. Өйткені, ол Ататүрік аманатын алғы күнге алып барушы, түркі дүниесінде соны жүзеге асырушы көшбасшы болып отыр ғой. Астанада Түркия Президенті Абдулла Гүл Н.Ә.Назарбаевқа Анкара қаласында тамаша ескерткіш орнатылатынын айтқанда, мен арманым жүзеге асатынына қуандым. Қазақта бір өлең бар екен: “Бір саусақ тіпті де, Іле алмас жіпті де!” – деп келетін. Бір Түрік мемлекеті бір ғана саусақ, ал 10 түркі мемлекеті ынтымақта болса, алмас асуы, бағындырмас биігі болмас еді ғой. Осындай ізгі арман Ататүрікте болған. Осындай ізгі ойды жүзеге асыруда Нұрсұлтан Назарбаев жолбасшылық жасап отыр. Олай болса Нұрсұлтан Назарбаев – түркі мемлекеттерінің көшбасшысы. Көшбасшыға Анкарада тамаша ескерткіш орнатылса – орынды-ақ.
ЕЛБАСЫ МЕРЕЙІ – ЕЛ МЕРЕЙІ
Оңайбай КӨШЕКОВ, Атырау облысының құрметті азаматы.
Қазақ пен түрік – түбі бір туысқан халық. Түрік мемлекеті қазақты жатсынбады. Тәуелсіздік алған сәтімізде қазақты бауыр тұтып, Қазақ елінің дербестігін бірінші болып таныды. Алдымен Түркия құттықтады. Тәуелсіз Қазақ елімен іскерлік, экономикалық байланыс орнатуды да алдымен Түркия елі бастап еді. Түркияның бұрынғы президенттері Тұрғыт Өзал, Сүлеймен Демирел қалыптастырған осы бір туысқандық, бауырмалдық байланыстың келісті көрінісі енді міне, Түркияның Президенті Абдулла Гүлдің Қазақстанға ресми сапары кезінде жаңа қырынан көрінді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Түркиямен туысқандық қарым-қатынастың орнығуына мүдделілік танытып келеді. Қазақ халқы да түрікті кеудесінен кері итермеді. Түрік бауырларымызға елімізден жұмыс беріп отырмыз. Мұнай-газ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында жұмыс істейтін түрік бауырларымыз көп. Осы арқылы бастапқыда Түркия Қазақстанға, ал енді ұлттық экономикамыз өркендеген тұста Қазақстан Түркия экономикасына қомақты инвестиция сала бастады. Рухани, мәдени әріптестік те айрықша қарқынмен дами түсуде. Түркияның ұлттық көшбасшысы Ататүріктің келбетті ескерткіші Астанада бой көтерді. Бұл – қазақтың түріктің ұлттық көшбасшысына құрметі.
Түркия Президенті Абдулла Гүл бауырымыз Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды экономикасы қуатты, әлеуетті мемлекет ретінде әлем елдеріне, әлем экономикасына кіріктіру идеясын қолдап, саясаткерлігіне әр кез тәнті болатынын жасырған жоқ. Өткен жылы Нұрсұлтан Назарбаевты түркі елдерін біріктірудегі қажырлы еңбегін бағалап, түркі әлемінің көшбасшысы деген атаққа лайық деп таныған еді. Сол ұсынысын күні кеше ер түріктің алтын бесігі – киелі Түркістанға сапары кезінде және бір рет қайталап, айғағы ретінде айшықты асатаяқ ұсынды. Енді Анкара қаласында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші ашылатындығын жария етті.
Бұл – түрік халқының қазақтың бірегей тұлғасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметі. Елбасымызға көрсетілген құрмет – Қазақ еліне құрмет. Елбасымыздың мерейі – еліміздің мерейі. Елбасымыздың асқақ абыройы – еліміздің абыройы. Ер түріктің балалары міне, бір-бірін осылай қолтықтан демеп, бір-біріне лайықты құрмет көрсетіп, бір-бірінің мерейін тасытты. Бұл – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем таныған саясаткер екендігінің тағы бір бұлтартпас дәлелі.
КӨҢІЛІМІЗГЕ ҚУАНЫШ ҰЯЛАТТЫ
Үнал ӨЗТҮРІК, “KATEV” халықаралық қоғамдық қорының президенті.
Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бері екі туыстас ел арасындағы мәдени, тарихи және экономика, білім саласындағы күннен-күнге дамып келе жатқан тығыз байланыс осы сөзіміздің айқын дәлелі болса керек.
Күні кеше ғана сапармен Түркияның Президенті Қазақстанға келгенінен барша жұртшылық хабардар. Сапар барысында Абдулла Гүл мырза өз ұлтының жарқын болашағына өлшеусіз еңбек сіңірген түрік халқының сүйікті перзенті Ататүріктің Астана қаласындағы ескерткішіне тағзым етті. Сондай-ақ Астана қаласындағы “Нұр Орда” қазақ-түрік лицей-мектебіне атбасын тіреді. Соңғы үлгіде салынып, озық технологиялармен қамтамасыз етілген мектеп қызметіне дән риза болды.
Түркия басшысы Астана қаласында Ататүрікке арнап ескерткіш орнатылуы – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің сарабдал саясаты екендігін атап өтті. Мұндай өткенімізге көрсетілген құрмет екі туыс халықтың арасындағы байланысты одан әрі дамыта түсуіне себеп болатынына сенім білдірді. Абдулла Гүл мырза Түркияның астанасы Анкара қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа ескерткіш орнатылатынын айтты. Бұл біздің көңілімізге қуаныш ұялатты.