Егемен Қазақстан • 23 Желтоқсан, 2022

«Egemen Qazaqstan» тілшілері сауаттылықтарын шыңдады

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газеті мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бірлесіп, «БАҚ және жазба тілі: сауаттылықты шыңдау» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Egemen Qazaqstan» тілшілері сауаттылықтарын шыңдады

Zoom платформасы арқылы онлайн форматта өткен ғылыми-тәжірибелік семинарға  А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фасылжан, институттың бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Нұргелді Уәли, институттың бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Айман Алдаш, ф.ғ.д., профессор Құралай Күдеринова, ф.ғ.к., ғылыми қызметкер Айнұр Қаршығаева,  ф.ғ.д., доцент Қыздархан Рысберген, профессор Бағдан Момынова, ф.ғ.к., жетекші ғылыми қызметкер Сәрсенбай Құлманов, кіші ғылыми қызметкер Еркін Бесіров, «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, бас директордың орынбасары Қамбар Ахмет және редакция тілшілері қатысты. 

Екі сағатқа созылған мазмұнды кездесуде отандық БАҚ саласындағы өзекті мәселелер кең әрі ашық талқыланды. Сарапшылар газет беттерінде кездесетін грамматикалық және стилистикалық қателерді талдап, журналистердің сұрақтарына жауап берді. 

Семинар барысында сөз сөйлеген профессор Айман Алдаштың айтуынша, бүгінде отандық БАҚ саласында «Egemen Qazaqstan» газеті айрықша беделге ие.

- «Egemen Qazaqstan» - публицистикалық стильде қазақ сөзінің байлығы мен тілдің өміршеңдігін, әлеуетін танып келе жатқан, тілді насихаттайтын, емле нормалары сақталатын, осы арқылы жоғары сауаттылықтың орнығуына мол үлес қосатын басылым», - деді профессор.

Айман Алдаш атап өткендей, жазба тілінде орныққан ережелер мен емлелер күнделікті өмірде де дұрыс сақталмайды. Басылымдағы қателер оқырмандардың сауаттылығына тұтас әсер етеді. Сондықтан журналистердің сауаттылығын көтеру - қазіргі қоғамдағы өзекті мәселе.

Бұдан соң, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Грамматика бөлімінің меңгерушісі, профессор Бағдан Момынова журналистермен тұщымды әңгіме құрып, калька аудару, мәтіндегі этиканы сақтау, жалпы стилистика бойынша ұсыныстарын айтты.

Сондай-ақ конференция барысында Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Сәрсенбай Құлманов газеттерде терминдердің қолданылуы туралы баяндама жасады. 

Айта кетсек, бас басылым тілшілеріне «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» сайты таныстырылды. Аталған сайтта қазақ тілінің электронды мәтіндік қоры жинақталған. Платформадан сөз бойынша іздеу жүргізіп, сол сөз қолданылған сөйлемдердің тізімін және олардың дереккөзін көруге болады.