07 Маусым, 2014

Әбілхан әлемі

3520 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
әбілхан қастейӘбілхан Қастеев шығармаларына терең бойлау үшін Алматыдағы Мемлекеттік өнер музейінде болып, суретшінің еңбектерімен түпнұсқадан көріп танысу бір ғанибет. Жоғары талғаммен ілінген экспозиция көрінісі бекзат өнердің тылсым сырына жол ашады.  «Өнерді түсіну үшін өнер туралы білімің болсын», деген өте дұрыс қағида, онсыз қыл­қалам құдіретін түсіну қиынға соғады. Сурет­ші қоршаған орта мен қоғамдағы құбы­лыстарға көзқарасын бояу тілімен баян етеді. Домбырашы өмір туралы толғанысын күймен, қос ішек үнімен жеткізсе, биші мың бұралған қимыл-қозғалыспен, әнші ән-әуез ырғағымен жеткізеді. Хас шебердің бояуы сиқырлы үйлесімімен көрерменін сезім тұңғиығына тартады. Кенеп бетіне жағылған түйдек-түйдек бояу іздері үздіксіз қозғалыстағы өмір атты жарық дүниенің әсем сазды көрінісін, табиғат сұлулығын өзгеше көзбен, суретші көзімен саралап, өмір, адам, заман, қоғам жайлы ой түйеді. Заман алға дамып, адамзат ақыл-ойы қанша жетілгенмен, ғылым мен техника көк­жиегі шырқау биікке көтерілгенмен суретші қылқаламы мен ақын сиясының құдіретін ешқандай күш ауыстыра алған жоқ. Ежелгі заманғы адамзат ақыл-ойының керемет туындысына таңырқай қарай беретініміз сондықтан. Өнердің ұлы туындысын тот баспайды, керісін­ше, өмір алға жылжыған сайын құны арта түседі. Ұлы Абай мен Шоқанның, Пушкин мен Лермонтовтың ақ қағазға жазған сөзі қандай қымбат болса, Әбілхан Қастеевтің де әр салған суреті, қадірлі рухани қазынасы уақыт атты ұлы төрешінің сынынан мүдірмей өтті. Голланд суретшісі Рембранд ван Рейннің өмірі туралы көркем фильмдегі экскурсия жетекшісінің мына бір айтқан сөзі еске оралады: «Рембрандтың «Әулие Лука» картинасының құны күн сәулесімен пара-пар», бұл өнерге деген аса биік талғамды көрсетеді. ...Немістің ұлы ақыны Гете өмірмен қош­тасар сәтінде Париждегі Лувр мұражайындағы ежелгі дүние мүсіншісінің «Афродита Милосская» мүсінінен көз алмай ұзақ қарап отырып, көзіне жас алып кемсеңдеп жылаған. Мұның өзі бекзат өнердің хас туындыларына деген Еуропа жұртының құрметі деп түсінеміз. Бейнелеу өнерінің барлық жанрында қалам тербеген ұлы суретші шығармашылығына көз жүгіртіп көрейік. Кастееев Алтын астык Кастеев-12 Кастееев-7 Суретші табиғат-ананың өте бір көркем жері – Шежін өзенінің аңғары жағасында дүниеге келген. Балалық, жастық шағы өткен асқар таулар, көкпен тілдескен зеңгір құз жартас­тар, биік беткейлердегі арша мен қарағайдың кілемдегі өрнектей тізілген сұлулығы болашақ суретші жүрегінің қылын шерткендей, өзіне тартып, баурағаны табиғи құбылыс десек, артық әсірелеу емес. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, суретші шығармаларындағы көгілдір мұнарға шомылған Шақпақты тау жотасының жарықпен, көлеңкемен, күннің нұрымен көмкерілген, көз­арбайтын мың сан бояу­лар қоспасынан тұратын көрінісін әсем әуезді музыкалық нотаға теңеуге болады. Қолындағы палитра деп аталатын жазық тақтайша бетінде бояу құрамын қалай іздеп таба қояды? Егер де осы әуезді бояу түстерінің бір нотасы түссе, фотосуреттен айырмасы болмас еді. Қас-қағым сәттегі бояу реңін жадында сақтап, сиқырлы түсті дәл орнына қоя білу де кез келген суретшінің қолынан келе бермейді. Суретті әркім-ақ салуы мүмкін, ал сыршыл суретші болу нағыз табиғи таланттың үлесіне тиесілі. Әбілхан Қастеев салған суреттерге үңіле қараған өнер зерттеуші ғалымдар осы күнге дейін таңғалатын бір жұмбақ сыр бар. Тауда өскен қойшы бала Әбілханның сурет өнерінің терең иіріміне академиялық дайындықсыз-ақ табиғи дарын қуатымен бойлауы тәнті етеді. Суретшілер тілімен айтқанда, «құдай берген талант, дарын құдіреті» деп түсінеміз. Портрет жанры – ең күрделі саналатын қиын өнер. Бұл саладағы алғашқы талпынысын суретші өзінің бет-бейнесін бейнелеу арқылы: «Осы мен кіммін? Сурет өнеріне шынымен өз өмірімді бағыштай аламын ба?» деген сансыз сұрақ қоя отырып, «Автопортрет» туындысын жазған. Тұмағын баса киген, тесіле қараған көз жанары, қас-қабағы, кеберсіген ернін жымқыра қысып алыпты. Тура қарағандағы мұрын піші­ні, сәл шығыңқы жақтың бітімі қайтпас-қайсар мінезді айтып тұрғандай, маңдайдағы сәл көтеріл­ген тұмақ астындағы толқынды қос сы­зық тауқыметті өмір жолының қиындығын сез­ді­реді. Суретші өзімен өзі сұхбаттасқандай әсер қалдырады. Қой көздері әрі нәзік, әрі ойлы, ай­тқан мақсатына жетпей қоймайтын қайсар жан­­ның ұлы өнердің әліппесін ашар сәттегі шамыр­қанған, өнер сапарына дайындық сәтін көреміз. Ұлы голланд суретшісі Винсент Ван Гог салған «Автопортрет» картинасы еске оралады. Көнетоз жарғақ тұмағын басына киген, сол құлағын ақ орамалмен қатты таңып байлаған, аузындағы темекі түтіні будақтаған, өмір қасіретін көп көрген азапты тағдырына наразылық ретінде салынған қасіретке толы осы бейнесімен қиындыққа төзімді жанның қайсар мінезін көрсеткен еді ғой. Екі ұлы суреткердің шығармаларындағы сәйкестікке таңданасың. Әбілхан портрет жанрында психолог-суретші деңгейіне көтерілді. Осы асыл қасиеті кейінгі атақты портрет туындылары – «Амангелді Иманов», «Шоқан Уәли­ханов», «Абай Құнанбаев» полотноларын жазуға негіз болды. Тұрмыстық жанр саласында туған халқының болмысын қаз-қалпында аса сүйіспеншілікпен бейнелеген оның, атап айтқанда, «Мектепке», «Киіз үйдің ішкі көрінісі», «Соңғы хабарлар», «Кенен Әзірбаев», т.б. картиналарындағы қара­пайым ауыл адамдары, олардың жүріс-тұрысы, маңғазданған отырысы, күй тыңдаған сәттегі қимыл-қозғалысы әрі қызық, әрі езуге күлкі ұялатады. Суретші персонаждарына сүйсіне қарайсың. Кенен атаның домбырамен ән салған сәті қандай? Қомақты кесек мұрны, шығыңқы жақ пішіні, аппақ сақалы қандай жарасымды. Домбыра ұстаған салалы саусақтары халық шерін тарқатып, тыңдаушыларының ішкі әлемін, жан сарайын қоңыр әуенмен бау­рап алған. Сонау алыстағы көгілдір сағым ойнаған дала келбеті ән мен күйге тербеліп тұрғандай. Сонау әріде мама ағашқа байлау­лы аттар, киіз үй айналасында самаурын тұтатқан ақ кимешекті әйелдер, одан әріректе өрісте жайылған табын-табын мал, қойшы үйінен будақтай шыққан қою түтін бұл өңірдің қазақы қонақжай салтын паш етіп тұр. Әбілхан Қастеев Еуропа және орыс сурет өнерінің озық ізденісті танытатын ерекше қасиетін бойына сіңірген, кез келген таңдаулы туындысы көп еңбектенумен ізденістің нәтижесінде дүниеге келгені байқалып тұрады. «Қапшағай су электр станциясы» картинасында негізгі мақсат алып құрылысты ғана көрсету емес, табиғаттың романтикалық көрінісі, биік жота жолдар, терең шатқал, қызылкүрең құз, жар қабақтар, бір белестен соң тағы бір белес, түйе өркеш төбелер алма-кезек ауысып отырады. Сонау көз ұшындағы көгілдір мұнар сағым ішінен Іле Алатауы көк аспанмен астасып, көк мұнарға айналып, алыстан мен мұндалайды. Көрермен көңілінде дәл осы сәт ұлы күйші Құрманғазының серпінге толы, тереңге толғайтын асқақ рухты «Алатау» күйін тыңдаған сәттегідей ерекше сезімге бөлен­есің. Суретші шығарманың көлеміне де аса мән берген. Биіктігі – 180 см, ені 120 см. монументалды картинаның әсер күші де ауқымды. Картинаның көк аспанмен тілдесер тұсы көрерменнің шалқайып қарауына, көк зеңгірдің шексіз кеңістігін түйсінуіне мұрсат береді. Суретшінің ең көп еңбек еткен саласы пейзаж жанры екендігі акварель бояуымен салынған суреттерінен айқын аңғарылады. Қолданылуы күрделі сулы бояу тілін шебер меңгергендігімен көрерменін тамсандырады. Өзінің туған ауылы Шежіннің әсем сұлулығын «Шежін өзенінің аңғарында» еңбегінде көрсетеді. Биік жарқабақтан еңіске қарай түсе берістегі ұзыннан-ұзақ созылған тау жолы бірте-бірте шоқ терекке қарай созылып жатыр. Шежін өзенінің аңғары, қоңыр-қошқыл бұйра талдармен тұтасып, көз арбайды. Бірде тасып, бірде бәсеңдей ағатын өзен арнасындағы қойтастар ақшыл-бозғылт болып көрінеді. Өзеннің бергі жағасындағы саздаққа жайылған мал таулы өңірдің сәнін келтіріп тұр. «Жайлау көркі – мал» деген қазақ мақалы осындайда айтылса керек. Жол бойында кетіп бара жатқан адамдар бейнесі алыстан еміс-еміс байқалады. Басын қар басқан зеңгір тау­лар тәкаппар өр мінезімен сұстана қарайды. Тау етегіндегі терең сайлар салаланып ерекше көрінеді. Сарғыш қоңырқай төбе қандай әсем еді. Бұл көрініске тамсанып та, таңғалып та қарай бересің... Таудан соққан самал жел, төбе беткейдегі бозғылт жусанның жұпар иісін сезінесің. Картинаның өн бойындағы бояу түстері суретшінің терең сезіміне құрылған, ішкі ойлы парасатын көрсетіп тұрғандай. Осы орайда суретшінің замандасы Сахи Романовтың мына сөзі еріксіз еске оралады: «Әбілхан Қастеев өмірдің өзінен, «натурадан», бәрінен озды. Натура суретшіні тез өсіреді». Әбілхан ағаның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында суретші үйінде болған кезде Сақыш апамыз Әбекеңнің өмірінің соңғы кезіндегі салған, омырауы орден-медальға толы «Автопортретін» көрсетіп: «Суретшілер «бұл жақсы туынды екен» деп мақтады. Мен өзім бұл суретті қай кезде салғанын байқамаппын», – деп аса бір қимастықпен еске алып еді (...бір таңғаларлығы, осы сурет каталог кітаптарында, баспа беттерінде көрінбей-ақ келеді). Көргенім мен білгенімнің бәрін қорыта келе, суретші шығармашылығы жайында мынан­дай ой түйдім: «Табиғи дарын мен қажымас еңбек өмірдің өзімен тоғысқанда ғана хас суреткер – шығармашылық адамы қалыптасады екен». Ақан ОЙМАУЫТОВ, Қазақстан Республикасы Көркемсурет академиясының академигі. Алматы облысы, Панфилов ауданы.