● «Самұрық-Қазына» биыл құны 3 млрд. долларды құрайтын 16 жобаны iске қосады. Қазірдің өзiнде мұнда 10 мың жұмыс орны құрылған. Ал 2015-2016 жылдары 23 млрд. долларлық 40 жоба жүзеге асып, оған 9,5 мың жұмыс қолы тартылады.
● Жезқазған кен орындарындағы геологиялық барлау жұмыстарына 25,1 млрд. теңге бөлінеді. Ол Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында атқарылатын шараларды қаржыландырады.
● Күршім ауданында Отан соғысы ардагерлеріне арналған форум аяқталды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған шара енді аймақтың басқа өңірлерінде өзінің жалғасын тауып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қорытындысын шығарады.
● Қызылордада Сырдария өзені үстіндегі жаңа көпірдің құрылысы басталды. Кеше іргетасы қаланған бұл шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, жаңа өткел дарияның сол жағалауын дамыту ісінің бастауы болатынын айтты. Нысан құрылысы аяқталысымен, өзеннің қарсы бетінде жаңа зәулім ғимараттар бой көтеретін болады.
● Шымкенттегі Қошқар- ата өзенінде жаңа демалыс орны қатарға қосылды. Оның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов 12 гектар аумақты алатын мекендегі арна бойымен балалар және спорт алаңдары келушілерге қызмет ететінін әңгімеледі.
● Қостанайда «Агробизнес-2020» бағдарламасына несие берудің тұсаукесері өтті. Облыста бұл салада қой және жылқы шаруашылықтарын дамыту басыңқы бағыт алып отыр. Несие сызбасында мәселенің осы жағы ескерілді.
● Алматыда 18 970 бала жазғы лагерьлерде демалатын болды. Бұлардың бәрі бірінші сауықтыру кезеңінде мектеп жанындағы тынығу мекендеріне барады. Олардың ішінде 156 лагерьде 11 632 бала ыстық тамақпен, 8 лагерьде 834 бала күндізгі ұйқымен, 19 лагерьде 7 338 бала ойын алаңымен қамтылған.
● Жамбыл облысының әкімі отбасы тектес балалар үйіне шағын автобус сыйлады. Осыған разы болған 15 балалы мекеннің иелері, ерлі-зайыпты Алексей және Наталья Тимофеевтер Кәрім Көкірекбаевқа алғыс сезімдерін білдірді.
«ҚазАқпарат», BNews.kz, Аltaynews.kz, Аlau.kz,
Egemen.kz агенттіктері мен «Знамя труда» деректері
бойынша дайындалды.