Қоғам • 27 Желтоқсан, 2022

Қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау ережелері өзгереді

365 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық мемлекеттік төлемдер мен әлеуметтік қызметтер проактивті форматта тағайындалатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау ережелері өзгереді

«1 қаңтардан бастап төлемдер мен әлеуметтік қызметтердің барлық түрлері проактивті форматта көрсетіледі. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері арқылы көрсетілетін бірқатар қызмет интеграция аяқталғаннан кейін кезең-кезеңімен көшіріледі», деді Т.Дүйсенова Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік қолдау проактивті форматта көрсетіледі.

«Яғни азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен әлеуметтік көмек ақпараттық жүйеде бар деректер негізінде тағайындалады. Қазіргі қағаз түріндегі құжаттар жүйеден біртіндеп алынады»,  деп толықтырды министр.

Айта кету керек, мемлекеттік қолдау толығымен проактивті форматқа ауысады деген нормалар жаңа Әлеуметтік кодексте қамтылған. Кодексті бүгін, 27 желтоқсанда Үкімет бекітті.

Цифрлық карта аясында әлеуметтік қолдау қажеттілігі ақпараттық жүйе арқылы анықталады. Яғни азамат мемлекеттік қолдауды тиісті органдарға жүгінбей-ақ ала алады. Бұл қажеттілікті мемлекет өзі анықтайды және барлық процедураларды автоматты түрде орындайды.

Сонымен қатар қаңтар айынан бастап бала күтімі бойынша төлемдер бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылады. Жұмысынан айырылғандар үшін төлемдер орташа айлық табыстан 45 пайызына өседі.