Бұрнағы күні Астанада еліміз Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен “KADEX- 2010” бірінші қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктердің халықаралық көрмесі басталды. Оның ашылу салтанатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен елімізге ресми сапармен келген Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл арнайы келіп тамашалады.
Аталмыш көрме Әскери әуе күштерінің елордадағы авиациялық базасы аумағында ұйымдастырылып отыр. Көрмені ұйымдастыруға негізгі ұйытқы болған “Астана-Экспо КС” көрме компаниясы. Халықаралық көрмеге Австрия, Беларусь, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Қытай, Корея, Ресей, Словакия, Түркия, Украина, Франция, Чехия секілді өзге де елдердің кәсіпорындары қатысуда.
Әлемнің 20 елінен келген 200-ден астам компания өздерінің қару-жарақ және әскери техника, ІT-технологиялар, байланыс, құрылыс және медициналық мүліктерін көрермен назарына ұсынды. Көрменің маңызды бөлігін Қазақстан Қарулы Күштерінің қажетіне сай тауар өндіретін отандық кәсіпорындардың өкілдері құрап отыр. Қазақстан тарапынан өз өнімдерін көрменің арнайы демеушісі “Казахстан инжиниринг” ұлттық компаниясының бірнеше еншілес кәсіпорындары ұсынды. Көрменің басты мақсаттарының бірі отандық кәсіпорындардың мүмкіндіктері мен келешегін, олардың Қазақстан Қарулы Күштері, өзге де әскерлер мен әскери құралымдардың сұранысына сәйкес дамуын сараптау болып табылады.
– “KADEX-2010” көрмесі біз үшін республикаға әскери және арнайы өнімдер шығаратын шетелдік ірі кәсіпорындарды тартуға мүмкіндік тудырып отыр, – деп атап өтті еліміз Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков. – Көрмеге қатысатын беделді халықаралық құрам отандық өнеркәсіпті дамыту мен ғылыми-техникалық базаны жетілдіруге зор ықпал етеді.
Қазақстан Қорғаныс ведомствосы басшысының шақыруымен көрмеге Қытай, Иран қорғаныс министрлері мен Оңтүстік Корея қорғаныс министрінің орынбасары келді. Сонымен қатар көрмеде Ресей Федерациясы, Беларусь, Украина республикаларының іргелі қорғаныс-өндірістік компанияларының басшылары да болды.
“KADEX-2010” қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі шеңберінде конференциялар, семинарлар, тұсаукесерлер мен дөңгелек үстелдер өткізілуде. Оған Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылымдық бөлімшелері, кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандары, сондай-ақ, отандық және шетелдік кәсіпорындардың өкілдері қатысуда.
Көрменің ашылу салтанатынан кейін оған қатысушылар мен тамашалаушы қонақтар үшін еліміздің Қарулы Күштері арнайы бөлімдерінің жауынгерлік техника үлгілерін көрсетуге арналған көрсетілім бағдарламасы ұсынылып, жиылған жұртты тәнті етті. Әуе қорғанысы күштерінің ұшу топтары, СУ-27 және Миг-29 ұшақтарымен жоғары санаттағы ұшқыштар өз өнерлерін таланттарымен барынша ұштастырып, көрме қонақтарын таң-тамаша қалдырды. Құрметті қарауыл ротасы мен қазақстандық бронды техникалардың жоғары техникалық мүмкіндіктері де көпшілік назарын аударды. Аэроұтқыр әскерлердің десантшы жауынгерлері парашютпен секіріп талайды тамашаға бөлегені айбынды армиямыздың шыңдалған сарбаздарының жауынгерлік ерекшеліктерін жаңа қырынан көрсеткендей.
Осы күні еліміз Қорғаныс министрінің және арнайы келген компаниялар өкілдерінің қатысуымен “Көрме” орталығында “Қарулы Күштерді технологиялық модернизациялау және Қазақстан Республикасы қорғаныс-өндірістік кешенінің дамуы” тақырыбында халықаралық әскери-техникалық конференция өтті. Жиынға қатысушылар мемлекеттік әскери-техникалық саясат шеңберінде Қазақстан армиясының техникалық жабдықталуының болашағын, сондай-ақ, Қазақстанның және басқа да елдердің қорғаныс-өндірістік кешенін интеграциялау мүмкіндіктерін талқылады.
Айтулы көрменің салтанатты жабылу рәсімі ертең қорытындыланбақ.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ