Экономика • 28 Желтоқсан, 2022

«7-20-25» бағдарламасы жалғасады

640 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздегі ең танымал ипотека – «7-20-25» бағдарламасы 2029 жылға дейін жалғасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ұлттық банк осындай шешім қабылдады. Осылайша, көпшіліктің «тиімді бағдарлама жұмысын тоқтатпаса екен» деген тілегі орындалып отыр.

«7-20-25» бағдарламасы жалғасады

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Бағдарламаның негізгі талаптары сақталғанымен, бір­қатар өзгеріс те бар. Мәселен, қар­жы­ландыруға лимит енгізілді. Енді бағдарламаға жылына 100 млрд теңге бөлінеді. Тиісінше, әділдік қағидатын сақтау үшін «7-20-25» ипотекасын тек бір рет алуға болады. Яғни бұған дейін «7-20-25»-пен баспана алған адам енді бұл бағдарламаға қатыса алмайды. Бұл тиімді ипотеканың шынымен мұқтаж азаматтарға берілуі үшін керек.

Сарапшы Айбар Олжаев­тың пікіріне қарағанда, бағдарла­маның жылдық лимиті коммер­циялық нарықты бұзбайды. «Бұған дейін сарапшылардың көбі база­лық мөлшерлеменің жоғары­лығы жағдайында «7-20-25» секілді төмен мөлшер­ле­мелі (мемлекет арқылы субси­дия­ланатын) мемлекеттік бағдарла­малардың нарықтық қарым-қатынастарды бұзып, банктердің коммерциялық ипотеканы дамытуына кедергі келтіретінін алға тартып келген еді. Енді «7-20-25» арқылы бір жылға берілетін 100 млрд теңге нарыққа анау айтқандай әсер ете алмайды. Өйткені бұл сома теңізге тамған тамшыдай ғана», деді ол.

2022 жылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша «7-20-25» бағдарламасы аясында 852,2 млрд теңгеге 64 146 жеңілдетілген қарыз берілді. Бағдарлама 2018 жылы іске қосылған болатын.