Саясат • 28 Желтоқсан, 2022

Сайлау жүйесі: Әділдік пен ашықтыққа ұмтылыс

879 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғы­ру жолы» Жолдауында еліміз­дегі сайлау үдерісін жаңғырту қажеттігіне тоқталып: «Халық­аралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратыны белгілі, яғни әділ және ашық сайлау өткізу үшін тиімді шешім іздеудің маңызы зор. Демократия тарихы дегеніміз – ең алдымен, сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Сондай-ақ сайлау заңнамаларының сақталуын бақылау тарихы деуге болады» деген еді. Осы орайда жуырда өткен кезектен тыс президент сайлауы еліміздің сайлау комиссияларының біртұтас жүйесіне елеулі сын болғаны анық.

Сайлау жүйесі: Әділдік пен ашықтыққа ұмтылыс

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Референдуммен сабақтас сайлау

Биыл маусым айында өткен бүкіл­халықтық референдумда халқымыз Мемлекет басшысының әділетті Қазақ­стан орнату мақсатымен ұсынған конс­титуциялық реформасын толығымен қолдағаны мәлім. Тіпті Қазақстандағы саяси іс-шараларға әдетте сыни көзбен қарап, сенімсіздік білдіріп тұра­тын Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық жөніндегі ұйымның Демо­кратиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) референдумды байқау миссиясы (РБМ) өзінің қорытынды есебінде: «Қасым-Жомарт Тоқаев халық­тың «Жаңа Қазақстанды», соның ішінде президенттіктің ықпалын азайтып, басқа институттарды нығайту мақсатында мемлекеттік билікті қайта бөліп теңестіру жөніндегі ұсыныстарын қолдауына арнап ұсынылған конституцияның 33 бабына өзгерісті бекіту жөніндегі референдумды міндетті түрде өткізуге шақыр­ды. Жыл басындағы Қаңтар оқиғасы кезіндегі саяси сілкіністер мен зорлық-зомбылық әрекеттерден кейін қолға алын­ған конституциялық өзгерістер енгізу бастамасына ЕҚЫҰ/ДИАҚБ РБМ мүшелері сөйлескен адамдардың көбі қолдау білдірді», деп атап көрсетті.

Осы орайда Мемлекет басшысы­ның кезектен тыс президент сайлауын өткізу бастамасы қисынды шешім болды. Биылғы 1 қыркүйекте Парламент депутаттарының алдында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын жариялаған Президент: «Конституциялық реформа жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Мен биылғы күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстан құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет», деп мәлімдеді.

Мемлекет басшысы ұсынған тағы бір тосын да өте маңызды жаңашылдық – Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеп, оның қайта сайлануына тыйым салу. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешіміне Парламент те, халық та қолдау білдірді. Себебі екі мерзімге сайлану мүмкіндігі бар Мемлекет басшысы жоғарғы билік тізгінін қолына алысымен мемлекеттің стратегиялық міндеттерін іске асыруға жан-тәнімен жұмылудан гөрі келесі сайлаудың қамын көбірек күйттеп, «пиармен», яғни өзіне жарнама жасау­мен айналысып кететінін Еуропаның кейбір елдерінің мысалынан көріп жүрміз. Ал 7 жыл – кез келген сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті мерзім. Осы жаңашылдық бір адамның елді басқаруының максималды ұзақтығын үш жылға (10 жылдан 7 жылға дейін) қысқартатыны да көңілге қонады.

Сөйтіп, қоғамдық-саяси өмірде әбден пісіп-жетілген көкейкесті мәселелердің түйінін тарқатуға бағытталған саяси реформаларды дәйектілікпен жалғастырып келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беруге қатысқан 8 278 570 сайлаушының 6 456 392-нің, немесе 81,31 пайызының дауысын алып, сайлаудың бірінші турында-ақ айқын жеңіске жетті. Сайлауға қатысуға құқығы бар Қазақстан азаматтарының жалпы саны 11 953 465 екенін ескерсек, олардың 54 пайыздан астамы іс басындағы Президенттің кандидатурасын жақтап дауыс берген болып шығады.

Алматы – елімізде өткізілген сайлау­ларда ежелден ең белсенділігі төмен қала. «Оңтүстік астананың» сайлаушы­лары осы жолы да қалыптасқан әдет­терінен жаңылмай, небәрі 28,72 пайызы ғана дауыс беруге қатысты. Соның ішінде дауыс бергендердің 67,31 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады.

Ал өзге 5 кандидатқа республика бойынша 1 023 601 сайлаушы қолдау көрсетті. Бұл – дауыс беруге қатыс­қан барлық азаматтың 12,89 пайызы. Сондай-ақ 460 484 сайлаушы, яғни дауыс берген азаматтардың 5,8 пайызы 6 кандидаттың бәріне қарсы болды.

Сонымен қатар ел бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген 11 953 465 адамның 3 674 895-і, яғни бар­лық сайлаушының 30,74 пайызы дауыс беруге қатысқан жоқ. Пайымдап қара­сақ, жоғарыда келтірілген цифрлар демо­кратиялық даму жолына түскен Қазақстандағы пікір алуандығын айғақ­тағандай.

Дегенмен, өздерінің конституция­лық құқықтарын пайдаланбай, сайлау­ға қатысудан бас тартқан отандас­тары­мыздың осы ұстанымын құптауға болмас. Себебі француз саясаткері Шарль де Монталамбердің «Егер сіз саясатпен айналыспасаңыз, онда саясат сізбен айналысады» дегеніндей, біз саяси қызметпен айналыспасақ та, бәрібір, саясат аясында қаламыз. Өйткені саяси билік қабылдайтын шешімдер бар­шамызға қатысты. Ал бейсаясат адам өзінің немқұрайдылығы арқылы билікке ұмтылғандарға жол ашып беріп, саяси үрдеріске тікелей қатыспағанымен, жанама түрде қатысқан болып шығады. Сондықтан да өмір сүріп отырған қоға­мымызды өзгерткіміз келсе, Ата Заңда көрсетілгеніндей, биліктің қайнар көзі – халық, яғни өзіміз екенін есімізден шығармай, ел басқарудың сайлау сияқ­ты саяси іс-шараларына белсене қатысуы­мыз қажет.

Осы ретте кейбір отандастарымыздың өткен Президент сайлауында азамат­тық өнеге көрсеткенін де айтқан жөн. Мыса­лы, Атырау қаласындағы Күлбар­шын Нұржігітова жетекшілік жасайтын «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігі өз мүшелері болып саналатын мүгедектігі бар адамдар атыраулықтарды Президент сайлауына қатысуға шақыратыны бейнеленген билбордтар жасатып, көшелерге ілгізген. Ал белгілі композитор, пианист Рахат-Би Әбдісағин тек дауыс беру үшін ғана Шотландияның Глазго қаласынан 700 шақырым жердегі Лондонға сапар шегіп, өзінің азаматтық парызын орын­даған. Жалпы, әртүрлі себеппен шет мемлекеттерде жүрген Қазақстан аза­маттары жоғары белсенділік танытты.

 

Байқаушылар белсенділігі – заңдылық кепілі

Өткен президент сайлауы науқаны байқаушылардың көптігімен де ерек­шеленді. Сайлау күні дауыс беру барысын президенттікке кандидаттардың 11 мыңнан астам сенім білдірілген адамы, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардың 15,5 мың байқаушысы, қоғамдық бірлестіктердің 30 мыңнан астам байқаушысы байқады. Сондай-ақ сайлау учаскелерінде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының 1225 өкілі, 23 шетелдегі 41 БАҚ-тың 106 журналисі болып, сайлау барысын жедел жазып-көрсетті.

Президент сайлауы науқанында, әсіресе Батыс Қазақстан облысының байқаушылары айтарлықтай белсенділік танытқан. Осындағы «Жария» тәуелсіз байқаушылар қозғалысы» өңіраралық қоғамдық бірлестігінің (ӨҚБ) мүшелері Жайық өңірінің барлық елді мекеніндегі сайлау учаскелерін түгелдей қамтыған. ӨҚБ өкілдерінің айтуынша, биылғы кезектен тыс президент сайлауы барысында көп бұзушылық байқалмаған. Тек Бөрлі ауданындағы бір сайлау учаскесінің алдына қой әкелініп, үстел орнатылып, кәуап пісіруге дайындық жасалған. Ал өзге сайлау учаскелерінде дауыс беруге келген азаматтар мен балаларға шағын сыйлықтар тапсыру деректері анықталған. Олардың пікірінше, мұның бәрі – сайлаушылардың дауыс беруге келуін ынталандыру мақсатын көздеген кеңес заманының сарқыншақтары, сондықтан олардан бас тарту керек. Расында да, кейбір сайлау учаскелерінің басшылары қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңда мұндай «ынталандыру» шараларына тыйым салынбағандығын пайдаланып, көрген-білгендерін істеп келеді. Демек алдағы уақытта сайлау заңнамасын жетілдіру барысында осындай олқылықтарды болдырмау қажеттігі ескерілуге тиіс деп білеміз.

Сондай-ақ «Жария» тәуелсіз байқау­шылар қозғалысы» ӨҚБ мүшелері Орал қаласындағы №440 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталған соң ілінген дауыс беру қорытындысы туралы хаттамада 6 президенттікке кандидаттың 2-нің нәтижелері көрсетілмегенін анықта­ған. Сөйтсе, сайлау комиссиясының мүшелері осы сайлау учаскесі бойынша бірде-бір дауыс алмаған екі үміткердің аты-жөндерін хаттамаға енгізбеген екен. Бұл ағаттық аталған сайлау учаскесі бойынша дауыс беру қорытындысына еш әсерін тигізбесе де, қолданыстағы сайлау заңнамасын бұзушылық болып саналады.

Міне, осындай қырағы байқау жағдайын­да Батыс Қазақстан облысы­ның дауыс беруге қатысқан сайлаушы­ларының 82,07 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын жақтап дауыс бергенін айта кеткен ләзім.

Қазақстандағы кезектен тыс Прези­дент сайлауын бастан-аяқ байқаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық жөніндегі ұйымның Демо­кратиялық институттар және адам құ­қықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) сайлауды байқау миссиясы (СБМ) сайлау аяқталғаннан кейін жасаған мәлімдемесінде еліміздің сай­лау учаскелерінде дауыс беру тиімді ұйымдастырылып, тұтастай алғанда, рәсімдер сақталғанын атап өтті. Со­ның ішінде сайлау өткізу органдары сай­лаушыларға БАҚ-та кең көлемде ақпа­рат бергенін және сайлау науқанын теңдей көрсету туралы заң ережелері сақталғанын, Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сайлауға дайындықты заңнамада белгіленген мерзімде тиімді жүргізгенін, тікелей эфирде ашық отырыстар өткізіп, өз шешімін қабылдан­ған күні жариялағанын, мүгедектігі бар адамдардың сайлау рәсімдеріне қолжетімділігін және қатысуын арттыру бойынша бірқатар бастаманы қолға алғанын, көп рет дауыс беруге жол бермеу үшін алғаш рет учаскелік сайлау комиссияларын сайлау күні сайлаушылар тізіміне қосылған барлық сайлаушының тіркелу мәртебесін электронды үкімет порталы арқылы тексеруге міндеттегеніне құптау білдірді. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ СБМ өз байқаушылары жүргізген 1131 байқаудың 95 пайызында дауыс беру үдерісін оң бағалады.

 

Өзгерістер мақсаты – сайлаушылар сенімін арттыру

Бұрын жабық мекеме ретінде танылған ОСК биыл өзінің жұмыс стилін өзгертіп, ашық форматқа көшті. Соның ішінде ОСК төрағасы мен мүшелері биыл­ғы референдум мен кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында бар­лық өңірді аралап, аса маңызды сая­си іс-шараларға әзірлік барысын тек­серіп, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына әдістемелік көмек көрсетті. Әсіресе жаңадан құрылған Абай, Алматы, Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының тәжірибесіздігін ескеріп, оларға ерекше көңіл бөлді. Бұған қоса, олар аумақ­тық сайлау комиссияларының, мәслихаттар депутаттарының, саяси пар­тиялар филиалдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері мен бло­герлердің кеңінен қатысуымен көпте­ген кездесу өткізді. Сондай-ақ жоғары және орта арнаулы оқу орын­­дарының студенттері мен жұмыс­шы жастардың ортасында болып, уақыт жағынан еш шектеу қоймай, сұрақ қою толық аяқталғанша екі-үш сағатқа дейін созылған ашық диалог жүргізді. Бір айта кетерлігі, мұндай жиындар­ға жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау органдарының қызметкер­лері қатыстырылмай, жұртшылықтың көкейлерінде жүрген ой-пікірлерін еш­кім­нен қысылып-қымтырылмай орта­ға салуларына қолайлы мүмкіндік туғы­зылды. Жалпы, ОСК жергілікті әкім­дік­тердің сайлау үдерісіне жөнсіз араласуы­на жол бермеу мақсатында олармен тиісті арақашықтықты сақтауға жете мән бергені аңғарылды. ОСК өткізген барлық іс-шаралар, атап өтсек «Сарап­шылар кеңесі», «Жас сайлаушылар клубы», бірнеше оқыту-практикалық семинарларға қатыстым. Ашық айту керек, ешқандай формализм болған жоқ, қайта барлық пікірталастар мен дискуссиялар өте тартымды және мағыналы болды.

ОСК мүгедектігі бар азаматтар­дың сайлау рәсімдеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша назар аударды. Осы мақсатпен ОСК жанынан құрылған мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы мүшелерінің саны бұрынғы 15-тен 19-ға дейін көбейтілді және ондағы шенеуніктер саны азайтылып, олар­дың орындарына өңірлердегі мүгедек­тігі бар адамдардың үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері енгізілді.

– Шын мәнінде мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының қызметі қайта құрылып, оған жаңа леп берілді. Де-юре бар болғанымен, іс жүзінде жұмыс істемейтін заңнамалық нормаларды анықтап, тиісті шара қолдануға күш салу үстіндеміз. Айталық, өткен Президент сайлауында алғаш рет көру қабілеті нашар жандар Брайль шрифтімен дайындалған трафаретті қолданып, бюллетеньдермен дауыс берді. Барлық 10 мың 101 сайлау учаскесі осындай «Қазақ соқырлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі мамандарының көмегімен дайындалған трафаретпен қамтамасыз етілді. Сол үшін аталған қоғамдық бірлестікке алғысымыз зор, – деді ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова.

Тағы бір айта кетерлік жайт, ОСК – тікелей телеэфир арқылы көрсетілетін іс-шараларды сурдоаудармамен сүйемелдеуді дәстүрге айналдырған бірден-бір мемлекеттік орган. Осы орайда, өкінішке қарай, тіпті Парламент пен Үкімет отырыстарынан жүргізілетін тікелей трансляциялар кезінде де әлі күнге сурдоаударма қолданылмай отырғанын айта кеткен жөн.

ОСК еліміздегі сайлау үдерістеріне жастардың елеулі бөлігі немқұрайды қарайтынын ескере келе, биылғы Президент сайлауы қарсаңында ОСК жанынан Жас сайлаушылар клубын құрып, оған барлық өңірдің жас сайлаушыларының өкілдерін енгізді. Оның отырыстарында жастардың электоралдық белсенділігін арттыру мәселелері талқылана бастады.

ОСК өзінің заң шығару бастамасы құқығы болмаса да, еліміздегі сайлау үдерісімен қатар, сайлау заңнамасын да жетілдіруге мүдделі. Оның үстіне, ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық ұйымдардың орынды ұсынымдарын іске асыру да заңнаманы жетілдірумен байланысты. Осыған орай, ОСК жанынан биыл кеңесші орган ретінде Сарапшылық кеңес құрылып, оған белгілі заңгер-ғалымдар және аумақтық сайлау комиссияларының тәжірибелі төрағалары енгізілді. Оның алғашқы отырысында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ РБМ-ның Қазақстанда биылғы маусымда болған референдум жөніндегі қорытынды есебі қызу талқыланды. Сарапшылар мұндай маңызды құжатты ашық талқылау мүмкіндігі өздеріне алғаш рет берілгендігін ризашылықпен атап өтті.

Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес келесі жылдан бастап аумақтық сайлау комиссиялары кәсіби негізде жұмыс істеуге көшетіні де – өте маңызды жайт. Бұл шара аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, сайлау үдерістерінің кәсіби жоғары деңгейде, әділ де ашық өтуіне оң ықпалын тигізеді деп ойлаймыз.

– Өз басым аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері – өздеріне тапсырылған жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқаратын, азаматтық ұстанымдары берік, нағыз мемлекетшіл адамдар деп санаймын. Солардың ішінде Ақтөбе және Қостанай облыстық сайлау комиссияларының бұрынғы төрағалары Гүлнәр Күнбаева мен Антонина Маркованың жарқын бейнелері әрдайым жадымызда сақ­талады. Олар 2019 жылғы Президент сайлауы кезінде қатты науқастанып жүрсе де өз міндеттерін ақырғы демдері қалғанша абыроймен атқарып, қай­тыс болды, – деді ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина. Ал біздің есімізге 2016 жылы болған Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы науқаны кезінде Қостанай облысындағы Денисов аудандық сайлау комиссиясына мүше болған бір жігіт қатты боран соғып, жолдар жабылып, көлік қатына­сы тоқтап қалғанда қыруар жердегі ауыл­дардың сайлау учаскелеріне дауыс беру бюллетеньдерін шаңғыға мініп апарып бергені түсті. Оны осылай істе деп ешкім де қыстаған жоқ еді...

 

ТҮЙІН. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров бір сөзінде: «Орталық сайлау комис­сиясы өз жұмысын заманауи бұқаралық коммуникация құралдарын пайдалана отырып, барынша ашық жүргізуді көздеп отыр. Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес халықтың әртүрлі топтарымен ашық диалог жүргізіп, оның барысында айтылған сыни ескертпелер мен ұсыныстарды сайлау процесін және сайлау заңнамасын жетілдіру мақсатында жете ескеретін боламыз. Біз үшін ең бастысы – сайлаушылардың еліміздің сайлау жүйесіне сенімін арттыру», деген екен.

Біздіңше, биылғы ОСК ұйытқы болған оң өзгерістер – еліміздің сайлау жүйесіндегі әділдік пен ашықтыққа ұмтылыстың айғағы.