Жылына 80 млн-нан аса доллар тұқым импортына жұмсалады
– Дархан Серікұлы, биыл қанттың қат болуы, кейбір өнімдердің қатты қымбаттауы сияқты жағдайлар азық-түлік қауіпсіздігінің көңіл көншітерлік күйде емес екенін көрсетіп берді. Осыдан келіп халық арасында дүрбелең туып, бұл Үкіметтің басты күн тәртібінде қаралды, Президент екі министрге сөгіс жариялады. Сол жиында Мемлекет басшысы еліміз импортталған тұқымдарға өте тәуелді екенімізді, картоп және қант қызылшасы тұқымдарының өзімізден шығатыны 10%-дан да аспайтынын атап айтты. Бұл біздің аграрлық ғылымның артта қалғанын аңғарта ма?
– Аста-төк өнім алу, молшылыққа кенелу ең алдымен егілетін тұқымның сапасына байланысты. Өкінішке қарай, өндірген астығымыз өзіміздікі болғанымен, ол дақылдар тұқымының басым бөлігін шет мемлекеттерден сатып алатынымыз рас. Мысалы, картоп, қант қызылшасы және басқа да көкөніс, жеміс-жидек, майлы дақылдардың отандық тұқым селекциясы 10%-дан да аспайды. Қалғанын шетелден импорттауға мәжбүрміз. Бұл ретте жұмсақ күздік бидайдың 49,6%, қатты бидайдың 36,5%, арпаның 65,3% тұқымы елімізде өндірілетінін айта кету керек. Осы өзімізден шығатын тұқымдардың үлесін арттыру үшін аграрлық ғылым саласын кешенді қолдау қажет. Сонымен қатар саланы дамытудың арнаулы бағдарламаларын түзіп, нақты тетіктерді жолға қою маңызды.
Аграрлық ғылымның, жалпы, ауыл шаруашылығы саласының дамуына қолбайлау болып отырған біраз кедергі бар. Дамыған елдерде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстардың шығынын өтеуге ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 3%-ы бөлінеді. Атап айтсақ, бұл көрсеткіш Швецияда – 3,8%, Финляндияда – 3,5%, Жапонияда – 3,04%, Швейцарияда – 2,73%, АҚШ-та – 2,84%, Германияда – 2,44%. Көршіміз Ресейде де ІЖӨ-нің 3%-ға жуығы ғылымға бөлініп отыр. Ал бізде бұл көрсеткіш бар болғаны 0,12%-ды құрайды. Оның ішінде нақты аграрлық ғылымға бөлінетіні нөл бүтін нөлден қанша пайыз екенін айтқың да келмейді. Алайда Президенттің 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында ғылымға бөлінетін қаржы мөлшері ІЖӨ-нің 1%-ын құрауға тиіс деп айтты.
Тұқым шаруашылығы туралы тақырыпқа оралсақ, еліміз жылына 80 млн доллардан аса қаржыны тұқым импортына жұмсайды екен. Бұл деректі Қазақстан тұқым өндірушілері палатасының дерегіне сүйеніп келтіріп отырмын. Яғни қаншама қаржымыз сыртқа кетіп жатыр деген сөз. Өте алаңдатарлық ахуал деуге болады. Мұнымен біз отандық ғылымды емес, шетелдікін дамытып жатқандаймыз. Қазір біздің фермерлер бұйырғанын егіп жүр. Әсіресе, қуаңшылық жылдары. Бұлай болмайды. Мысалы, Беларусь мемлекетінде бірінші репродукциядан кейін әрі қарай тағы себуге заңды түрде тыйым салынады. Ал өнімділік гектарына 41 центнерден асады. Ресейде – гектарына 39 центнер. Біз болсақ, гектарына 12-13 центнер көрсеткішпен көршілерімізбен бәсекеге түсе алмаймыз. Қазақ шаруалары тіпті жинаған өнімін сата алмайтынын айтып зар қағады. Бүгінде Ресейге әлем елдерінің есігі жабылып жатқан шақта бұл ел азық-түлік әлеуетін арттыруға барынша күш салып жатыр. Көрші елде 1 млн гектар аймаққа бір ғылыми институт құру міндеттелген. Олар бар-жоғы 8 жылдың ішінде тоқыраған аграрлық ғылымын күшейтіп, азық-түлік қауіпсіздігін әжептәуір нығайтып алды. Қалай нығайтты деген сұрақ туса, ғалымдарға тұрақты айлық бекітті; ғылыми институттар мен тәжірибелік стансалардың меншігіндегі егіс алқаптарына ерекше мәртебе беріп, заңмен қорғап қойды; тұқым шаруашылығына қажетті арнайы техникалармен қамтамасыз етті; бағдарламалық мақсатты қаржыландыру тәртібін реттеді; аграрлық салаға қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарына жарияланатын конкурстарға тек қана Ауыл шаруашылығы министрлігінің институттары мен тәжірибелік стансалары ғана қатысатын болды.
Осы ретте айта кету керек, Қазақстанда тұқым шаруашылығына қатысты гранттық қаржыландыру конкурстарына жекеменшік компаниялар, Оқу ағарту министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, тіпті шетелдіктердің де қатысу мүмкіндігі болған. Салдарынан осы шаруаға маманданған компаниялар мақсат-міндеттерін орындай алмай, қаржысыз қалады.
Мардымсыз жалақы маман тапшылығын тудырып отыр
– Шетелден келетін жаңа тұқымдар мен сорттарды сол жақта зерттеп, қолданысқа енгізетін білікті ғалымдар ғой. Біздің елімізде де осындай сапалы, жаңа сорттарды тапқан селекционер мамандар бар ма? Жалпы, агроөнеркәсіптегі кадрлық әлеуетіміз қандай?
– Осы сұрақтың ыңғайына қарай, мына нәрсені баса айтқым келеді. Елімізде тұқым шаруашылығы дамымай жатуының тағы бір себебі – Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық одаққа (UPOV) енбеуіміз. Осы конвенцияға қосылмағандықтан, шет мемлекеттердің тұқым шаруашылығындағы жаңалықтарды, технологияларын ала алмаймыз. Ол одақтағы елдердің ғалымдары өзі шығарған тұқымына роялти алады. Яғни олардың барлық құқығы қорғалады, шығарған сапалы тұқымын басқа компаниялар сатып алып, ары қарай табыс көзіне айналдырады. Ал бізге осындай компаниялардан дайын тұқым келіп жатыр. Ол тұқымдарды ары кетсе екі жыл ғана пайдалана аламыз. Егер UPOV-қа енген жағдайда біз сатып алып жатқан тұқымдарды шығарған селекционер ғалымдардың өзімен тікелей келісімге келіп, сол тұқымды өзімізде өсіруге мүмкіндік туар еді. Бұл жүйеде болсақ, біздің ғалымдар да роялти алып, өзі өсірген тұқымынан біраз пайдаға кенелер еді. Сондықтан біз UPOV-қа қосылып, ондағы жалпы ережелермен салаға қатысты заңдарымызды үйлестіру керек. Яғни мәселенің бәрі ақшаға келіп тіреліп тұрған жоқ, осындай тетіктерді де тиімді іске қоса білуіміз керек.
Біздің жетістіктеріміздің бірі – жоғары сапасымен айқындалған Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасындағы бидайдың «Айна» тұқымы. Сондай-ақ А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығының да «Шортандылық-2015», «Целинная-2014», «Ақ Орда», «Тәуелсіздік», «Солтүстіқ», Шортандылық-2017» сынды бидай тұқымдары қуаңшылықта жақсы өнім берді, бұл гектарына 17 центнерден айналды. Осы қатарға Қарағанды ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасындағы бидай тұқымдарын да қосуға болады. Бұлардың бәрі құрғақшылық жайлаған кезеңде шетелдік тұқымдарға қарағанда әлдеқайда жоғары көрсеткішке ие болды.
Ал кадрлық әлеуетіміз туралы айтсақ, мақтанарлық жағдайда емес. 1991 жылы жалпы аграрлық ғылым саласының барлық бағыты бойынша 19 880 адам жұмыс істеді, оның ішінде 6 580-і ғылыми қызметкер болды. Ал қазір ҰАО жүйесінде іс жүзінде 3 649 адам жұмыс істейді, оның 902-сі – ғылыми қызметкер. Бұл мамандардың көбінің жасы егде тартқан. Олардың ізін басатын жас мамандар жоқтың қасы. Айталық, біздің жүйеде жасы 35-ке дейінгі 245 жас ғалымымыз бар, бұл – барлық қызметкердің 6,71%-ы ғана. Сондықтан саланың болашағын ойласақ, жас мамандарды ынталандыратын тетіктерді де ертерек іске қосу маңызды.
Бір мысал айтайын. Жақында зейнеттегі ғалымды кездестірдім. Ол институтта қосымша жұмыс істейді екен. Тапқан 60 мың жалақысын лаборантқа төлейді. Сонда өзі тегін істеп жүр. Міне, осындай өз ісіне шын берілгендердің арқасында аграрлық ғылым аяғынан әзер тұр деуге болады. Саладағы маман тапшылығын тудырып отырған ең үлкен мәселе – мардымсыз жалақы. Осыдан келіп жастардың көбі аграрлық мамандықтарды таңдауға құлықсыз болады. Оның үстіне Болон оқыту жүйесі ауыл шаруашылығы мамандарын дайындаудың үдесінен шыға алмайды. Өйткені бұл жүйеге сәйкес, маман 4 жыл бакалаврда оқу керек, ары қарай магистратура мен докторантураға жалғасады. Яғни ғалым болып шығу үшін 10 жылға жуық уақыты оқуға кетеді. Болон жүйесі бойынша оқу да, тағылымдама да университет іргесінде өтеді. Аграрлық оқу орындары болса, түгелдей ірі қалаларда орналасқан. Ал одан студент тәжірибе жүзінде нағыз сапалы тұқымды шығара алатын ғалым бола ала ма? Мәселе – осында. Сондықтан ауыл шаруашылығында ғылыми дәрежеге жету жолын қайта қарау керек.
– Президент ғалымдардың жалақысын көтеру туралы тапсырма берген еді ғой. Ғалымдар мұндай игілікті әлі сезінген жоқ па?
– Иә, Мемлекет басшысы жетекші ғалымдарға жоғары айлық төлеуді ұсынды. Өкінішке қарай, жетекші ғалымдардың үлесі өте аз. Жас ғалымдардың ондай деңгейге жетуі үшін 10-15 жыл жұмыс істеуі керек. Ал олар сонша уақыт шыдамайды. Саладағы 1 300-ге жуық ғалымның 200-і ғана жетекші ғалымдарға жатады.
Қазір біздің орталыққа қарасты мекемелерде 9 мыңға жуық адам жұмыс істейді, оның 4 мыңының қызметі – 3 университетте. Ғылыми орталықтар мен тәжірибелік стансаларда 5 мың адам істейді. Оның ішінде 30%-ы ғана – ғалымдар. Егер осы 5 мың адамға 300 мыңнан айлық төлей алатындай әлеуетіміз болса, сала әжептәуір тұрақталып, көрсететін нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай болар еді.
Шынын айтқанда, біздің қызметкерлердің тұрақты айлығы жоқ, табысы конкурстарға тәуелді. Яғни мемлекеттік сатып алу рәсімі. Бір конкурсты ұту үшін 12 инстанциядан өтесің. Мұны бюрократиялық тұсау деуге болады. Сосын бұл конкурстарға тапсырысты орындауға қауқарлы базасы жоқ институттар да жарыса қатысады. Ондай институттар ұтып алса, бәрібір біздің мамандарды шақырып, тапсырысты орындайды. Бірақ ол жұмыстың нәтижесі ойдағыдай болады деп айту қиын. Өйткені бұлар – жоғарыда айтқандай техникалық базасы, тәжірибелік алаңы жоқ университеттер. Қазір 12 ғылым мекемесі табыссыз отыр деуге болады. Оның ішінде Картоп институты бар. Олар конкурстардан құр қалған, нақты тапсырысты орындап жатқан жоқ.
Байқасаңыз, құрғақшылық қысқан сайын өңірлерде шөп проблемасы өзекті болып тұр. Өкінішке қарай, бұл жағдайға да біз жіті мән бере бермейміз. Осыдан үш жыл бұрын шөптердің сорттарын шығару, селекция жасау туралы бағдарлама экспертизадан өтпей қалды. Содан кейін елімізде құрғақшылық болып, шөп жетпей, арты үлкен дүрбелең туғызды. Ал бұған ғылыми зерттеу жасайтын бағдарлама қазір де жоқ.
Сондықтан конкурс өткізбей, әр институтқа өз бағыты бойынша мемлекеттік тапсырыс берілуі керек деп ойлаймын. Және гранттық қаржыландырудың мерзіміндей 3 жыл емес, 10 жылдай уақыт берілгені жөн. Себебі жаңа тұқым түрін жасап шығаруға кемінде 10 жыл уақыт кетеді. Ал конкурста берілген 3 жылда жарамды өнім шыға қоюы неғайбыл.
Тақыр жерде де өсіп-өнетін тұқым табуға болады
– Қазіргі кезде жаһандық жылыну, қуаңшылық мәселелері бүкіл әлемде азық-түлік қауіпсіздігі үшін үлкен сынақ болып тұр. Әлем ғалымдары осындай тәуекелдерді қаперге алып, түрлі жолдарды қарастырып бағуда. Бұл ретте біздің ғалымдар жоғарыда айтқан қуаңшылыққа төзімді бидай тұқымы сияқты тағы қандай іргелі зерттеулер жасап жатыр?
– БҰҰ-ның азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты жасаған 2022 жылғы зерттеу жұмысында 2030 жылға дейін дүние жүзінде 670 млн адам аштықтан зардап шегетіні көрсетіліпті. Яғни алдағы уақытта әлемде азық-түлік қауіпсіздігінің маңызы одан сайын арта түседі. Қазірдің өзінде көптеген мемлекет климаттың өзгеруі, қуаңшылық кесірінен қажетті өнім ала алмай жатыр. Бұл қатарда біздің еліміз де бар. Айталық, былайғы кезеңде бидай алқабынан гектарынан 30 центнер өнім алсақ, құрғақшылықта бұл көрсеткіш бірден 8 центнерге түсті. Сол сияқты бұрын гектарына 40 тонна картоп алсақ, қазір – 8 ғана тонна. Бұл мәселені шешу үшін тұқым шаруашылығын жолға қою керек екенін тағы қайталап айтқаным артық етпес.
Өткенде саламызға қатысты жұмыс барысымен Дубайда болып қайттық. Сонда мынандай жаңалыққа қанықтық: олар құмда амарант деген шөпті өсіріп жатыр екен. Онысы сәтті болып, 1 гектардан 80 тоннадан шөп, оған қоса 10 тонна жем алуда. Мұнайға бай арабтарда кезінде «керек болса, бәрін сатып аламыз» деген саясат болған. Бірақ коронавирус пандемиясы кезінде шекаралардың барлығы жабылғанда, азық-түлік қауіпсіздігіне баса мән беру керек екенін түсінді. Содан кейін олар ғылымға қатты көңіл бөле бастады. Қазір бидайға дейін селекция жасап жатыр. Демек ізденсе, тақыр жерде де өсіп-өнетін тұқым шығаруға болатынын білдіреді.
Біздің елімізде де шөп мәселесі ғылыми жағынан зерттеп-зерделеніп, дұрыс жолға қойылса, шаруалар шаршап-шалдығып, 1000 гектарды шаппай-ақ, 100 гектардан 300-400 тонна шөп алуы мүмкін. Жақында осы мәселеге назар аударған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы хабарласып, сол жақта тәжірибелік станса ашуымызға өтініш білдірді. Өйткені өңірдегі құрғақшылық алаңдатады екен. Сондықтан келеңсіз жағдайға ұрынбау үшін алдын ала қаржы бөліп, бізбен ынтымақтастық орнатқысы келеді.
– Жүйелік мәселелерді шешудің бірқатар жолын атап өттіңіз. Бұған тағы алып-қосар нақты ұсыныстарыңыз бар ма?
– Бүгінгі таңда елімізде ғылымды дамытуға баса көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Бірақ аграрлық ғылымды бөлек қарастыру керек деп ойлаймын. Бұл үшін арнайы Ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде заң қабылданса деген тілек бар. Содан кейін жоғарыда аталған ұсыныстардың біразы осы заң арқылы заңды түрде жүзеге асырылар еді.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарды цифрландыруды мейлінше тездету керек. Мысалы, қай жерде қандай тұқым, қандай көлемде өсіріліп жатқаны, оның қаншасы жарамды екені – барлығы бір көзден тұтас көрініп тұрса, қажетті деректер түгел бір арнаға тоғысса, шаруамыз әлдеқайда ілгерілей түседі. Қазір Қазақстанның барлық аумағын қамтитын Еxtension атты бағдарламаны қолға алып жатырмыз. Мұны демонстрациялық алаң деп түсіндіруге де болады. Бұл демоалаңдар практикалық сабақтарды көбейтуге, сөйтіп оқыту сапасын көтеруге, сондай-ақ қаржыландыруды ұлғайту есебінен АӨК субъектілерін оқытуды 35%-ға дейін арттыруға септігін тигізеді.
Бұған қоса шетелдерден әкелінетін дақыл тұқымдарын жан-жақты тексеретін экспертизалық зертхана керек. Өйткені сырттан келетін тұқымдармен бірге көкөністердің жаңа аурулары пайда болып, тіпті біздің елде болмаған арамшөптер де өсіп жатыр. Бұған қоса бұл тұқымдардың ГМО-дан қаншалықты ада екенінен де бейхабармыз.
Осы орайда Алматыда тұқымдардың генетикалық қорын ашқанымызды айта кеткен жөн. Былтыр Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы өзі қаражат бөлініп, бүкіл тұқымды сол қорға жинау жұмыстарын бастап жатырмыз. Қазақстан бойынша барлық сорт сонда іріктеліп, зерттелуде. Әрбір сорттың өз қасиеті бар: бірі құрғашылыққа, бірі басқа да ауруларға төзімді болуы мүмкін. Біздің сорттар атам заманнан бері құрғақшылыққа бейімделген. Ал бұған қазір қызығушылық танытып отырған елдер көбейіп жатыр. Алдағы уақытта сорттарымызды Қазақстанда ғана емес, Моңғолия, Пәкістан қуаңшылықтың зардабын шегіп отырған Еуропаның бірқатар еліне апарып, эксперимент жасайын деп жатырмыз. Сондай-ақ бізді Мексиканың, Африканың дақыл сорттары қызықтырады. Өйткені мұндағы сорттар біздікінен де төзімді. Сол жақтың тұқымын әкеліп, генін алып, өзімізде де шығаруға болады. Генетикалық қордың мақсаты – осы.
Жалпы, көтерілген ұсыныстардың көбі жолға қойылып, іс жүзінде орындала бастаса, шамамен 10 жылдың ішінде азық-түлік қауіпсіздігін 90%-ға қамтуға мүмкіндігіміз болады деп үміттенемін. Сөзімнің соңын Жан-Жак Руссоның мына сөзімен түйіндегім келеді: «Мемлекетті біреуден тәуелсіз ұстаудың жалғыз жолы – ауыл шаруашылығы. Әлемнің барлық байлығына ие болыңыз, бірақ егер ішерге асыңыз болмаса, сіз басқаларға тәуелдісіз. Сауда байлықты қамтамасыз етеді, бірақ ауыл шаруашылығы еркіндікті қамтамасыз етеді».
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»