28 Мамыр, 2010

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ БЕЛСЕНДІ БОЛСЫН

731 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Отырыста Қазақстан Республикасындағы көші-қон және демографиялық саясатты жетілдіру мәселесі, діни экстремизмге қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар қаралды. Күн тәртібі бойынша Премьер-Ми­нистр­дің орынбасары Ербол Орынбаев және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Гүлшара Әбдіқалықова, Мәдениет ми­нистрі Мұхтар Құл-Мұхаммед баяндама жа­сады. Сондай-ақ жекелеген мемлекеттік органдар басшыларының демография және көші-қон саласындағы еліміз Президентінің актілері мен тапсырмаларын орындау барысы туралы ақпараттары тыңдалды. Еліміздің 2020 жылға дейінгі Страте­гия­лық даму жоспарында алға қойылған мін­дет­терді шешу демографиялық саясатты бел­сенді және мақсатты түрде жүргізуді талап ететіні атап өтілді. Осыған байланысты тұрғындардың тууын ынталандыру, мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелерде орын жетіспеушілікті қысқарту, өлімді азайту, соның ішінде ана мен нәрестелер өлімін азайту, неке мен отбасы институтын нығайту, қазақстандықтар өмірінің ұзақтығын арттыру, көшіп келу саясатын тиімді жүргізу осы саладағы басым бағыттар болып табылады. Сондай-ақ елге қылмыстық және экстремистік топтардың кіріп кетуінің алдын алу және көші-қон бақылауын күшейту жөніндегі шаралар қаралды. Президент туындаған ішкі көші-қон мәселесін үкіметтік деңгейде шешу қажеттігіне назар аударды. Екінші мәселеге қатысты Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда қоғам діннен бөлектенбегенін, сондықтан мемлекет осы саладағы қоғамдық қатынастарды реттеуден қалыс қала алмайтынын атап өтті. Осы ретте діни сенім қоғамның рухани құндылығын дамыту, қазақстандық патриотизмді, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, діни экстремизмнің алдын алу үшін пайдалануға қажетті орасан гумани­тарлық әлеуетке ие және адамгершілік бастауларға негізделетінін ескеру маңызды. Отырыстың қорытындысы бойынша Президент Үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға барлық қабылданған шешімді орындауды қамтамасыз ету туралы тапсырма берді.