Елорда • 29 Желтоқсан, 2022

Елорда әуежайына 6 миллионыншы жолаушы ұшып келді

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордалық әуе айлағы өзінің тарихында тұңғыш рет бір жылдың ішінде алты миллион жолаушыға қызмет көрсетті. Бұл – ­рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елорда әуежайына 6 миллионыншы жолаушы ұшып келді

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына Ақтау қаласынан кезекті рейс ұшып келді. Аталған рейстің жолаушыларын аэропорт өкілдері салтанатты түрде қарсы алып, лототрон көмегімен жеңімпазды анықтады. Жолаушының есімі Танзиля Жолдыбаева, Ақтау қаласының тұрғыны. Алты миллионыншы жолаушыға Air Astana компаниясы әуежай әкімшілігімен бірлесіп елорда әуежайынан кез келген халықаралық бағыт бойынша екі билет табыс етті. Іс-шараға «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Хамзин, ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев және «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Бас директорының орынбасары Салтанат Томпиева қатысты.

Айта кетерлігі, биыл желтоқсан айында елордалық әуе айлағы 550 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға артық. Елорда әуежайы баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылы бірқатар көрсеткіш бойынша оң динамика байқалады.

Әуежай өкілдері сондай-ақ қараша айында таныстырылған бас жоспар туралы да айтып берді. Ол жер учаскелерін кезең-кезеңмен жоспарлау және пайдалануды, жаңа инфрақұрылым объектілерінің құрылысын қамтиды. Жалпы әуежай жұмысының басым бағыттарының бірі ­– жүк инфрақұрылымын дамыту және терминалдар желісін кеңейту.

«Жыл соңындағы оң көрсеткіштер жұмысты одан әрі жақсартуға серпін береді. Мәселен, жолаушылар ағынының ұлғаюы өз кезегінде терминалдарды кеңейтуді талап етеді. Ал бұл шаралар бас жоспарды іске асыру шеңберінде көзделгенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ биыл Fast track қызметі енгізілді, ол тіркеу және тексеру үрдістерінен жылдам өтуге мүмкіндік беретін жаңа қызмет түрі», деді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы.

Әуе тасымалы қарқындылығының артуына және елорда әуежайын дамыту жөніндегі жоспарларына байланысты кәсіпорын менеджменті әуеайлақ учаскесін қайта құру қажеттілігі туралы айтады. Осы ретте Астана әуежайы екінші ұшу-қону жолағын салуды жоспарлап отыр.

«Пандемия кезіндегі орын алған қиындықтар Астана әуежайын жаңа табыс көздерін іздеуге және дамытуға итермеледі. Атап айтқанда, әуе айлағын мультимодальды жүк тасымалдау және Е-commerce қызмет көрсету орталықтары мен авиаперсоналды даярлау жөніндегі оқу орталығы бар көпфункционалды кәсіпорынға айналдыруды көздейтін дамыту Тұжырымдамасы әзірленді», деп атап өтті әуежай басшысы Д.Хамзин.

Бүгінгі таңда ішкі және халықаралық рейстер қалпына келтірілген. Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен азаматтық авиация комитетінің қолдауымен жаңа бағыттарды ашу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Әуежай кірісі 5 жылдың ішінде алғаш рет оң нәтижелерді көрсетіп отыр. Атап айтқанда, қызметкерлердің жалақылары өсіп, тоқсандық сыйлықақылар төленіп келеді. Сонымен қатар биыл жолаушылар ағыны, жүк тасымалдау көлемі едәуір артып, халықаралық және ішкі бағыттар бойынша рейстер саны ұлғая түсті.

Естеріңізге сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы World Airport Awards-та Орталық Азиядағы/ТМД-дағы үздік өңірлік әуежай болып танылды. Марапат 2022 жылғы 16 маусымда Париждегі ЭКСПО жолаушылар терминалында табысталған болатын.