Ұлттық банк басшысы Пірматов депутаттың сауалына берген жауабында отандық экономикадағы ақшаның құнсыздануының басты өлшемі валюта бағамы емес, елдегі инфляция деңгейі екенін, зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі мақсаты ұзақ мерзімді перспективада инфляция деңгейінен жоғары табыс алу екенін айтты.
«Макроэкономикалық жағдайдың қиындығына қарамастан, биылғы жылдың басынан бері БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі оң болды. Бұл ретте тұтастай алғанда, БЖЗҚ-да зейнетақы активтерін шоғырландырудан кейінгі кезеңде (2014 жылғы сәуір – 2022 жылғы қараша) жинақталған инфляция 111,2 пайызға, зейнетақы активтерінің жиынтық кірістілігі 114,2 пайызға жетті. Осылайша, белгілі бір қысқа мерзімде алынған кірістілік негізінде жасалған БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқарудың тиімсіздігі туралы тұжырымдар дұрыс емес», деді Пірматов.
Ол жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы тұрғысынан табыстылық пен инфляция көрсеткіштерін ұзақ уақыт көкжиегі бойынша қарастырған орынды деп түсіндірді.
Ұлттық банк басшысы қаржылық реттеушінің БЖЗҚ зейнетақы активтерін қалай және қайда инвестициялайтыны туралы да айтты.
«Ұлттық банктің инвестициялық саясаты валюталар, елдер, секторлар мен эмитенттер бойынша қаржы құралдарының әртүрлі түрлеріне инвестициялауды көздейді. БЖЗҚ зейнетақы активтері тек нарық жағдайында инвестицияланады, бұл салымшылардың зейнетақы жинақтарының әділ қайтарылуын қамтамасыз етеді», деді ол.
Ұлттық банк басшысы жергілікті нарықтағы зейнетақы активтерінің негізгі бөлігі сенімді эмитенттердің: Қаржы министрлігінің, квазимемлекеттік компаниялардың және халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына инвестицияланғанын қосты. Бұл БЖЗҚ зейнетақы активтерінің сақталуы мен табыстылығын қамтамасыз етеді. Зейнетақы активтерінің бір бөлігі қаржы құралдарының географиясы мен тізімін кеңейту, сондай-ақ портфельдің сапасын, өтімділігін және ұзақ мерзімді табыстылығын арттыру үшін сыртқы нарықтарға инвестицияланады.
Бұл ретте теңгеде номинацияланған қаржы құралдарының ағымдағы үлесі шетел валютасындағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 71,5 пайыз – 28,5 пайызы деңгейінде.
«БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық бөлігін тиімді инвестициялау мақсатында тәуекел мен табыстылықтың оңтайлы арақатынасын қамтамасыз ететін жаңа стратегиялық бөлу әзірленді. Валюталық активтерді басқару индекстік негізде жүзеге асырылады, ол халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады және жаһандық акциялар, дамыған және дамушы елдердің облигациялары, инвестициялық деңгейдегі эмитенттердің корпоративтік облигациялары сияқты шетелдік активтердің негізгі сыныптарына инвестициялауды көздейді», деді Ғалымжан Пірматов.