Әлем жаңалықтары
Дүйсенбіге қараған түні Пәкістанның Карачидегі «Джинна» халықаралық әуежайына қарулы содырлар шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан кем дегенде 23 адам мерт болған.
Жергілікті басылымдардың ішкі істер органдары басшылығының мәліметтеріне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, құрбан болғандардың арасында әуежай қауіпсіздік күштері мен әуежай қызметкерлері де бар. Содырлардың шабуылына тойтарыс беру кезінде ондаған содырдың көзі жойылған және олардан қарулар мен гранатометтер алынған. Қарулы топ әуежайдың екі терминалына шабуыл жасапты. Алдымен содырлар әуежайдың ғимаратына қол гранаталарын лақтырған, сондай-ақ, атыс қаруларынан оқ жаудырған. Шабуылдаушылардың арасында жанкештілер де болған, солардың бірі бомбаны іске қосып, өзін-өзі жарып жіберген. Әуежайда барлығы үш мәрте күшті жарылыс жасалды деген мәлімет бар. Атыс бес сағатқа созылған сияқты. Бұл террорлық әрекетті сунниттік содырлар жасауы мүмкін деген болжам айтылуда.
Елу мыңға жуық адам зардап шекті
Бразилияның Парана штатының тұрғындары нөсер жауын соңы алапат тасқынға ұласуынан қатты зардап шекті. Соңғы деректерге қарағанда, тасқын онға жуық адамның өмірін жалмаған.
Парана штаты үкіметінің мәлімдеуінше, су басудан штаттың орталық бөлігінде тұратын 50 мыңға жуық адам зардап шеккен. Тасқын су, сондай-ақ, футболдан әлем біріншілігі өтетін қалалардың бірі – Куритибаны да басып отыр. Штат губернаторы Бето Ричаның айтуынша, табиғат апаты 70 муниципалитетті қамтыған. Куритибада «Арена Байшад» стадионы орналасқан. Бұл стадионда 16 маусымда Иран мен Нигерия ұлттық құрамаларының кездесуі өтеді екен.
Парламенттік сайлау өтті
Жексенбі күні Оңтүстік Осетияда парламенттік сайлау өтті. Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Белла Плиева комиссия парламенттік сайлаудың өткенін таныды деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, ол Орталық сайлау комиссиясына дауыс беру кезінде сайлау заңнамасының өрескел бұзылғаны жөнінде ақпараттар түспегенін айтқан. Ресейден байқаушы ретінде қатысқан байқаушылар да сайлауда тәртіп бұзушылық тіркелмегенін білдіріпті. Ал өз кезегінде Еурокомиссия дауыс беру қорытындысын танымаймыз деп мәлімдеді. Сайлауға тоғыз партия қатысты. Оңтүстік Осетияның парламенті 34 депутаттан тұрады. Экзит-полдың мәліметтері бойынша «Единая Осетия» партиясы көп орын алған көрінеді.
Қысқа қайырып айтқанда:
* Үндістандағы инженерлік колледжінің 24 студенті су толқыны басуы салдарынан Биас өзеніне батып кетті. Іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
* Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең қарт адам ретінде енгізілген Александр Имич Нью-Йоркте қайтыс болды. Қария 111 жыл өмір сүрген екен.
* Ливияның жоғарғы соты елдің премьер-министрі болып жақында ғана сайланған Ахмед Майтыгты конституцияға сәйкес сайланбаған деп тапты. Ол дауыс беру кезінде қажетті дауыс жинай алмапты. Бұл ел заңына қайшы келеді.
* Швецияның Хельсинборг теңіз портына жақын маңда жүк кемесі жерге отырып қалған. Сөйтсе, оның капитаны удай мас екен.
Қылмыстық іс қозғауды талап етті
Ресей Мемлекеттік думасының бірқатар депутаттары «Роснано» басшысы Анатолий Чубайсқа және осы мемлекеттік корпорацияның басқа да менеджерлеріне қарсы қылмыстық істер қозғауды талап етті.
«Известия» басылымының жазуына қарағанда, бірқатар депутаттар «Роснано» корпорациясының жұмысында Ресей қылмыстық кодексінде көзделген тоғызға жуық қылмыстың белгілері бар деген пікір білдірген. Осыған байланысты Мемдуманың бюджет және салық жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Оксана Дмитриева Ресейдің бас прокуроры Юрий Чайкаға корпорацияның қызметіне мұқият тексеру жүргізу туралы сауал жолдаған және ол одан бұл мәселені жеке өзінің бақылауына алуды өтінген. Депутаттар «Роснано» қызметіне 2011 жылдан бері «қызығушылық» таныта бастапты.
АҚШ пен Иран ымыраға келмек
Осы аптада АҚШ пен Иран бірнеше онжылдықтан соң, алғаш рет Теһранның ядролық бағдарламасы бойынша тіке келіссөз өткізеді. Бұл ақпаратты Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Аракчи растады.
Аракчидің айтуынша, ирандық делегацияға оның өзі жетекшілік етеді. Бүгін және ертең Женевада олар АҚШ дипломаттарымен жүздесетін болады. Келіссөзге АҚШ тарапынан Мемлекеттік хатшының орынбасары Уильям Бернс басшылық жасайды. Одан кейінгі Римдегі екі күн Иран дипломаттарының ресейлік тараппен кездесу өткізуіне арналады. Ал Иранның халықаралық араағайындық танытушы «алтылықпен» кездесуі 16 маусымға жоспарланып отыр. Бұл кездесулер мен келіссөздердің басты мақсаты – Теһранның ядролық жобаларына тосқауыл қою.
Тағы бір шенеунікке айып тағылды
Қытайдың аса ірі «China COSCO» логистикалық холдингінің бұрынғы басшысы Сюй Миньцзеге сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген айып тағылды. Бұл жөнінде «Рейтер» агенттігі хабарлады.
Қытай компартиясының тәртіпті тексеру жөніндегі орталық комиссиясы оны бірнеше күн бұрын партия қатарынан шығарғанын да мәлімдеген. С.Миньцзеге өз қызметін асыра пайдаланды және мемлекет қаражатын жеке бас мүддесіне жұмсады деген күдік келтіріліп отыр. Ол осыдан жарты жылдай бұрын холдингтің атқарушы директоры қызметінен отставкаға жіберілген болатын. Аталған холдингте 130 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.