Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Білім барлық уақытта жоғары құндылықтардың бірі болған. Тек білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін қолына ала алады», делінген.
Осы орайда, Көкшетау медициналық колледжі қазіргі білім беру стандартының талаптарына сәйкес, орта буынды медициналық қызметкерлерді даярлауда заманауи кіріккен, үйлесімдірілген технологияларды енгізу арқылы білім беруде жаңашылдықтарды қолданатын, материалдық-техникалық базасы қарқынды дамып келе жатқан беделді оқу орны болып табылады. Осы оқу орнын 1995 жылдан бастап медицина ғылымдарының докторы Светлана Мұратбекова басқарады.
Колледж 76 шығарымды іске асырып, 21 408 маман дайындады. Қазіргі кезде білім беру 8 мамандық бойынша жүзеге асырылады: «Емдеу ісі», «Медбикелік іс», «Гигиена және эпидемиология», «Лабораториялық диагностика», «Фармация», «Стоматология», «Ортопедиялық стоматология», «Әлеуметтік жұмыс».
Оқу бағдарламаларын іске асыруда халықаралық тәжірибені үйрену мақсатымен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Көкшетау медицина колледжінің белсенді қатысуымен, симуляциялық технологияларды жетілдіруде, медицина эргономикасының негіздерінде, паллиативті көмек, медикаменттерді тағайындағанда медбикенің мүмкіндіктері бойынша шеберлік-сыныптар ұйымдастырылып, Литва, Ресей, Финляндия, Румыния мамандарының қатысуымен өткізіледі.
Болашақ мамандардың дайындық сапасын арттыру мақсатында колледж оқытушылары Светлана Қабденқызының басшылығымен халықаралық, аймақаралық, республикалық, облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, семинарларға, форумдарға, конгрестерге қатысады: Халықаралық қызметтестік шеңберінде колледж Санкт-Петербург, Омбы, Кемеров (Ресей); Тампере, Ювяскюль (Финляндия); Ставангер (Норвегия), Лондон (Ұлыбритания), Вильнюс (Литва) және т.б. қалаларда өткен ғылыми-практикалық конференцияларға, семинарлар мен конгрестерге қатысты.
Аталған тәжірибе заманауи медбикелік технологияларды жетілдіруге мүмкіндік береді, өйткені, олар медбике ісі мамандарының кәсіби біліктілігін бағалаудың алдыңғы критерийі болып саналады. Колледжде Веб-сайт орналасқан Intel Xeon сервері бар қашықтан оқыту орталығы құрылды. Оқу үрдісіне арналған кабинеттер қазіргі заманғы компьютерлермен жабдықталған, сонымен бірге, Aktivote құрылғысы, бір уақытта колледждегі аудиторияларда оқу фильмдерін көрсететін колледжішілік кабельді теледидар, тілдік дайындау үшін мультимедиялық кабинеттер жұмыс істейді. Интернетке шығу жоғары жылдамдықты ADSL- модемдерімен жүзеге асырылады.
Көкшетау медициналық колледжі – Қазақстан Республикасындағы ең үздік оқу орындарының бірі. Колледж түлектері кәсіптілігімен, бәсекеге қабілеттілігімен, әрі қарай өзін дамыту дайындығымен ерекшеленеді. Олар Көкшетау қаласында, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының емдеу-алдын алу ұйымдарында, Астана қаласының бірқатар медициналық мекемелерінде жұмыс істейді.
Президент Жолдауының «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» тарауында Қазақстан халқының денсаулығын сақтау, балаларымыздың денсаулығын қамтамасыз ету ісіне жаңа тәсілдер енгізу мәселесі, ауылдағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру жайы атап айтылған. Колледж ұжымы осы бағытты басты назарында ұстап, Жолдаудың іске асырылуына бар күш-жігерін, білімін салатын болады.
Жанар СӘРСЕНБАЕВА.
КӨКШЕТАУ.