10 Маусым, 2014

«Қарагөз» қайта оралды

637 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
RASEM Көңіл түкпірінің көлеңкесінде жылдар бойы жатып қалып ұмытылған бір қимас асылың алдыңнан кенет жарқ етіп шыға келсе, қуанасыз ғой. Жақында дәл осындай қуаныш сезімін біз де бастан кештік. Біздің бұл жолғы қимасымыз өткен ғасырдың жетпісінші жылдары еліміздің өнер әлемін дүр сілкіндірген әйгілі «Қарагөз» ансамблі еді. Қолымызға осы, кезінде гүл-гүл жайнаған өнерпаз топ жайында жа­зылған кітап тиді. «Есіңде ме «Қарагөз» ансамблі?» деп аталады екен ол. «Иә, есімізде!» деп күңгір ете түсті көкірегімізден сағынышты бір үн. Иә, иә, біздің буынның да ол кезде он жеті-жиырмалардағы гүл-гүл дәурені. Қазақ өнері мен мәдениеті көктей қаулап, күнде бір жаңалығын сүйіншілеп жатқан кез. «Атаманның ақыры», «Қыз Жібек» фильмдері. «Гүлдер» мен «Дос-Мұқасан» ансамбльдері бірінен соң бірі дүркірей шығып, рухымыздың мерейін марқайта дулатқан шақтар-ай десейші! Олар, әсіресе, студент қауымның, жалпы жастардың көзайымына айналып еді-ау. Солармен бірге сол кездерде алыстағы Жезқазғаннан, сонау Бетбақтың даласында орғи шапқан жезкиіктің жалт еткен жанарындай болып, жарқ ете қалған сырлы да мұңды, сұлу сазды әндерімен мың-мыңдаған жүректерді жаулап алған, қазақ өнерінің өрдегі жайлауына өзіне ғана тән, жан баспас жасылын қаулатқан «Қарагөз» ансамблін қалай ұмытармыз? Содан бері де қырықтан аса жыл өтіпті-ау. Сол «Қарагөздің» қайтадан жаңғы­руына бел шеше кірісіп жүрген белгілі кәсіпкер, өнерлі азамат, Жаңаарқаның тумасы Жаңабай Сәтжанов берген жаңағы жәдігер кітапты ақтарыстыра парақтап, бұл күнде аңсарға айналған ансамбльдің өнердегі жолымен бірқы­дыру танысып өттік. «Қарагөздің» өнер өлкесіндегі жылнамасы ықшам болғанымен, шығармашылық мұрасы бай, тарихы шағын десек те, тағылымы шырайлы көрінді. Әрине, ұлттық құн­дылығымызға айналған өнер ұжымы­ның сол бір тамаша әндері дүниеге қалай келіп еді, оларды жұртшылыққа жеткізудегі ансамбль мүшелерінің жанкешті еңбегі қандай болды деген сұрақтар бүгінгі замандастарды да қызықтырары анық. Оның үстіне «қарагөздіктердің» талай жүректі тебіренткен әндері әлі күнге дейін жан тербеп, ел игілігіне қызмет етіп, рухани сұранысты өтеп жүргенін қайда қоямыз? 1970 пен 73-тің аралығын қамтыған бар бол­ғаны үш жылда қазақтың өнер көгі­нен құйрықты жұлдыздай ағып өте шыққан ән ақтаңгерлерін елі са­ғынуы заңды. 2007 жылы, араға 35 жыл салып «Қарагөз» ансамблінің жаңар­ған құрамының концерттері Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Абай қалалары мен Шет, Жаңаарқа аудандарында зор табыспен өтті, ал облыстық «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасы арқылы қалың қауымға көрсетілді. Бұл оқиға сүйікті өнер ұжымының көрермен-тыңдарманмен қайта қауышуының жақсы да жарасымды нышанындай болған-ды. Міне, енді сол жағымды жайдың жалғасындай болып «Қарагөз» вокалды-аспапты ансамблінің орындауындағы әндер альбомы жарық көріпті. Құмарта тыңдадық, құлағымыздың құрышы қанды. Есер емес, ескектеген есті әндер. Бұрынғы көз көрген жақын таныстай сыралғы әндер жаңа өңдеуде сыры мен сыны үстемелене жарқырай түсіпті. Бұл – біріншісі. Екінші альбом жазылу үстінде екен. Осындай сүйінішті жағдайларды қазақ эстрадасына «Қарагөздің» қайтып оралуы деп сүйіншілегеніміз орынды болар. Дей тұрсақ та, отандық эстрада тарихында алтын әріптермен жазылары сөзсіз, шығармашылық қолтаңбасы дау­сыз дараланған «Қарагөз» ансамблінің бастау-бұлағы қандай еді, алғашқы ән қанатты ақжолтай қарлығаштары кімдер? Өнер ұжымы өмірге қалай келді? Үлкенді-кішілі сахналарға қалай жол салды? Олардың өмірдегі құлшынысы, өнердегі ұмтылысы, арман-аңсары, мақсат-мұраты, тағдыр-тауқыметі қандай болды? Міне, бұл жайлардың көпшілікке беймәлім қырлары баршы­лық. Ол да көпті толғандырады, оны білуге құмарлар да аз емес. Осы тұрғы­дан алғанда ансамбльдің үш жылдық ғұмырнамасын баяндайтын кітаптағы естеліктер, айғақты фотодеректер мол мағлұматтарды қамтып, «қарагөздік» ән әлемінің айдынына қайық салуы қуанарлық та құптарлық игі іс болып шыққан екен. Алпысыншы жылдардың орта тұсы мен жетпісінші жылдардың екінші жартысы. Сол бір жылдары әлем жас­тары ливерпульдық төрттіктің, яғни «Битлздің» әуен-ырғағымен тербеле толқып тұрған еді. Эстрада әуезіне Кеңестер елінің жастары да әсерленбей қоймады. Жастықтың қызу аңсар-ынтығы қойсын ба, шіркін! Мәскеу мен Ленинград, Киев пен Ригада басталған вокалды-аспапты ансамбль­дер ұйымдастыру үрдісі кең-байтақ елдің түкпір-түкпіріне тез-ақ тарап үлгерді. Аттарын ғана атасақ ес­тері­ңізге түсер. «Веселые ребята», «Самоцветы», «Поющие гитары», «Верасы», «Песняры», тағы-тағы толып жатқан басқалары. Сол уақытта әлемдік үрдістен шет қалмаған Қазақстанда «Дос-Мұқасан», «Серпер», «Айгүл», Түркіменстанда «Гунеш», Өзбекстанда «Ялла», Грузияда «Орэро», Қырғызстанда «Аршан», т.с.с. ансамбльдер дүниеге келіпті. Сөйтіп, сонау қарт Еуропадан бастау тартып, берісі қызыл Мәскеуде жалғасқан осы шерулі үдеріспен жетпісінші жылдардың басында эстраданың дүмпу-дүрмегі жырақтағы Жезқазғанға жетуі, әлбетте, сүйінерлік жақсылық нышаны еді. Осы жағдайда бүгінде әні мен сәні аңызға айналған, өнер тарихымыздың алтын төрінен ардақты орнын алған «Қарагөз» ансамблінің құрылуы да бір қызық хикая, әрі заңды құбылыс-тын. Жезқазғандық дарынды жастар жүрегіндегі мөлдір жылға жол таппай қалмады. Толғағы жеткенде толқын атқан іштегі шабытты күй, құштарлы тілек сыртқа ағындап ақтарылды. Сол ізгі тілек, аңсарлы арманның орындалуына мүмкіндік туғызып, өнерпаз өрендердің басын қосқан жер Жезқазғандағы металлургтердің Мәдениет сарайы еді. Осынау орда олардың тағдыр­ларын тоғыстырды, таланттарын жұғыстырды. Естелік әңгімелерге зейін қоя пайымдасақ, ансамбльді алғаш ұйымдастыруда ошақтың үш бұтындай ұстынды ұйытқылық жасаған үш жігіттің еңбегі ерен болғанға ұқсайды. Оның бірі сол кезде Мәдениет сарайындағы көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болып жүрген жас токарь Сәлімжан Сейілов еді. Ол таңғы шықтай таза дауысты тәп-тәуір әншілігімен қоса елгезектігіне бағып барлық ұйымдастыру жұмыстарын өз мойнына жүктеп, тап-тұйнақтай етіп атқарып отырды. Екіншісі Болман ақыннан бата алған Болат Есмұқанов – осы тұста ол да жұмысшы, жаңа қанаттанып келе жатқан жас композитор, әнші, әрі домбыра, сырнай, баян, гитара сияқты аспаптардың бәрінде ойнай беретін сегіз қырлы серінің өзі-тін. Үздік шыққан үшінші сайыпқыран туғаннан бері тауқыметпен тайталасқан тағдырлы талант, көз жанары көрмесе де, жанының жанары жарыққа толы жасын болмыс, кейіннен дүйім қазаққа танылған дүлдүл өнер иесі, өзгеше өрнекті сазгер, өргек әнші Жақсыгелді Сейілов болатын. Ансамбльдің атағын шығарған алтын арқаулы тіні, танымалдығына жол ашқан қыдыр қанатты құты, «Қарагөздің» қаны мен жаны да Жақсыгелді болып еді десек, осы жарым ырысты әзиз аруаққа ешкім көпсіне қоймас. Әуелі үшеуінің өмірдегі достығы, көңілдерінің хоштығы өнер мерейін асырып, ансамбльді дүниеге әкелді. Оған қазақы рухты «Қарагөз» деген тамаша атты таңдап қойды. Олай ету­ге алғашқы концерттің беташарында «Қарагөз» әнінің нақышты нәшпен айтылуы да себеп болмай қалған жоқ. Көрерменді бірден бау­рап, бәрі дуылдап қоштай кеткен әннің құйқылжыған әсерлі ырғағы кейін талай концерттерінің беташары болған-ды. Ансамбльдің музыкалық аспаптарының алынуын да ойда жоқта оңтайымен сәті түскен орайлы оқиға десек, құба-құп. Бірде Жезқазғанға эстрада әлеміндегі әйгілі Ринат Ибрагимов жетекшілік ететін татар ансамблі келе қалсын. Электр гитарасының таң­сық әрі қат кезі. Концерттен кейін Сәлім­жан, Жақсыгелді, Болат үшеуі бір­дей гитараға қызығушылық танытып, маңынан айналсоқтап кетпей Ринатты айналдырсын. Содан не керек, қазақ жастарының жан күйін ол да түсінген болар, екі гитараны 700 сомға сатуға шешім қабылдайды. Мұны естісімен өзіне жүгіре барған Сәлімжанның меселін қайтармай, комбинат кәсіподақ комитетінің төрағасы Зейнолла Мәкішев қажетті соманы тауып береді. Өнерге ұмтылған жас­тар осылайша гитаралы болып, зор қуанышқа бөленіп, өнер жолындағы алғашқы қадамды бастауға мүмкіндік алған екен. Аспаптардың атақты ансамбльден сауғалануы да жақсы ырым болғаны күмәнсіз. Ұйытқы топ осындай болғанда, ансамбльдің қалған мүшелері де тәңірі берген талант-дарыннан әсте құралақан емес-ті. Бас-гитарада ойнаған Әбу Түсіпбеков, ритм-гитарадағы Қойшықара Әміралин, әсіресе, халық әндерін құлпырта құйқылжытқан әнші Камал Қазымбетова, мың бұралған биші Майя Сарыбаева, концерттік бағдарламаны жүргізушілер Дәмен Жолаушинова, Мұхамбедия Ахметовтердің әрқайсысы ансамбльдің атағы шарықтауына ынты-шынттарымен үлес қосты, жан-жігерлерін аянып қалмады. Бұлардың бәрі бірі студент, бірі жұмысшы, осы қасиетті өңірде һәм қалада туып-өскен жезқазғандық арманшыл жастар болатын. «Қарагөз» олардың сол бір жастық шақтағы аяулы тағдырына, ал қырық жыл өткенде қимас естелікке, өмірлерінің ең бір жарқын өнегесіне, жарқ ете түскен жұлдызды сәттеріне айналды. 1970 жылдың 17 қаңтары. «Қарагөз­діктердің» өнер шежіресі бастау алған, тасқа басылып есте қалған күннің бірі осы. Жоғарыда айтқан үш үздіктің өнердегі сыйластығынан туған ансамбль бұл күні пролетариаттың ұлы көсемі В.И.Лениннің 100 жылдығы қарсаңында Қарағанды қаласында өткен көркемөнерпаздардың облыстық байқауында алғаш рет халық алдына, үлкен сахнаға шықты. Тырнақалды тұсаукесер сынаққа алып шыққан туынды – Болат Есмұқановтың «Сағыныш» әні. Оны ансамбль солисі саз дауысты Сәлімжан Сейілов орындапты. Екі күндік бәсекелі байқауда «Қарагөз» ансамблі жеңімпаз деп танылады. Ансамбльдің аты әйгіленіп, Жақсыгелді әндерінің де бағы ашылды. Сөйтіп, үлкен өнерге жолдама алады, алдарынан ақ жол ашылады. Осы бір күндерден бастап «Қарагөз» ел аузында, жұрт назарында болады. Қазақтың белгілі ақыны, ән-күй десе жүрегі бүлкілдей жырлап тұратын Ғалым Жайлыбай: «Қарагөздің» басқа ұжымдардан бір айырмашылығы – олар негізінен өздері шығарған әндерін орындайтын. Бұған негіз болған нәрсе ансамбльдің жетекшісі Жақсыгелді Сейілов пен ағайынды Болат және Ахмедия Есмұқановтардың өте дарынды сазгер болуы еді» дейді. Қырғыз ағайындар айтпақшы, абдан орынды пайым. Атақты ансамбльдің алғашқы бастау кезеңіндегі айшықты мәнері әлі де жұрттың жадында. Сол жылдардағы жастар, жалпы, замандастар «қарагөздіктердің» ғажап әндерінің әуендеріне бірден-ақ әсерлене елітіп, тәнті болғаны көз алдымызда. Жақсыгелдінің «Ана туралы баллада», «Әкелер туралы ой», «Кездесу», «Неге солай?», «Жезкиік», Болаттың «Сағыныш», «Махаббат мұңы», «Сен кінәлі емессің», «Оянған махаббат» әндері ай маңдайлары жарқырап сол кездегі хит әндердің алдыңғы қатарында жүргенін де ешкім өтірік дей алмас. Бұл әндер жаңа ғасырдың табалдырығынан да желдей ескен жезкиіктерше еркін аттап, болашаққа бет алды. Шын мәнінде де, сол бір өргек те сергек әрі сұлу сазды, тау мұ­рат­ты, таза рухты әндер әр буын ұр­пақ­қа бала кездерінен-ақ «ана деген тәңір­ге сыйынуды» үйретті, «әкелердің арқасында шалқып жүргенін» санасына сіңірді. Ал есейе келе «Неге солай?» деп күйзелгенде «махаббаттың мұңы» «кездесуді» аңсайтын «сағыныш» сазы екенін тағы «Қарагөздің» әндерінен ұғып, түсініп, дәтке қуат тауып еді. Қазір қарап отырсақ, осы бір жігіттердің өнер жолындағы тағдыр-талайына ерекше бақыт бұйырғанын аңдаймыз. Әндерінің сөздерін Аманжол Шамкенов, Тұманбай Молдағалиев, Кәкімбек Салықов, Сайлаухан Нәкенов сынды қазақ өлеңінің марғасқалары жазды. Олар осы ақын ағаларымен достық, өзгеше сыйластық қарым-қатынаста болды. Аманжол Шамкенов пен Сәлімжан Сейілов комсомол жетекшісі Жібек Әмірханованың шарапатымен Германияға барған туристік саяхат кезінде танысады. Ақын аға сонда Сәлімжанға «Жайлау күні» атты өлең кітабын сыйлайды. Сонау алман елінде жүріп сырлас болған ақын мен әншінің көп күнгі ой-толғамдары болашақтағы «Қарагөздің» репертуа­рына енген тамаша әндердің тууына негіз болды. Әсіресе, ешқашан көнермес «Ана туралы балладаны» әлі күнге дейін тебіренбей тыңдайтын жан жоқ шығар. Жақсыгелді мен Болаттың сыршыл сазгерлігін жыр тұмасы Тұмағаң да жақсы көріп ұнатты, олардың әуендеріне ондаған өлеңдерді арнап тұрып жазды. Сөйтіп, Ж.Сейіловтің «Әке дауысы», «Кездесу», Б.Есмұқановтың «Сен кінәлі емессің», «Оянған махаббат», «Махаббат мұңы» сияқты әндерінің танымалдығына тек Тұмағаңа тән тартымдылық сыйлады. Сонымен бірге, ақжүрек ақын ағаның өмірден озардан аз ғана бұрын: «Қарагөз» ансамблінің мүшелерімен тығыз шығармашылық байланыста болғанымды сағынышпен еске аламын» деп елжірей айтуының өзі қандай ғанибет. Ал тыңдаған сайын қай-қайсымыз да кең далаға сыймай кетердей толқи әсерленетін, туған жердің тарпаң таланттарын қимай құштарланатын «Жезкиік» ше?.. Осы ән Жақсыгелдіні қазақтың тағы бір жақсысы Кәкімбек аға Салықовқа бауыр етіп табыстырды. Сексенінші жылдардың аяқ кезінде көзі көрмесе де, көкірегі көреген, өнердегі өрен жүйрік інісінің Мәскеуге келіп кәсіподақтардың Орталық Кеңесі ұйымдастырған сайыста «Жезкиікті» қара сырнайымен безілдетіп «Алтын белгінің» иесі атанғанын осы ақжолтай Кәкең куәландырады. Тағы бір ғажапты айтсақ, өзінің де осы аттас әні бола тұра, музыка әлемінің мэтрі Нұрғиса Тілендиевтің көңілі Жақсыгелдінің «Жезкиігіне» құлаған, атақты сазгерге жаңа нұсқа ұнаған. Ұлылығы ғой, Нұрағаң беделімен де баспай, іштарлық та жасамай, көптің көзінше керемет ризашылығын білдіріп, жаңа «Жезкиіктің» жолын ашқан екен, дейді. Сол заматта-ақ желдей есіп, ақ бөкенше заулаған ән төресі қазақ даласына тарап кетеді. Оған да секем алмаған сезім сұңқары Нұрағамыз Жақсыгелдінің әндер жинағына ақ баталы алғысөзін жазуы қандай ұлағат десеңізші! «Қарагөз» алғашқы қадамдарымен-ақ Жезқазғанның мәдени өмірін гүлдендіріп жібереді. Жас өнер ұжымы 1970 жылдың 13 желтоқсанында халық алдына алғаш рет дербес концерттік бағдарламамен шығады. Ал 1971 жыл ансамбль үшін шығармашылық шабыттың шарықтаған жылы болыпты. Олар қаланың бас сарайының сахнасында ақпан-наурызда үлкен-үлкен үш концерт береді. Одан әрі қанаттарын кеңге жая түсіп жазға қарай Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск қалалары мен Тельман ауданын аралап, өнер көрсетеді. Тамызда тамашаны жалғастырып Жезді мен Жаңаарқа аудандарының ауылдарын түгел шарлап шыққан екен. Бір айдың мұғдарында мың шақырымнан астам жол жүріп жұртты баурайды, әнсүйер жүректерді жаулайды. Бұлардың үлгісіне еріп тек Жаңаарқа жерінің өзінде ғана ондаған ансамбльдер құрылады. Уақыт өткен сайын «Қарагөз» қанат­тана береді. Репертуары түрле­ніп, Ескендір Хасанғалиевтің, Әсет Бейсеуовтің әндерімен толығып молы­ғады. 1972 жылдың ақпанында ансамбльдің концертін Қарағанды теледидары жазып алып көрсетеді. Ал осы жылдың күзінде алғаш Алматыға сапар шегіп, Қарағанды облысының атынан Кеңес Одағының жартығасырлық мерейтойына арналған ән мерекесінде жүлде олжалайды, бүкіл республикаға аттары әйгіленеді. Қазақ радиосының алтын қорына әндерін қалдырады. «Қарагөздің» өнер өлкесіндегі осындай құтты қадамдарына риясыз қуанғандар қатарында Ілия Жақанов, Ескендір Хасанғалиев сияқты санатты сазгер­лер де бар еді. Олар ансамбльдің аяқ алы­сын, дарын-деңгейін жоғары ба­ға­лады. Сондай-ақ, вальс королі Шәмші Қалдаяқов, атақты сазгерлер Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуовтер Жақсыгелдінің табиғи талантына шын жүректерімен үлкен бастарын иді. Мәскеулік белгілі әншілер Лев Лещенко мен Валентина Толкуновалар да ол салған әндерді сүйіп тыңдаған көрінеді. Өнер айдынындағы үш жыл немесе отыз алты ай. Осы уақыт ішінде «қарагөздіктер» өз аттарын отандық эстрада тарихына алтын әріптермен жазып үлгеріпті. Пешенесі солай болыпты, «Қарагөз» тарады, оның мүшелері тағдырдың сан тарау соқпақтарына түсті. «Қарагөздің» жалғасындай болып Жезқазғанда іле-шала «Ұлытау», одан кейін араға жылдар салып «Жезкиік» ансамбльдері өмірге келген болатын. Оның құрамына Жақсыгелді Сейілов, Болат Есмұқановтармен қатар жаңадан Ахмедия Есмұқанов, Мара Есмұқанова, Ғалым Мұхамедин, Ахат Байбосынов, Бағдат Сәмединова сияқты дарынды жандар қосылып, ән көрігін лаулатады. Одан кейін де қаншама жыл қара сырнайы мен сырлы әнінен ажырамаған Жақсыгелді жалпақ еліне кеңінен танылып барып өмірден өткен-ді. Бірақ сол Жақаң да, «Қарагөз» де, «Қарагөздің» әндері де ұмытылмады. Ол әндерді кейін әншілер, топтар жаңғырта айтып жүр. «Қарагөз» әндері халықтың жүрегінде қалды. Рухани айналыстан түскен жоқ. Өнер жанашыры, елжанды азамат Әлихан Байменов: «Қарагөз» – қазақ эстрадасындағы ерекше құбылыс» десе, сол сөз нағыз ақиқат. Демек, «Қарагөздің» қайта жаң­ғыруы уақыт талабы екен. Өткен жыл­­дан бастап осы игі істі азаматтар қол­ға алды. Жоғарыда айтқанымыздай, ән альбомдары шығарылып, кішігі­рім концерттер қойылып, үлкен бағ­дар­лама әзірлену үстінде. Көзайым «Қарагөздің» продюсері Жаңабай Сәтжанов, көркемдік жетекшісі өзімізге белгілі Болат Есмұқанов. Әнші Мара Есмұқанова мен танымал сазгер әнші Ахмедия Есмұқановтардың да аңсарға айналған ансамбльді өмірге қайта әкелудегі еңбектері зор. Бұйыртса, жаңғырған жаңа «Қарагөздің» Алматы, Астанадағы үлкен концерттері одан соң өңірлерде жалғасып, өнер мерейін асырмақ. Көз жазып қалған аяулы асылымен қайта жолыққанда адам қуанушы еді ғой. Сіздерге сүйінішті хабарды жеткізуге асыққан жайымызды түсінгейсіз. «Қарагөздің» қайтып оралғанына қуанайық, ағайын... Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». Алматы.