Экология • 04 Қаңтар, 2023

Қазақстанда киіктердің саны 1,3 млн басқа жетті

653 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан аумағында киіктердің дүниежүзілік популяциясының 90%-дан астамы мекендейді, деп хабарлайды Egemen.kz Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда киіктердің саны 1,3 млн басқа жетті

Аталған жануарлардың санының азаюына байланысты Үкімет оларды қорғау бойынша бірқатар кешенді шара қабылдады. Оның ішінде  киіктерді пайдалануға мораторий енгізілді.

Қабылданған шаралардың арқасында бүгінгі күні киік саны 1,3 млн басқа (төлдеу кезеңіне дейін) жетіп отыр. Айта кету керек, олардың оңтайлы саны 700-800 мыңды құрайды.

Бұл ретте, ауыл шаруашылығы жануарлары мен киіктердің арасында жайылымдар  мен суаратын жерлер үшін бәсекелестік күшейді,  киіктердің егін таптау жағдайлары жиіледі.

Осыған байланысты, министрлік 2023 жылы киік популяциясын басқару жөніндегі биологиялық негіздеме аясында оларды ғылыми зерттеуді жоспарлады, оның барысында мынадай мәселелер зерделенетін болады:

1) киік  популяцияларының даму болжамы;

2) киіктердің ареалы мен көші-қон жолдарын нақтылау;

3) киіктердің азықтық базасын зерделеу;

4) ауыл шаруашылығымен бәсекелестікті төмендету бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Осыған байланысты, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ғылыми-зерттеу жұмыстары кезеңінде 2022 жылғы 28 желтоқсандағы бұйрықпен Республиканың бүкіл аумағында  киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға мораторийді ғылыми негіздемеге сәйкес 2024 жылға дейін ұзартты.