Медицина • 04 Қаңтар, 2023

Жаңа МРТ игілігі

267 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасы – Петропавлдағы байырғы емдеу мекемелерінің бірі. Жыл сайын 11 мыңға жуық балаға стационарлық көмек көрсететін аурухананың 11 бөлімшесі бар. Жылына түрлі науқасқа 2,5 мыңдай операция жасалады. Әрине, біліктілігі жоғары мамандар жетіспесе де көптеген науқас бала біршама ем алған соң Астана мен Алматының білікті дәрігерлерінің қарауына жіберіледі.

Жаңа МРТ игілігі

Ауруханаға биыл алынған шетелдік МРТ (магнитті резонансты томография) аппараты 1,6 мың баланың диагнозын анықтады. Жалпы қуаты жылына 4 мың баланы түсіруге жеткілікті.

Жуырда облыс әкімі Айдарбек Сапаров аурухана қызметімен танысып, қымбат жа­рақ­тың тиімді пайдаланып жатқанына көз жет­кізді. Мұнда тексеруден өткен 1,5 мыңнан аса науқас баланың 90 пайызынан астамының диагнозы дұрыс анықталған. Бірақ аппаратты нұс­қаулықтағы режімнен ауытқымай қолдану шарт. Кейде аппараттың суу режіміне қарамай жедел жатқызылған науқастардың диагнозы дәл анықталмайды.

«Балалар науқасының диагнозы дәл анық­тал­са, емдеу әдістері де дұрыс анық­та­лады. Яғни емдеудің тиімділігі артатыны сөзсіз. Қазір аппаратты арнайы даярлықтан өткен мамандар қолданады. Кейінгі кездері балалар сырқаты азайды», деді А.Сапаров.

Бұрын науқастарды басқа ауруханаларға тасуға тура келетін. Енді ондай ыңғайсыздық жойылды. МРТ-мен қоса биыл компьютерлік томограф, операция және оңалту қон­дыр­ғы­ла­ры да орнатылды.

 

ПЕТРОПАВЛ