Аймақтар • 04 Қаңтар, 2023

Әлеуметтік нысан құрылыстары қашан аяқталады?

475 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан тұрғындарының көкейінде жүрген үлкен мәселенің бірі – құрылысы сағыздай созылған Өскемен – Талдықорған, Омбы – Майқапшағай бағытындағы күре жолдар. Сондай-ақ Өскемен – Алтай арасындағы асуға салынып жатқан төте жолдың аяқсыз қалғанына да алаңдайды ел. Бұқтырма су қоймасындағы көпір құрылысы мерзімінде пайдалануға беріле ме деген күмәнді ой және бар.

Әлеуметтік нысан құрылыстары қашан аяқталады?

Халықтың күмәнмен қарайтын жөн­дері де жоқ емес. Оған себеп көп. Қайсы­бірін айтамыз. Осыдан үш-төрт жыл бұрын құзырлы органдардың таратқан мәліметінде Өскемен – Талдықорған тасжолы 2020 жылы аяқталады делінген. Одан пандемия деп жұмыс саябырсыды, сан түрлі сылтау айтылды. Кейін 2021 жылы пайдалануға беріледі деген ресми ақпаратты тағы көзіміз шалған. 2022 жылмен де қош айтыстық... Екінші, Өс­ке­мен мен Алтай арасындағы төте жол­дың жыры. Бұл жол аяқталып, пай­да­лануға берілсе, облыс орталығы Ал­тайға, Катонқарағайға біртабан жа­қын­дар еді. Алайда межелі жұмыстар қашан аяқталады? Жоғарыда аталған сұрақтарды жауапты мекеме басшыларына жолдағанбыз.

Күршім көпірі бақылауда

Әуелі көпшілікті, әсіресе Күршім, Марқакөл тұрғындарын алаңдатып қойған Бұқтырма су қоймасына салынып жатқан көпір құрылысына тоқталайық. Алаңдатып деп отырған себебіміз, жуық­та Сенат депутаты Бақытжан Баях­метов Президенттің тапсырмасын уақтылы әрі сапалы орындау үшін республикалық бюджеттен 2023 жылы 20 млрд теңге, 2024 жылы 21,8 млрд теңге қаржы керегін тілге тиек еткен. Халықтың көбі алда-жалда бұл қаржы бөлінбей, көпір құрылысы тұралап қалар ма екен десті.

– Президент Күршімге көпір салынады дегенде, ел болып қуандық. Қа­зіргі уақытта жұмыстары жүріп жатыр. Сақылдаған сары аязға қарап тұрған ешкім жоқ. Көпір басында 6 кран тұр. Басқа да техникаларда тыным жоқ. Учаске басшысын да танып алдық. Қысқасы, жұмыс тоқтамайды. Бірі түскі асқа кетсе, екіншісі жұмысты жүргізеді. Ақсақалдар кеңесі, қоғам белсенділері болып, екі айда бір барып тұрамыз. Марқа­­көл мен Күршім жұртының елу жылдан бері армандап келген көпірі уақтылы аяқталса дейміз. Шынын айт­сақ, тілеуін тілеп жүрміз, – деді Күршім ауыл­дық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дәулетхан Тоқтыбаев.

Еске сала кетсек, екі жолақты авто­мо­биль көпірінің ұзындығы 1 316 метр, ені 12,2 метр болады. Көпір Күршім ауданы Құйған ауылының жанын­да­ғы Бұқтырма су қоймасының ең тар учас­кесінде салынып жатыр. Сонымен қатар көпірдің арғы-бергі басына жиырма шақырымға жуық асфальт жол түседі. Айта кетерлігі, жоба құнына 2021 жылы түзетулер енгізілген. Себебі металл және арматуралық бұйымдар мен темірбетон конструкцияларының баға­лары өзгерген. Сондай-ақ жобада техно­логиялық көпір мен негізгі көпірге дейінгі жол құрылысы қарастырылмаған екен.

– 2022 жылы көрші елдердегі геосаяси жағдайдың шиеленісуіне және аралық құрылысты дайындау мен монтаждау үшін, сондай-ақ көпір өткелінің темірбетон конструкцияларын салу үшін қажетті металл бұйымдары бағасының өсуіне байланысты жобалық-сметалық құжаттама түзетілді. Жоба түзетілгеннен кейін құрылыс құны қымбаттады, – дейді облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.

2022 жылға дейін жоба бойынша 3,9 млрд теңге игерілді. Былтыр 12,9 млрд теңге бөлініп, оның 10 млрд тең­гесі игерілген. 2022 жылы рес­­пуб­ликалық бюджеттен қосымша 2,6 млрд теңге бөлу жоспарланды. 2023 жылға Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігіне рес­пуб­­ликалық бюджеттен 20 млрд теңге бө­луге бюджеттік өтінім берілді. Бірақ бү­гінде 2 млрд теңге бөлу көзделген.

Көпір құрылысына келер болсақ, қазір 21 тіректің 10-ы тұрғызылды. Құ­рылыс алаңына уақытша жол салу, құ­рыл­ғыларды орнату секілді жұмыстар аяқталды. Айналма және технологиялық жолдар, электр беру желілері, учаске қызметкерлеріне арналған екі жатақхана салынды, су өткізу құбырлары орнатылды. Уақытша көпір түсті. Биыл тіректерді орнату, кірме жолдарды салу жұмыстары жалғасады. Жолаушылар да сырттай жұмыстың жүріп жатқанын суретке түсіріп, әлеуметтік желіде бөлісіп отыр. Өйткені паром дәл құрылыстың жанымен қатынайды.

Паром дегеннен шығады. 6 желтоқ­сан күні мұз үстінде қайғылы жағдай орын алды. Өткелде паромды күтпестен «Мерседес-Бенц» маркалы жеңіл авто­кө­лігі әлі қата қоймаған мұз бетіне шы­ғып, жағадан 800 метр қашықтықта суға кетті. Көлікте болған бес адамның төр­теуі шығып үлгерген. Ал 72 жастағы әйел адам көліктен шыға алмай суға батып кетті. Оқиға орнына Күршім ауданы­ның сүңгуірлері жетіп, бірнеше күннен кейін ғана денені тапты. Мұны айтып отырғанымыз, Бұқтырма су қой­ма­сы­на көпір салынып бітпей, қайғылы оқиға қайталана бермесіне кім кепіл?! Сондықтан да халық көптен күткен көпірге құрылыс басында жүрген әр маман жауапкершілікпен қарауға тиіс. Оның үстіне, нысан Президенттің қада­ға­лауында.

Күре жолдар күрмеуі

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ұзындығы 454 шақырым Талдықорған – Қалбатау – Өскемен автомобиль жолдары және 415 шақырым Қалбатау – Май­қап­шағай бағытындағы жолдар мем­лекеттік емес қарыз есебінен қайта жаңар­тылып жатыр. Дәліздерінің жалпы ұзындығы – 869 шақырым.

«Қазавтожол» ҰК АҚ баспасөз қыз­метінің ақпаратына сүйенсек, Абай және Шығыс Қазақстан облыс­тары аумағынан өтетін Талдықорған – Қалбатау – Өскемен 615-1073 ша­қы­рым­­дарындағы автомобиль жолы­ның 353 шақырымына асфальт төселген. Яғни жұмыстардың 77 %-ы аяқталған. Қайта жаңарту жұмыстарына «CITIC Construction» компаниясы және бес қосалқы мердігер тартылды. Атап айт­сақ «АстанаАвтоСтрой» ЖШС, «Гор­дорстрой» ЖШС, «Астана­Энерго­Монтаж» ЖШС, «ЛидерСтрой-2002» ЖШС және «СинеМидасСтрой» ЖШС жұмыс жүргізіп жатыр.

Қалбатау – Майқапшағай бағы­тын­дағы 906-1 321 шақырым­дарындағы автомобиль жолының 172 шақырымына асфальт төселді. Пайызға шақсақ, жұ­мыстың 41%-ы аяқталған. Мұнда қы­тайлық «Синьсин» компаниясынан бөлек «КазСтройТехник» ЖШС мен «Семей жолдары» ЖШС қосалқы компания ретінде жұмыс атқарып жүр. Келісімшарт бойынша, 2023 жылдың соңына дейін қайта жаңарту жұмыстары аталған жолдарда толық аяқталатын көрінеді. Аяқталуға тиіс те. Себебі бө­лін­ген қаржы мақсатты жұмсалса, аз емес. Талдықорған – Қалбатау – Өскемен автомобиль жолының қайта жаңарту жұмыстары бойынша орындалған құрылыс жұмыстарының мөлшері 77 млрд теңгені құрайды. Ал Қалбатау – Майқапшағай автомобиль жолының құрылыс жұмыстарына 49 млрд теңге қаржы қарастырылған.

Ендігі мәселе – төте жол. Өскемен мен Алтайдың арасы. Бұл тұста әйгілі серпантин бар. Бұралаң жол. Бұралаң жол болған соң қозғалыс қиын. Қыстың күні тіркемесі бар жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынады. Тіркемесіз жүрген соң әсіресе Катонқарағай өңірінде көмір бағасы қымбаттайды. Көмір ғана емес, шалғай жатқандықтан болар, азық-түлік те қымбат. Қымбатшылық қысып тұрған аудандардың бірі. Егер төте жол тез арада түссе, бәлкім жолақы да арзандар ма еді.

– Аудан Өскеменнен алыс. Қыстыгүні қатынау қиындай түседі. Серпантинде жол-көлік оқиғалары да аз болмады. Мынау төте жолды бастағанда қуанып едік, аяқсыз қалды. Былтыр күзде тендер жарияланады деп естіп едік, ол да жалған болып шықты. Біздегі істің сиырқұймышақтанып кететіні өкінішті, – дейді такси жүргізушісі Ринат Болатұлы.

Бұл бірдің пікірі ғана емес. Әсіресе, жол тақырыбын қозғасақ, жүргізушілер тартынбай сөйлейді. Себебі жүргізушілер жолдың машақатын көріп жүр, төзіп жүр.

«Қазавтожол» ҰК АҚ баспасөз қыз­меті жолдаған мәліметке сүйенсек, Өскемен – Алтай бағытындағы жолды қайта жаңарту жұмыстары кезінде 56-72, 72-88 шақырымдарында бірқатар мәселе туындаған. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік орман қоры жерлеріне жол салу барысында қағаз жұмыстары кедергі болғанға ұқсайды. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн автокөлік жолы ретiнде есепке алу мерзiмдерi созыл­ған, соның салдарынан орман қоры учас­келерiнде құрылыс жұмыстарын жүргiзу мүмкін болмаған. Тағы бір проблема – жол-құрылыс материалдары құнының қымбаттауы. Соған байланысты 2019 жылы мердігер «АБК-Автодор НС» ЖШС-мен келісімшарт өзара бұзылды. Әйтпесе, аталған аумақтың жалпы ұзындығы 27,7 шақы­рым ғана. 2020 жылы мемлекеттік орман қорының жерлерін ауыстыру рәсімдері аяқталып, тұрақты жер теліміне мемлекеттік актілер алынды. Құ­жат­тары реттелген соң, мердігерді анық­тау үшін конкурстық рәсімдер жүр­гізілді. Бірақ конкурс қорытындысы бо­йынша мердігер анықталмады. Былтыр республикалық бюджет комиссиясы жобалық-сметалық құжаттарды түзетуді бекітті. Қазіргі уақытта учаскенің смета­лық құжаттамасын түзету аяқталып қал­ды. Екінші учаскенің сметалық құ­жат­тамасын түзету 2023 жылы басталады. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін жоба ведомстводан тыс сараптамадан өтеді. Содан кейін ғана Өскемен – Алтай автожолының 56-72, 72-88 шақы­рым­да­рын­дағы учаскелерінде жол салу бойын­ша тендер өткізіледі. Демек, төте жол­дың құрылысы қашан басталып, қа­шан аяқталары әлі белгісіз. Нақты мерзім жоқ.

Аталған жұмыстар толығымен аяқ­талмайынша, бұл мәселелер үнемі ха­лықтың, қоғам белсенділерінің, жур­на­листердің назарында болары сөзсіз. Құзырлы органдар да қадағалап отырғаны сөзсіз. Сондықтан да бұл тақырыпқа оралып отырамыз.

 

Шығыс Қазақстан облысы