Шынында, жамбылдықтар: «Меркі – жердің көркі» деген сөзді мақтанышпен айтады. Бұл сөз, әрине, ақ бас Алатаумен араласып жатқан Меркі жерінің керемет көркі мен әсем табиғатына байланысты айтылғаны анық. Етегінде жатқан елдің де сәні бөлек. Меркі ауданы ауылдарының қалың тал-терегі, таза ауа, салқын самалы, таудан арқырап аққан суы тынысыңды ашады, көңіліңді көтереді. Басқа жаққа бара қалса «Біздің елде осындай көрікті, керемет жер бар», деп жамбылдықтар да аузын толтырып айтудан еш жалыққан емес. Ал, Меркі шипажайының даңқы, атағы бүгінде шартарапқа белгілі.
Әйтсе де, әдемі дүниеге де тазалық пен ұқыптылық керек. Сонда ғана көзі ашылады. Үстіңдегі қымбат костюм-шалбарыңның жылтырағанынан не пайда, егер ол кір, лас, былғаныш болса... Алла тағаламның адам баласына берген осынау керемет сыйын меркіліктер менсінбей жүрген сияқты. Көктемнің көзі жылт еткелі бері бүкіл ел жаппай сенбілікке шығып, төңірегін тазалап жатыр. Көрші Қордай ауданында осы уақыт ішінде 28 мың адам қолына тырма, сыпырғы ұстап, тазалыққа атсалысыпты. Ал, Меркі ауданында аула тазалауға небәрі 1,5 мың адам шығыпты. Жамбыл облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұхтар Төлеулиевтің айтуына қарағанда, бүгінде өңірде 500 контейнерлік алаң және 2 808 жәшік бар. Бірақ, Меркі және Мойынқұм аудандары бойынша контейнерлік алаңдар мен жәшіктер қарастырылмаған. Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов бұл мәселеге енді қаржы қарастырылғанын, контейнерлерді әлі алып үлгермегенін айтып ақталды. Сонда осыншама қалың ел осы уақытқа дейін қоқыстарын қайда тастаған, қаржы неге енді қарастырылып отыр? Осы уақытқа дейін арнайы жәшік болмаған соң ел жан-жағының бәрін қоқысхана етіп тастағаны анық қой.
Ең қызығы, Бақтияр Көпбосынов көгалдандыруға нақты қанша қаржы бөлінгенін жақсы білмейтін болып шықты. Ауыл-аймақтың тазалығына байланысты өткен үлкен жиында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Меркінің әкімінен көгалдандыру мәселесіне қанша қаржы бөлінгенін сұрағанда, ол «8 млн. 200 мың теңге» деп жауап берді. Ал, шын мәнінде 28,8 млн. теңге бөлінген екен. Оның осы уақытқа дейін 2,5 млн. теңгесі ғана игеріліпті. Соған қарағанда, «Ата даңқымен сөз өтер, мата даңқымен бөз өтер» деген, аудан әкімі Меркінің көркін пұлдап, күл-қоқыс, қалдық әсем табиғаттың, көк-жасыл дүниенің арасында көрінбей қалады деп арқаны кеңге салып жүрген сияқты.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.