Автобусқа мінсең – ақысыз Wi-Fi
Қоғамдық көліктердің қызметін тұтынатын Түркістан қаласының тұрғындары бұдан былай тегін интернетті қолдана алады. Beeline компаниясы 3G Wi-Fi - роутерлерді – бүкіл әлемдік желіге қосылу құрылғыларын қалалық автобустарға орната бастады. Яғни, автобусқа мінген түркістандықтардың ұшқыр интернетке кіріп, қажетті мәліметіне қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Бүгінгі күні арнайы құрылғымен жабдықталған бірнеше қоғамдық көлік қалада жүр. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта олардың саны да артпақ. Интернетке қосылу үшін Wi-Fi қолдану мүмкіндігі бар смартфон, планшет немесе ноутбук қажет. Қала тұрғындары мұндай ерекше автобустарды сыртындағы әсем жарнамалары арқылы білсе, ішіне кірген соң төбеге ілінген арнайы кодты теріп, қызметті тұтына алады.
– Қандай байланыс операторына қосылғанына қарамастан барлық жүргіншілер интернетке тегін қосыла алады. Beeline Қазақстан көліктегі уақытты тиімді өткізуге, жаңалықтарды қарап, поштаны тексеруге, ауа райын біліп, әлеуметтік желілерде сөйлесуге және сүйікті кітабыңызды оқуға шақырады. Түркістан қаласының тұрғындары біздің бастамамызды бағалайды және Beeline интернеті жүргіншілер арасында жоғары сұранысқа ие болады деп үміттенеміз, – дейді Beeline Қазақстан компаниясының Шымкент бөлімшесінің директоры Асқарбек Қазбеков.
Баспасөз мәслихаты барысында қала әкімінің орынбасары Дәурен Тәңірбергеновтің интернет желісі бұдан былай тек автобустарда ғана емес, халық көп жиналатын аялдамаларға, саябақтарға да орнатылса деген ұсынысы көпшілік тарапынан қолдау тапты.
Сала мамандары журналистер мен блогерлердің сұрақтарына кең көлемді жауап берді. Содан соң, Wi-Fi құрылғысы орнатылған автобуспен қаланы аралап, ғаламторға еніп, жобамен танысты.
«Wi-Fi Bus» республикалық жобасы бастапқыда «сынақтық режім» ретінде Петропавл қаласында жүзеге асқан. Кейіннен жобаға Көкшетау және Түркістан қалалары еніпті. Алдағы уақытта бастама Шымкент, Қарағанды, Орал, Қостанай, Атырау және еліміздің басқа да қалаларында іске аспақ.
Қайрат ЗАЙНИШЕВ.
ТҮРКІСТАН.