Қайнекей Жармағамбетовті әдебиетсүйер қауым жақсы біледі. Ақынның алғашқы туындылары екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын мерзімді баспасөзде жиі жарияланып, кейін «Заман біздікі», «Адам туралы аңыз», «Балладалар», «Соңғы түн» атты бірнеше жыр жинақтары жарық көрген. Әсіресе айтулы тұлғаның қазақ поэзиясындағы баллада жанрының дамуына зор үлес қосқанын ерекше айтуға болады. Сонымен бірге қарымды қаламгер әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың өмір жолынан «Әнші азамат» атты повесть жазды.
Жоғарыда аталған мұражай қорындағы ақынның қолжазбалары ішінде «Әнші азамат» повесімен бірге «Б.Майлин творчествосы» атты ғылыми зерттеуі және П.Ершовтің «Конёк-Горбуно́к» ертегісінің «Тұлпар тай – сұңқар тай» атты қазақ тіліндегі аудармасы сақталған. Сондай-ақ 1938-39 және 1942-44 жылдары жазылған өлеңдері де бар. Бұл қолжазбалардың кейбіреуі қаламмен жазылса, енді бірі латын және кириллицада теріліп, машинкаға басылған.