Қаржы • 06 Қаңтар, 2023

Микроқаржы ұйымы банкке айналмақ

304 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көпшілікке «Solva» брендімен танымал «ОнлайнКазФинанс» микроқаржылық ұйымы компанияны банкке айналдыру арқылы өз еркімен қайта құру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми сайтында хабарланды.

Микроқаржы ұйымы банкке айналмақ

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

«ОнлайнКазФинанс» МҚҰ АҚ KASE-ге 2022 жылғы 15 жел­тоқ­сандағы жалғыз акционерінің «микроқаржы ұйымынан банкке қайта құру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруды жүзеге асыру» шешімі туралы хабарлады», делінген мәтінде. Еске салайық, «ОнлайнКазФинанс» қаржылық ұйымы халықаралық IDF Eurasia қаржылық тобының құрамына кіреді. Ұйым Қазақстан нарығында 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. МҚҰ негізінен жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнеске (ШОБ) несие берумен айналысады. IDF Eurasia негізін салушылардың бірі Борис Батин 2021 жылы қазан айында отандық Forbes басылымына берген сұхбатында ұйымның банкке айналу туралы ойы бар екенін айтқан еді.

«Біздің ондай жоспарымыз бар. Қазіргі несие өнімдерінен бөлек қызмет спектрін кеңейткіміз келеді. Әсіресе, ШОБ клиенттері үшін. Негізінен, есептеу шоттарын іске қосып, бухгалтерия жүргізіп, карта шығарып, төлем процесін жолға қойып, айналым қаражаты үшін несие ұсынғымыз келеді. Мұның көбі банк лицензиясын талап етеді. Банк атанған кезде қорландыру көзін өзгертпейміз, тек кеңейтеміз. Қазірдің өзінде қорлармен сәтті жұмыс істеп жатырмыз. Ал депозит қосымша қаражат тартудың құралы болып қала береді. Банкке айналған соң технологияға көбірек мән беріп, клиенттерге қызмет көрсетудің ыңғайлы үлгісін қалыптастырамыз. ШОБ клиенттері үшін максималды сапалы қызмет ұсынғымыз келеді. Қазір клиенттік базамызға цифрлық қызметтерді қалай пайдалану керектігін үйретіп, оқытып жатырмыз. Өйткені бұл олардың уақытын, күш-жігерін және ресурстарын үнемдейді», деген еді Б.Батин.

Микроқаржы ұйымдарының банкке айналу перспективасына қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова да пікір білдірген.

«Біздің көзқарасымыз бойынша бірінші кезекте ШОБ-ты қолдауға бағытталған ірі МҚҰ-ны банктерге айналдырудың объективті қажеттілігі бар. Бұл мүмкіндікті жақын арада жүзеге асырғымыз келеді. Аталған процесс бәсекелестікті ынталандырады және тұтынушыларға қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады және қаржы институттары үшін белгіленген жалпы пруденциалдық талаптар мен стандарттарды сақтау­ды көздейді», деген еді Мәдина Әбілқасымова.

Еске салайық, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2022 жылғы 22 қарашада «Микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру қағидаларын, сондай-ақ микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға уәкілетті органның рұқсатын беру үшін қажетті құжаттар тізбесін, микро­қар­жы ұйымын банкке айналдыруға уәкі­летті орган­ның рұқсатын алуға арнал­ған өтініш­тің, рұқсат­тың нысан­дарын және мәлімет­тердің ны­сандарын бекіту туралы» бас­қар­маның №93 қаулысын қабылдаған еді.

Қаулы 2022 жылдың 12 қыркүйегі­нен бастап қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтанды­ру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қыз­меті мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының нормаларын іске асыру үшін әзірленді.

Заң қолданысқа енгізілгенге дейін микроқаржы ұйымдары банктік және өзге де операцияларды жүргізуге лицензияны жалпы тәртіппен ғана ала алатын.

Атап айтқанда, микроқаржы ұйы­мы ретінде өз қызметін тоқтату; тиісті ли­цензияны уәкілетті органға қайтару; кредиторлар алдындағы барлық мін­дет­темелерін орындау; жаңа заңды тұл­ғаны тіркеу рәсімінен өту; банк ашуға рұқсат алу; содан кейін банктік және өзге де операцияларды жүргізуге лицензия алуға өтініш беру қажет болды.

Микроқаржылық қызметтің мәж­бүр­лі түрде тоқтатыла тұруы­на байла­нысты бұл рәсімдер микро­қаржы ұйымдары мен олардың клиент­терінің орнықтылығына теріс әсер еткен болар еді.

Банк операцияларын немесе өзге де операцияларды жүргізуге лицензия алу кезінде микроқаржы ұйымдары қызметінің тоқтап қал­мауын қамтамасыз ету үшін Заңмен микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында қайта құру мүмкіндігі көзделіп отыр. Өз кезегінде, қаулымен микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру тәртібі, сондай-ақ микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға уәкілетті органның рұқсатын беру үшін қажетті құжаттар тізбесі  айқындалады.

«Қаулыны қабылдау мүдделі микроқаржы ұйымдарына банкке айналдыру рәсімдеріне бастама жасауға мүмкіндік береді, оларға банк операцияларын және өзге де операцияларды жүргізуге лицензия алу сәтіне дейін клиенттерге қызмет көрсету мүмкіндігін береді», делінген агенттік хабарламасында.

Яғни микроқаржы ұйымы банк болып қайта құрылу рәсімін жасау кезінде микроқаржы субъектісі ретінде өз клиенттеріне қызмет көр­сетуді жалғастыра береді. Бұл олар­дың МҚҰ ретінде жұмысының тоқтап қалмауына мүмкіндік жасайды.