10 Маусым, 2014

«Алмас астанасындағы» айтулы оқиға

340 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

100-851 ЭКСПО шежіресі: Антверпен, 1930 жыл

1930 жылы Бельгия өз тәуелсіздігінің 100 жылдығын атап өтті. Осы айтулы датаның құрметіне король І Альберт ерекше есте қалатын шаралар өткізуге шешім қабылдады. Осы мақсатпен ол 1930 жылы Бельгияда қатарынан екі – Льеж және Антверпен қалаларында Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізуге жарлық берді. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмелерінің ғасырлар қойнауынан сыр шерткен шежіресінде Бельгияның Антверпен қаласында өткізілген көрме ерекше есте қалған. Халықаралық ауқымды шараны өткізуді қолға алған бельгиялықтар Антверпен қаласын тегін таңдаған жоқ. Антверпен Еуропадағы ауқымы мен маңызы жағынан екінші портты қала болып саналды. Ірі жолаушылар лайнерлерін қабылдауға әлеуеті зор айлақ туристерге өте қолайлы еді. Оның үстіне бұдан 10 жыл бұрын бұл қалада әлемдік айтулы оқиға – жазғы Олимпиадалық ойындар өткізілген болатын. Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, сол кезеңде Антверпен қаласы жер шарында өндірілген бүкіл алмастың жартысынан астамы саудаға түсетін «алмас астанасы» атанған болатын. Алмас астанасына төрткүл дүниенің төрт бұрышынан қалталы бай-манаптар үздіксіз ағылып жататын. Бұл дәстүр күні бүгінге дейін өз мәнін жоғалта қойған жоқ. Сон­дықтан 1930 жылы Бельгия тәуел­сіздігінің 100 жылдығы құр­метіне өткізілетін Бүкіләлемдік же­тіс­тіктер көрмесіне бұдан қо­лай­лы орталық табу мүмкін де емес еді. Palais_des_transports Palais_Egypte_Liège_1930Негізінен ғылым мен өнер­кәсіп жетістіктеріне арналған Льеж қаласындағы Халықаралық көрмеден Антверпен қаласында өткізілген көрменің басты ерекшелігі – оның тақырыбында еді. Антверпен көрмесінің негізгі тақырыбы – теңіз жетістіктеріне арналды. Сонымен қатар бұл көрмеде Бельгия мемлекетінің аграрлық саласы қол жеткізген озық технологиялар мен жетістіктер молынан көрініс тапты. Мәселен, көрме шеңберінде өткізілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері көпшіліктің көңілінен шықты. Көкөніс және гүл жәрмеңкелері, бал аралары мен асылтұқымды малдарға арналған жәрмеңкелер ақиқатында ауқымы жағынан әлемдік оқиғалар қатарына қосылды. Антверпендегі Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің жалауы 26 сәуірде көтерілді. Халықаралық шараның тақырыбына сай безендірілген портты қала адам танымастай құлпырып кетті. Көрмені ұйымдастырушылар осы оқиғаға орайластыра салған субұрқақтары мен гүлзарлар қала көркіне сән қосты. Қаланың бар­лық алаңдары мен демалыс аумақтарында көрмеге қаты­су­шыларға арналған мәдени-бұқа­ралық шаралар өткізілді. Көр­менің тақырыбына сәйкес теңіз фло­тының және теңізшілердің сол заманғы жетістіктері кеңі­нен паш етілді. Бельгия Король­дігі Теңіз академиясының ұйым­дас­тыруымен бұл мемлекеттің теңіз флоты саласында қол жеткізген жетістіктері көптеген тарихи құжаттар және арнайы жаб­дықталған сөрелердегі жәдігерлер арқылы кеңінен таныс­тырылды. Көрмеде Бельгия мемлекетінің судан құтқару саласында қол жеткізген озық технологиялары барынша көрініс тапты. Көрме қалашығында арнайы жаб­­дық­талған құтқару стансасы қызмет көрсетті. Теңіз жаға­лауын­дағы құтқарушылардың арнайы жабдықталған орындарында судан құтқару кезінде пайдалана­тын жабдықтар кеңінен назарға ұсынылды. Сонымен бірге көр­ме шаралары аясында өткізілген байқауға бельгиялық балықшылар пайдаланатын кемелер мен қайықтардың неше түрі қойылды. Антверпендегі ЭКСПО-1930 шарасына Австрия, Бразилия, Ұлыбритания, Канада, Дания, Испания, Франция, Италия, Вен­грия, Жапония, Латвия, Марокко, Норвегия, Нидерланд, Персия, Польша, Португалия, Финляндия, Люксембург мемлекеттері және 30-дан астам әлемнің ең үлкен теңіз компаниялары қатысты. Сол кезеңде әлемге айрықша танылған Minerva Motors фирмасы көрмеге қатысушы осы елдерге «Фиат» автомобилінің ең озық жабдықтарын ұсынды. Сонымен бірге бұл фирма жоғарыда аталған елдерге өздері шығаратын 40 орындық жаңа автобустарды жө­нел­тетін болды. Pretrofina кон­цер­ні Бельгия – Франция ынтымақ­тастығы аясында мұнай өндіру саласында қол жеткізілген ұзақ жылдардағы табыстарын көп­ші­лік назарына ұсынды. Pretrofina концерні мұнай өндіру саласында геологиялық барлаудан қай­та өңдеу арқылы мұнайдан өнді­рілетін өнімдердің барлық түрін шығаруға қол жеткізген болатын. Антверпен көрмесіне қаты­сушы елдер арасында Ұлы­бри­танияның жәдігерлері көрмені тамаша­лау­шылардың жоғары бағасын алды. Дүниежүзіндегі ең ірі теңіз державасы болып табылатын Бри­танияның жәді­герлері шынды­ғында да бұл бағаға толық лайық еді. Теңіз тақырыбына арналған павильон­дарға орналастырған бұл елдің жәді­герлері көлемі жағынан бар­лық елдердің көрмеге қойған заттарынан асып түсті. Көрме қорытындысында қонақ­тардың жазған лебіздері том-том кітаптарды құрады. Бүкіл­әлемдік көрмелер шежіре­сінде Антверпенде өткен ЭКСПО-1930 өзінің мазмұны мен ұйым­дастырушылық сапасы жағы­нан айтулы шаралардың қата­ры­на қосылды. Осы көрмеде қол жеткізілген келісімдер нәтиже­сінде әлемнің көптеген елдері арасындағы сауда және достық қарым-қатынастар нығая түсті. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».