Аймақтар • 06 Қаңтар, 2023

Қыстың көзі қырауда...

409 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында қыс әлі қытымыр мінез көрсеткен жоқ. Ең көп дегенде 22-24 градустық суық қатарынан бірнеше күн буғанымен, артынша қалыпты жағдайға түсті. Соңғы аптада ауаның температурасы тіпті 5-6 градусқа жоғарылады.

Қыстың көзі қырауда...

Алайда кейбір күндері ұйытқыған жел тұрып, боран соқты. Қар аз болған соң боранды күндердің зардабы қатты тиген жоқ. Бірақ арнайы қызметтер әйтеуір айтпай қалды демесін деген болуы керек, ұялы телефондарға хабарлама жіберіп, дауыл соғатынын 31 рет ескертті. Ағашы жоқ, ашық далалы аймақтарда соққан сондай шағын боранның өзі 44 адамды жылыту тіректеріне жеткізуге мәжбүр етті. Олар осындай алаптарда тұрып қалған автокөліктердің жолаушылары еді. Барлығы 4 рет болған осындай жағдайда жолаушылар арасында 7 баланың болғанын да айта кету керек.

Төтенше жағдайлар қызметі кез келген жағдайға дайын екенін мәлімдеп отыр. Олардың сенгені – дайындық сапына тұрғызылған 1246 техника. Осы техниканың күшімен 136 республикалық, 120 облыстық, 990 жергілікті маңызы бар жолды қардан аршымақ. Сонымен бірге әзірге төтенше жағдайға шыға қоймаған, 14 жедел іздеу тобы да дайындық сапында екені айтылды.

Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов «жылдағыдай үскірік аяз бен қалың қар соққан соқыр борандар болса, қарды жарып өтетін 61 техникамыз да дайын», деп мәлімдеді. Сонымен бірге ол қажет болса қолданылатын құм, қиыршықтас, шлак және тұзды құмы аралас 7674 тонна инертті мате­­­­­­­­риал­­дар да әзірленгенін жеткізді. Мұндай материалдар көктайғақ болған аймақтарға себіліп, көліктердің қауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді.

Қазгидромет қызметінің болжауына қара­ғанда, алдағы айларда да ауа райы қалыпты жағдайда болмақ. Қаңтар айындағы температура 14-17 градус суық шегінен аспайды. Бірақ осы айда қар қалыптағы нормадан артық түседі деп болжам жасалып отыр. Желтоқсанда қар жұқа болғанға өкініп жүрген шаруалар үшін бұл жақсы хабар. Өйткені қар көп болса, егістіктің ылғалы да мол болатыны белгілі.

Сонымен бірге гидромет ақпан мен нау­рыз­да­ғы ауа райының температурасы да қалыпты жағдайда болады деген болжам айтты. Солай бол­ғаны халыққа да тыныш, өйткені шектен тыс үскіріктің ешкімге керегі жоқ.

Күре жолдардағы қауіпсіздік жүргізушілердің өздеріне де байланысты. Кейбір жүргізушілер сақтық шараларын ұмытып кетеді. Қысқы дизель отынының орнына жазғы жанар-жағармаймен алыс жолға шығып кететіндер де бар. Кейбірі қыс пен жазғы жолдардың айырмасын білмей қалады. Мәселен, қар әлі мүлде аз болғанымен, жолдың көктайғақ болғанына қарамаған «Алматы – Екатеринбург» трассасының 758-ша­қырымында келе жатқан МАН жүк автомобилі жолдың шетіне шығып кетті. Жүк көлігінің жүргізушісі қатты жылдамдықпен келе жатып тежегішті басқан. Соның салдарынан жүк көлігі трассадан тайып кеткен. Абырой бол­ғанда жүргізушісі аман. Дәл сондай жағдайға Айыртау ауданының аумағындағы «Рузаевка – Саумалкөл» бағытымен келе жатқан КамАЗ автомобилі де ұшырады. Абырой болғанда ешқандай жүгі болмаған көлік ТЖ қызметінің көмегімен жылдам құтқарылды. Міне, қыстың көзі қырауда осындай оқиғалар жиілей береді. Сондықтан жүргіншілердің де қырағы болғаны жөн.

 

Солтүстік Қазақстан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00