10 Маусым, 2014

Француз елшісі институт қонағы болды

331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қостанай мемлекеттік педагогика институты мен Францияның Қазақстандағы елшілігі арасында тығыз байланыс орнаған. Ол кездейсоқ емес. Елімізде француз тілі мамандарын жалғыз осы білім ордасы ғана дайындайды. Сонымен қатар, мұнда француз мәдениетін танытатын көптеген шаралар жүргізіледі. Институт жанында қазақ-француз мәдени орталығы бірнеше жылдан бері жұмыс істейді. Академиялық қарым-қатынасты дамыту аясында жылына 7 студент Перпиньян қаласындағы Виа Домисиа университетінде оқып келеді. Институтта француз мәдениетіне арналған байқаулар, елтануға арналған зерттеу жобалары жүзеге асырылады. Болашақта институт француз тілін үйренуді дамытудың Қазақстандағы инно­вациялық-әдістеме орталығына айналатын болады. Француз мәдениетін таратуға қосқан зор үлесі үшін институт ректоры Қуат Баймырзаев үстіміздегі жылдың мамыр айында Француз Республикасының мәдениет, білім және ғылым саласындағы жоғары наградасы – Академиялық пальма орденімен марапатталған еді. Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен мырза білім ордасына арнайы келіп, өз халқының мәдениетіне қатысты және француз тілі мұғалімдерін дайындауға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстардың куәсі болды. Елші осы сапарында студенттерге Франция тарихы, француз тілінің дамуы және қазіргі уақытта оның әлемдік тіл ретінде алатын орны туралы лекция оқыды. Франсис Етьен әркімнің өзін бүгінгі қоғамда тұлға ретінде қалыптастыра білудегі және білім кеңістігіндегі тіл білудің маңызын атап айтты. Лекция студенттердің үлкен қызығушылығын оятты, ол жастардың елшімен француз тіліндегі тікелей әңгімесіне ұласты. Елші қостанайлық студенттердің француз тілінде еркін сөйлеуіне, олардың біліміне таңданысын білдірді. Болашақ мұғалімдердің кәсіптік және тілдік дайындығын пысықтау үшін студенттер мұндай кездесулердің жиі болғанын қалайтындықтарын жеткізді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.