Сыртқы істер министрінің орынбасары Е.Ашықбаев бастаған қазақстандық делегация Парагвай астанасы – Асунсьонда өткен Америка мемлекеттері ұйымы 44-ші Бас ассамблеясының жұмысына қатысты.
Америка мемлекеттері ұйымы – Америка континентінің 35 мемлекетін біріктіретін ірі аймақтық ұйым. Қазақстан 1996 жылдан бері оның тұрақты бақылаушысы болып табылады.
Іс-шараның ашылу күні қазақстандық делегация басшысы Парагвай Сыртқы істер министрінің орынбасары Ф.Гонсалеспен кездесті. Әңгімелесуші тараптар біздің елдеріміздің халықаралық күн тәртібінің, соның ішінде теңізге шығатын жолы жоқ мемлекеттер тобымен бірлескен жұмыс аясындағы бірқатар мәселелері бойынша ұстанымдарымыздың жақындығын растады. Келіссөздер қорытындысы бойынша Е.Ашықбаев пен Ф.Гонсалес Саяси кеңестер орнату туралы меморандумға қол қойып, біздің елдеріміз арасында визалық режімді жеңілдету бойынша келісім орнату жөнінде жұмыстарды бастауға уағдаласты.
Америка мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Х.Инсульспен кездесуі барысында тараптар Қазақстан мен ұйым арасындағы өзара ықпалдастықтың соңғы жылдары белсенді сипатқа ие бола түскенін атап өтіп, әрі қарай ынтымақтастықты нығайту бағыттарын белгіледі. Сондай-ақ, Х.Инсульс жақын уақытта Астанаға келуге қызығушылық танытты.
Америка мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің алдында сөйлеген сөзінде қазақстандық делегация басшысы Қазақстанның аймақтағы елдермен байланысының іс жүзінде нығаю болашағы жайында айтып берді.
Жалпы, Бас ассамблея алаңында Е.Ашықбаев ұйымға мүше мемлекеттер делегацияларының басшыларымен 25 кездесу өткізді. Атап айтқанда, Мексика, Доминикан Республикасы, Эквадор, Уругвай, Коста-Рика, Багам, Ямайка, Колумбия, Гренада, Гайана, Сент-Люсия, Сент-Винсент және Гренадин, Никарагуа, Суринам және т.б. мемлекеттердің делегация басшыларымен кездесті. Саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, Қазақстан кандидатурасын 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне тарту, сонымен қатар, Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерімен визалық режімді жеңілдету күн тәртібінің негізгі мәселелеріне айналды.