Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Сенат бюросының отырысы болды. Палатаның сәрсенбі, 11 маусымда болатын кезекті отырысының күн тәртібі талқыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенат Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарайды. Мемлекет басшысы шұғыл деп жариялаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарау жоспарланды.
Сенаторлар Қылмыстық-процестік кодексінің, кейбір конституциялық заңдарға және басқа бірқатар заңнамалық актілерге қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің жобаларын, сондай-ақ, кейбір заңнамалық актілерге әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама мәселелері бойынша түзетулерді талқылайды.
Одан басқа, Сенат отырысына «Кәсіптік одақтар туралы» және заңнамаға кәсіптік одақтардың қызметі және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша түзетулер жобалары (бірінші оқылымда) шығарылады.
Бас комитеттердің төрағалары заң жобаларының Сенат отырысына әзірлік барысы туралы баяндады.
Бюрода таяуда Мәжілісте мақұлданған заң жобалары бөлініп берілді.
Бас комитеттерге Сенат комитеттерінің ұсыныстарын жинақтау және қорытынды әзірлеу тапсырылды.
Бюро қаулысымен Сенаттың 2014 жылғы негізгі шаралар жоспарына өзгерістер енгізілді.