● Солтүстік Қазақстанда көктемгі дала жұмыстары аяқталып келеді. Биыл аймақта 4 млн. 340 мың гектар алқапқа егіс орналасса, оның 99 пайызын дәнді дақылдар құрады. Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың айтуынша, бұл жұмыстарды дер кезінде өткізуге сатып алынған жаңа жоғары өнімді техникалардың жәрдемі аз болмаған.
● Шығыс Қазақстан облысының орыс драма театры Ресейдегі халықаралық фестивальда үш дүркін лауреат атанды. Мәскеудің іргесінде 19-шы рет өткізілген байқау «Орыс классикасы» деп аталды. Онда Өскеменнен барған труппа Николай Гогольдің «Үйлену тойы» атты туындысы бойынша қойылыммен шықты.
● Павлодарлық конструкторлар бірегей жел қондырғысын жасады. Жаңа аппараттың ерекшелігі сонда, жел генераторы энергия өндіру және артезиан құдықтарынан су шығару секілді бірден екі міндетті орындайды. Қазір ол үлгі ретінде жасалып жатыр. Таяудағы уақыттарда жоба авторлары оның сериялық өндірісін жолға қоймақшы.
● Шымкентте қоқыс өңдейтін зауыт тәжірибелік сипатта іске қосылды. Құрылысы 2011 жылы қолға алынған бұл өндіріс орталығының жұмысы енді аяқталды. Ол ресейлік мамандардың араласуымен қатарға тұрды.
● Жамбыл облысында мүгедек балаларды бейімдеу орталығы ашылды. Облыстық мекеменің филиалы мүмкіндігі шектеулі 30 балаға дейін қабылдай алады. Жаңа ғимаратты салу бюджетке 8 млн. теңгеге түсті. Енді ауыл балаларының арнайы сабақтарға баруы үшін қалаға сабылуының жөні жоқ.
● Қызылордада жазушы Қази Данабаевты еске алуға арналған турнир болды. Онда мектеп оқушылары шағын футболдан, журналистер шахмат пен дойбыдан өзара сайысқа түсті. Жарыстың ашылу рәсімінде «Мен болмасам болмайын, Сен аман бол, Жаһандағы жалғызым, Қазақстан!» деп жырлап, өмірден өткен қаламгер туралы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Мұстафа Матаев жақсы естелік айтты.
● Ақтөбелік зейнеткер ауа қысымымен жүретін қозғалтқыш ойлап тапты. Өзінің жаңалығын ЕХРО-2017 көрмесіне ұсынбақшы болып отырған Бақберген Таханов ұзақ жылдар құрылыс саласында еңбек еткен. Ол өз авторлық идеяларына 27 жыл ішінде 4 патент алған.
● Атырауда балықтар қырылғаннан кейін аймақтағы барлық су қоймалары тексерілуде. Атылмыш жұмысқа табиғатты қорғау прокуратурасы белсене кірісті. Бірінші кезекте Жайық өзенінен шығатын каналдар, сосын одан оқшауланған су қоймалары тексеруден өткізіледі.
«ҚазАқпарат», BNews.kz, Abai.kz 24KZ, Otyrar.kz, Аltaynews.kz, Egemen.kz агенттіктерінің сайттары деректері бойынша дайындалды.