Әдебиет • 09 Қаңтар, 2023

Әуезов. Жалын ату

338 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мұхтар Омарханұлы сөзінің әуезі әудем жерден көңіл баурайды. Әудем жерден ән жеткендей. Сол әннің сол әннің сырлы да мұңды сазы мен назы алабұртқан күй кештіргендей. Жоғалтқаныңды тапқандай, тапқаныңды тәбәрік еткендей. Сарқа сөйлегендей, саусақ басынан қан қашып бозарғанша жазғандай. Ол соңыра иілместей, икемге келместей, ине ұстай алмастай. Бір уақта барып қана қан жүргендей, жан кіргендей.

Әуезов. Жалын ату

 

Тілімізде аузынан жалын ату, аузынан жалын шығу деген тұрақты сөз тіркесі бар. Жайпап, жайқап сөйлеуді, оттылықты, тіпті кейде ырық бермес ызаны, ымыраға көнбес ызбарды, батырлықты да білдіріп тұрады. Мысалы, Маған Жұмабаев оны «Батыр Баянда» «Аузынан жалын шыққан жас Жанатай, найзаны нажағайдай ойнататын» деп берсе, Жүсіпбек Аймауытұлы­ның «Қартқожасынан» «О кез Мекалайдың аузынан жалын шығып тұрған шағы еді. Ал бұ күнде Мекалайдың жалыны түгіл, әуелі қабірін таба алар ма екенсің», деген нұсқасын жо­­лықтырамыз. Бірінен дауылы ба­сылмаған жастықтың жалын ат­қан күші көрінсе, бірінен дәурені өткен, дамыл тапқан, заманы қайт­қан, зары күшейген көңіл ауанын табамыз.

Құсалы іштің өрті сыртқа қалай көрінер, неден білінер, оны «жалын ата күрсінді» деп сипаттармыз. Зарлы күйдің запыран болып төгілгенін сезінерміз.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан» осы күйдің сан алуан сипатын табамыз. Онда кісінің зарын кісінің күйіне көшіріп бейнелейді. Онда қайғы жалын атады, шер жалын атады, дерт жалын атады.

Әуелі Қодардың жайын айта­йық. Жалғызын жер бауырына бөлеп салып берген соң Қодар дүниесін қара бұлт басты. Жесір қалған Қамқаның көз жасы, қара басы шошайып қалған Қодардың арғы тарихы белгілі. Сол күйді Әуезов: «Үйден шығып, әлдебір сөзге, сыпсыңға да араласпаушы еді. Сондықтан алысты қойып, ағайын ішінде де бұны білетін жан аз. Өзі де аз ғана Борсақтан, Бөкеншіден басқа жұртты танымайтын. Соңғы алты ай ішінде, барлық жалын атқан қайғысы – жалғыз баласы Құтжан жайы. Ендігі үміт не? Құлазыған қу өмірде тірек не? Ойланғанмен тапқан емес. Таппасын білген соң, соңғы кезде оны ойламайтын да», деп береді.

Анасы алдында көрген түсінен алакөңіл болған соң, Абайдың Бөжей ауылына барып, хабар алып келген тұсы: «Жігіттер үйге кірген кезде, осы үйге Айғыз да келді. Ана жүрегі бір жаманатты сезгендей бұны асықты­рып, осылай жетектеп келген. Күн­діз Абайдың Бөжей ауылына кет­ке­нін Айғыз білетін. Ол үйге кірі­сімен көп бөгелмей, Абайға қарап: – Не көрдің, не білдің, Абай­­жан? Білдің бе әлгі сорға туған бей­бақ бауырыңның күйін? деді. Жалын атып тұрған шер үні».

Үшінші эпизод – Бөжейдің өлімі. Бөжейдің қазасын естірт­кенде үй ішіндегі көптің арасынан Әуезов үш кісінің ғана күйіне назар салдырады: «Құнанбай қатты сұрланып алып, түрулі тұрған есіктен алыстағы көк адырға қадалып отырып, ернін жыбырлатты да, баяу ғана бата қылды. Зере жалын атып, зор күйінішпен күрсініп қойып, кесек-кесек жас ыршытты. Абайдың екі өкпесі аузына тығылғандай боп, тынысы бітіп, жүрегі қатты соғып кетті».

Байдалының жайын «Жыла­ғанмен жақсы Бөжей қайта ма? Тірілер болса, күңіренген дүние, төгілген жас аз ба? Әнеки, деді. Түн аспанын қақ жара шулап, боздап, зарлап жатқан қыз-қатын, ер-азамат жаққа қол нұсқады.

Жалын атып, аһ ұрып, күрсініп алып: – Есті жи, Байсал! Белді бекем бу, түге! деп өзгелерге де әмір, бұйрық сияқты сөз тастап, – ақыл қосыңдар одан да! Хабаршы жөнелтейік. Қамға кірісейік! – деді» деп көрсетсе, Бөжейдің бойжеткен қос қызының күйін мұннан аңдаймыз: «Бұлар бар сөзін анық қып, анда-санда «аһ» деп, жалын атып қойып, сұңқылдап зарлап отыр. «Әкекем... жеткізбей кеттің... арманда кеттің... зармен кеттің, жетім бейбақ біз болдық... пана кім?.. Неге аңыраттың?» деген сияқты жерлерге келгенде, барлық үйдің іші қайта егіліп, тыйыла алмай, тұншыға жыласады. Абайға да шын жылаудың ең ауыр кезі осы болды. Ол көз жасын тіпті ірке алмай қойды. Буына жаздап, булыға жылап отыр».

Жалын ату тіркесі арқылы жан азасының жайын аңғарту осы Қодардың күйі мен Бөжейдің қазасы үстінде ғана қалың бояуда байқалады. Одан кейін эпопеяның өне бойында Абайдың дерт жеңген Дәркембайдың көңілін сұрап келуі мен Жамбылдың қабір басында Абайға арнап сөз айтуында ғана қылаң береді. Өңге «жалын ату» махаббат дүниесіне қарай ауысады. Сүйіспеншілік рәуішінде, ынтызарлық ыңғайында айтылады.

«Көптен көзден шықпаған кесек тамшы, ыстық жастар Абайдың көзінен кәрі досы Дәркембайдың мұрнына, оң жақ бетіне сап-салқын тамшы боп қат-қат тамды. – Қайран қартым-ай!.. Қадірлім-ай! – деп Абай, өзімен өзі сөйлескендей күрсініп, бір жалын атты» және «Әуелі аһ ұрып, жалын атты да, көзінен ыршыған ыстық жасын үлкен жүзіне ағызып тұрды. Сөйте тұра, ол бұндағы дос қазақтың, бауырмал қазақтың атынан дәл осы қабірдің басында, Абайға арнаған сөз бастады. Бұл сөз көңіл айтқан, жаралы жүректі жұбатқан, талай адал, дос бейілден тіл қатқан сөз еді».

Сонымен қатар Қадырбай­дың Абаймен әңгімесінде «Сен айтқандай панасыз, айла­сыз болғандықтан туып жатыр. Жалын атқан көптің дерті айтқызып жатыр ғой! – деп Қа­дырбай, бір үлкен түйін түйді», Абайдың оңаша қалғандағы ой кешу сәтінде: «Бір үйде емес, кү­ңіренген көп үйлердің көкірек жарған өксігін естіді. Жетім балалар мен жесір жар, жылаулар, аналар айырылу күйігінен жалын атады» және «Абай осы аз ғана жұмалар ішінде өзі кешкен қайғы мен өшкен жандар жайын ойлап, жалын ата күрсінді. Ел уайымы, ер зары еді» көрініс береді.

Ал сүйіспеншілік сәулесі түс­кен мына жолдардан жалын атудың жаңа бір өрнегін табамыз: «Ол Абай жазбай айыратын шабыт шырағы тәрізді. Дәрмен қазір сондай бір жалын атып тұрғандай», «Мынада соншалық жалын атып кеп, ынтызардың үнiмен: «Аңсадым ғой, зарықтым ғой!» – дедi», «Сонысына орай, Абайдың да бұған қазiргi сәтте анық асық мастай қарсы жалын атып, қызығып, сүйiп отырғанын аңғарды», «Қуантқан қызығы мол, қызу оты мол ыстық жарын жан-тәнiмен жабысып сүйедi. Бұрынғы өмiрiнде бұндай қып сезбеген, алғысы аралас сүю жалынын, өз iшiнен бүгiп, әсiресе, айқын табады», ал Мәкен қыз бен Дәрменнің оңаша сәті де өзгеше бедерленеді: «Кейін ол да кезек жалын атқандай дірілдеген ыстық еріндерімен Дәрменге өзі де өзгеше бой жаза түсіп, ыстық, нәзік жалынмен жабысты».

 

Соңғы жаңалықтар