29 Мамыр, 2010

ЗАҢ БҰЗҒАНДАР АНЫҚТАЛДЫ

454 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгінде мұнай өнімдерін сақтау мен сатуға рұқсат беру тәртібін жеткіліксіз және уақытынан кеш құ­қық­тық реттеу салдарынан жанармай құю бекеттеріне иелік ететін кәсіп­керлердің қызметіне құқық қорғау органдарының негізсіз араласа­тын­дығы баршаға мәлім болып отыр. Осы орайда тексеріс жүргізген про­куратура біраз жәйттің сырын ашты. “Лицензиялау туралы” жаңа заңда бұрын заңды түрде жанар-жа­ғар­май материалдарын сатумен және жанармай құю бекеттерін пайда­лану­мен айналысқан тұл­ғаларды лицен­зияны алғанға дейін өз қызметін тоқтата тұру міндеттелмеген болатын. Бірақ бұған қарамастан, құқық қорғау органдары жанармай құю бекет­терін­де оны сатумен айналысқан кәсіпкерлерге қатысты 2007 жылдың тамызынан лицензиясыз қызмет жасағаны үшін бірқатар қылмыстық істер қозғаған. Осыған байланысты Бас про­куратураның ресми өкілі бұ­рыннан заңды негізінде жанармай құю бекеттеріне иелік ететін және барлық құқықтық тетіктер орнатылғаннан кейін мұнай өнімдерін сақтау мен сату саласында қызмет етуге лицензия алған тұлғалардың әрекетінде заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, яғни Қылмыстық кодекстің 190-бабында көрсетілген қылмыстың құрамы жоқ деп есептейміз, дейді. Сондай-ақ, Бас прокуратура Техникалық реттеу және метро­ло­гия жөніндегі комитетте жүргізген тексеру кезінде ведомствоның аумақтық бөлімшелері тауардың қайдан шыққаны туралы серти­фикат беруде Экономикалық даму және сауда министрлігінің заңға қайшы бұйрығына сүйене отырып, кәсіпкерлерден техни­ка­лық реттеу саласындағы уәкілетті органмен ынтымақтастық туралы келісімді негізсіз талап еткенін анықтады. Соның арқасында бизнесмен­дердің құқығына нұқсан келтіретін аталған заңсыз бұйрықтың күші жойылды. Александр ТАСБОЛАТОВ.