Базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің жыл сайынғы ұлғаюын ескере отырып, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оның ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-дан 60%-ға дейін ұлғаюына байланысты артты.
Ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға көтерілді. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін (158,7-ден 189,8 мың теңгеге дейін) ұлғайтылды.
Нәтижесінде, бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшері 68,2 мың теңгеден 77,4 мың теңгеге дейін өсті. Зейнетақының өсуі барлық 2,2 млн зейнеткерге әсер етті.
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты мүгедектік және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін жәрдемақылардың мөлшері де артты.
Айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінің ұлғаюына байланысты тағы да бірқатар жәрдемақының мөлшері өсті.
Мәселен, жұмыс істейтін де, жұмыс істемейтін де әйелдерге бала тууға байланысты төленетін мемлекеттік қолдаудың мөлшері енді: бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК немесе 131 100 теңге (2022 жылы – 120 840 теңге), төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңгені (2022 жылы – 200 340 теңге) құрайды.
Республикалық бюджеттен жұмыс істемейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады, оның мөлшері АЕК өсуін ескере отырып, биылдан бастап 8,5%-ға өсті.
Жұмыс істейтін ата-аналар бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алады. 2023 жылдан бастап Президент тапсырмасымен бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды.