Ескі ғимаратты толық жөндеуден өткізген Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылы «Алақай» балабақшасын ашты. Осылайша Балалар жылын жақсы нотада қорытындылады. Іргесі 1992 жылы қаланған нысан күрделі жөндеуден кейін жаңғырып шыға келді. Бұрын мұнда «Березка» балабақшасы болған, ол «Қарабұлақ қант зауыты» АҚ-ға қарайтын еді. Акционерлік қоғам өкілдері 2020 жылы ғимаратты ауданның коммуналдық меншігіне қайтарымсыз негізде өткізіп берген екен. Кейін ол аудандық білім бөлімінің балансына беріліпті. Ғимараттың жалпы алаңы – 1 043,1 шаршы метр. Бюджеттен күрделі жөндеуге 422,3 млн теңге жұмсалған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстарын «Шах Құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізген. Балабақша барлық қажеттілікпен қамтылған, жиһаздары жаңаланған, ойыншықтар, музыкалық және спорттық жабдықтары түгел. Әр бөлме балалардың жасына сай жабдықталған. Балабақшада 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Бұл ретте балалардың тәрибесімен қатар, спортпен, музыкамен шұғылдануына жағдай жасалған. 27 жаңа жұмыс орны құрылған, 5 балалар тобы бар.
Одан кейінгі қуанышты жаңалық Ақсу ауданына қарасты Жансүгіров ауылында болды. Аудан орталығында «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы бойынша Е.Сиқымов атындағы орта мектептің 22 оқу кабинеті мен қосымша білім беретін STEM-зертхана, АРТ-студия, телестудия, коворкинг аумағы бар кітапханасының құрал-жабдықтары жаңаланды. Сол сияқты мектеп кітапханасының интерьері толық жаңартылып, спорттық жабдықтар жеткізілді. Мұның бәрін «Қазақстан халқына» қоры қаржыландырды. Оған шамамен 250 млн теңге жұмсалған.
Айта кетейік, аталған бағдарлама ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, әдіснамалық көмек көрсетуге, оқушылар мен ұстаздардың тәжірибелік білімдері мен дағдыларын арттыруға мүмкіндік береді.
«Қазір балалардың тәрбиесі мен біліміне қойылатын талап бұрынғыдан өзгеше. Балалардың жан-жақты дамуына, шығармашылық ізденісіне, ең алдымен баланың таланты мен қабілетін ескере отырып еркіндік берілуге тиіс. Жоба аясында «Назарбаев зияткерлік мектебімен» тәжірибе алмасудың, ынтымақтастықта жұмыс істеудің біздің мұғалімдер үшін пайдасы зор болды. Оқыту процесі оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де өз тиімділігін көрсетті», деді мектеп директоры Рахат Нығметбекқызы.
Білім беруді тұрақты дамыту қорының өкілдері осылайша Е.Сиқымов атындағы мектептің жақын маңдағы шағын мектептер үшін тірек мектепке айналғанын атап өтті. «Ең алдымен, Қазақстан халқының басым бөлігі ауылдық жерде тұратынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан ауыл оқушылары қала балалары сияқты түрлі мүмкіндікке ие болуға тиіс. Бүгінде біз тірек мектептерді дамытумен айналысамыз, онсыз ауыл білімін көтеру мүмкін емес», дейді Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Жалпы, Е.Сиқымов атындағы мектеп-интернатта 402 бала оқиды. Сондай-ақ 55 педагог жұмыс істейді.
Жетісу облысы