Қазақстан • 09 Қаңтар, 2023

Конституциялық Соттың жұмыс регламенті бекітілді

366 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Конституциялық Сотының 2023 жылғы 5 қаңтардағы нормативтік қаулысымен Конституциялық Соттың регламенті бекітілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Конституциялық Соттың жұмыс регламенті бекітілді

Құжат Конституциялық Соттың ішкі қызметін ұйымдастыру және оның тәртібі мәселелерін реттейді.

Мәселен, Конституциялық Сотқа өтініштер жазбаша немесе электрондық нысанда екі тілде (қазақ және орыс) беріледі.

Өкілдің өкілеттігі заңға сәйкес берілген және ресімделген сенімхатта немесе заң консультанты жасасқан заң көмегін көрсету туралы шартта не тиісті мемлекеттік органдардың, лауазымды және өзге де адамдардың тапсырмасын куәландыратын өзге де құжатта көрсетілуге тиіс.

Азаматтың келісімі нотариалды куәландырылған сенімхатта білдірілуі мүмкін.

Адвокаттың нақты істі жүргізуге өкілеттігі «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңда көзделген адвокат куәлігімен және қорғау туралы жазбаша хабарламамен расталады.

Заң кеңесшілері заң кеңесшілер палатасына мүшелігін растайтын құжатты ұсынады.

Заңды өкілдер өздерінің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттарды ұсынады.

Конституциялық Соттың отырысына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен өзге де адамдар шақырылуы көзделеді.

Бұл ретте отырыс залында фототүсірілім, бейнежазба, тікелей радио және телетрансляция, ғаламтордың ақпараттық-коммуникациялық желісінде бейнетрансляцияға төрағалық етушінің рұқсатымен жол беріледі, бұл туралы отырыс хаттамасында көрсетіледі.

Бұл әрекеттер отырыстың қалыпты өтуіне кедергі келтірмеуі тиіс және конституциялық іс жүргізудің уақыты мен кезеңдерімен шектелуі мүмкін.

Жабық отырыстарды өткізу және таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты немесе мемлекеттік құпияларды қамтитын мәселелерді талқылау құпиялылық режимінің талаптарын сақтай отырып және отырыстарға жіберуді шектей отырып жүзеге асырылады.

Конституциялық Сот отырысының барысына араласуға жол берілмейді.

Конституциялық Соттың отырыстары бейнеконференцбайланыс және өзге де қолжетімді онлайн-сервистер арқылы, бетпе-бет немесе аралас форматта өткізілуі, сондай-ақ интернет-ресурста онлайн режимінде таратылуы мүмкін делінген.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң 2022 жылғы 5 қарашада қабылданып, 2023 жылғы қаңтардан бастап күшіне енді. Конституциялық Сот Конституциялық Кеңесті алмастырады.