Саясат • 09 Қаңтар, 2023

Мәулен Әшімбаев: Мәслихаттарды заң жобаларын әзірлеуге жұмылдыру маңызды

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін, 9 қаңтарда Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Бюро отырысы өтті. Депутаттар 2023 жылғы 12 қаңтарда өтетін Палатаның кезекті отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев: Мәслихаттарды заң жобаларын әзірлеуге жұмылдыру маңызды

Сенат Төрағасы биыл Парламент жаңа жағдайда және жаңа талаптар мен міндеттерді ескере отырып жұмыс істейтініне тоқталды. Сондай-ақ Сенат өңірлердің мүддесін білдіретін институт болуға тиіс екенін атап өтті. Соған байланысты Палата Спикері депутаттарға Сенат іс-шаралары барысында азаматтарды толғандыратын мәселелерді белсенді көтеруді тапсырды.

Алдағы отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған кандидаттарды Жоғарғы Сот судьялары қызметінен босату мәселесі зерделенеді. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күші жойылды деп тану туралы» Конституциялық заңның жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының мүшелерін және Сенаттан қосымша баяндамашы сайлауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды. Оның ережелері елдер арасындағы ынтымақтастықты оңайлату үшін бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара тануды көздейді. Бұл ретте бұйымдар осы келісімнің талаптары мен импорттаушы тараптағы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес келуге тиіс.

Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе - «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң. Құжат апатқа ұшыраған ұшақтардың жолаушылары мен экипаждарын іздеу мен құтқаруда мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге бағытталған.

Сондай-ақ Бюро мүшелері Мәжілістен келіп түскен заңдарды Сенаттың тұрақты Комитеттеріне бөліп берді.

Мәулен Әшімбаев отырыста Бюро мүшелеріне Сенат Аппаратының жаңа басшысын таныстырды. Бұл қызметке Споткай Максим Александрович тағайындалды.

Ал бұған дейін Аппарат басшысы болып келген Әлия Рақышева өз өтініші бойынша қызметінен босатылды. Сенат Төрағасы бүкіл депутаттық корпустың және өз атынан Әлия Рақышеваға Парламенттің заңнамалық жұмысын жетілдіруге қосқан зор үлесі үшін алғыс айтып, Сенаттың Құрмет грамотасын табыс етті.