Тағдырдың маңдайға жазғанына шара жоқ. Есту қабілетінен айрылған жандар да қоғамның әр мүшесі секілді өмірдің қызығына бөленгісі келеді. Алайда, кейде ойлағандай бола бермейтіні өкінішті. Атырауда осындай санаттағы 600-ге жуық мүгедек бар. Олардың 230-ы ғана еңбекпен қамтылған. Бұлар тігін цехында жұмыс істейді, шығармашылық ұжым құрамында түрлі фестивальдарға, өнер сайыстарына қатысады. Облыстық мылқаулар қоғамының басшысы Замила Ахметова осылай дейді. Мұндай жандар әркез қолдауға, қамқорлыққа мәжбүр болғандарымен, оны жеткізіп айта алмайды. Олардың саусақпен сөйлесу тілін көпшілік түсіне бермейді.
Дегенмен, олардың арасында өнерлілері де молынан кездеседі. Оны Атырауда “Біз бір командамыз” республикалық әлеуметтік акция аясында мылқауларды қолдау мақсатында өткізілген “Шекарасыз қатынас” шарасында байқадық. Бұл акция облыстық “Жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер” одағының мәжіліс залында өтті. Дәл осы залда есту, сөйлеу қабілеті шектелген жандар жиналғандарға өз өнерлерін көрсетіп, өнерге, өмірге құлшынысы барын аңғартты. Әсіресе, Наташа Цойдың музыка ырғағымен ән айтуы, яғни әнді саусақ қимылымен жеткізуі тыңдарманын еріксіз ойлантады. Бишілер де жоқ емес. Жадыра Аққалиева мен Гүлнұр Әбілхатаева түрлі халықтың ұлттық билерін мың бұрала билеп, өнерге деген ұмтылысымен, тағдырдың теперішіне мойымайтын ерік-жігерімен ерекшеленді. Соның ішінде “Қара жорға” биін айрықша шабытпен, құлшыныспен биледі.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды бір ұйымға біріктіріп, қоғамнан бөлшектенбеуіне еңбек сіңіріп жүрген Замила Ахметованың айтуынша, өкінішке қарай, сахналық киімдерді ұдайы жалға алады екен. Арнайы тапсырыспен тіктіруге қаржы тапшы. Мұны өңірдегі кәсіпорындар басшыларына құлаққағыс ретінде айтқанын жеткізгіміз келді. Ал Атырау облыстық Азаматтық альянсының президенті, белгілі кәсіпкер Әлия Бекқожиева мүмкіндігі шектеулі жандарға әркез қолдау көрсетуге ұмтылып жүреді. Аталған шараға кәсіпкерлер атынан Ә.Бекқожиеваның бір өзі қатысып, мылқаулар қоғамының 12 мүшесіне ұялы байланыс телефондарын табыс етті.
– Біз мұндай жандардан сырт айнала алмаймыз. Өмірге мүмкіндігі шектеулі болып келгені үшін кінәлі емес. Олар қай кезде де мемлекеттің, жүрегінде имандылық қасиет ұялаған жандардың қолдауын сезінеді. Қиындыққа қарамастан, бизнеспен айналысып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген бұл адамдардың төзімділігіне, өмірге талпынысына тәнті боласың. Үкіметтің қаулысымен мемлекеттік тапсырыстың 30 пайызы осындай мүмкіндігі шектеулі жандардың үлесіне берілетінін білеміз. Осыған орай жақында Аджип ҚКО-ның тапсырысымен Мақат ауданындағы осындай жандармен 4 ай бойы тығыз жұмыс істедік. Оларды тігін бизнесіне үйреттік. Қазір бұл цех арнайы киімдер, халат, қолғап тігу бойынша бірнеше ірі тапсырыстар алды. Біздің қолдауымыз, көмегіміз бүгінгі шарамен шектеліп қалмайды. Біз үнемі қолдау білдіруге дайынбыз. Себебі, бәріміз – бірлігіміз жарасқан бір командамыз. Бұдан былай сіздерде ұялы телефон бар, енді sms хабарламамен байланыс жасап тұрайық, –деді Әлия Байжанқызы.
Облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Ағиба Қатешова мемлекеттің тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік тұрғыдан қолдауға ұдайы көңіл бөліне беретініне тоқтала келіп: “Ешкім ешкімнен артық та, кем де емес. Бәріміз бірдейміз. Сондықтан сіздерді ешкім қоғамнан бөлшектемейді, өнерлеріңізді көрсетуге шектеу жасамайды. Сіздердің кез келген адаммен, кез келген ұйыммен шекарасыз байланыс, қарым-қатынас жасауға мүмкіндіктеріңіз мол”, деді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.