Қоғам • 10 Қаңтар, 2023

Табыс аз, тұрмыс төмен

353 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Астықты аймақтардағы ахуал алаңдатарлықтай

Былтыр 20 қарашада болған Президент сайлауында жеңіске жетіп, жетіжылдық мерзімге сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жарлығын ауылды өркендетуге арнап, Үкіметке 2023 жылғы 31 наурызға дейін Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдауды тапсырғаны мәлім. Осы орайда құзыретті мемлекеттік органдар басқа салалармен салыстырғанда ауыл шаруашылығында жалақы мөлшері төмен екендігіне назар аударып, оның себебін анықтап, тиісті шара қолданса, құба-құп.

Табыс аз, тұрмыс төмен

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Мәселен, 2021 жылы еліміз бо­йынша орташа айлық жалақы – 250 311 теңге, ал ауыл шаруашылығында небәрі 150 705 теңге болды. Осы статистикалық көрсеткіштің өзі де шынайы жағдайды бейнелемейтін, ауылдықтардың көбінің езулеріне күлкі үйіретін «цифрмен ойнау» екені анық. Әсіресе, экспортқа миллиондаған тонна сапалы бидай мен ұн шығарып отырған негізгі астықты аймақтардағы орташа жалақы республикалық деңгейден едәуір төмендігі ойландырмай қоймайды. Мәселен, оның мөлшері Ақмола облысында – 203 006 теңге, Қостанай облысында – 201 923 теңге, Солтүстік Қазақ­станда 187 501 теңге болған. Ал аталған облыс­тардың ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы орташа жалақы өңірлік орташа жалақыдан шамамен 40 пайыздай кем.

Өкінішке қарай, түгін тартса майы шығатын құнарлы жері, жұпар шашқан ақ қайың шоқтары мен балығы шоршыған айдын көл­дері көздің жауын алатын таби­ғаты көркем солтүстік өңірлер тұр­ғын­дарының саны жылдан-жылға азайып барады.

Бұл теріс үрдіс­ті Үкімет кейінгі жылдары жүзеге асырып келе жат­қан жұ­мыс күші артық өңірлер­дің тұр­ғын­­дарын ерікті түрде қоныс аудару және шетелдерден атажұрт­қа орал­ған қандастарды квота бо­йынша орналастыру бағдарлама­лары тоқтата алған жоқ. Бәрінен де ел­дің шетінде, желдің өтінде жайғас­қан Солтүстік Қазақстан облысында қалыптасқан жағдай дабыл қағар­лықтай. Қызылжар өңіріндегі ауыл­дардың түтіні біртіндеп өшіп жатыр. Нақты айтсақ, 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыста 673 ауыл бар еді. Арада өткен бес жыл ішінде олардың 38-і жабылып, картадан алынып тасталды. Бұл аздай, қазіргі 635 ауылдың 328-і тірек және серіктес ауылдық елді мекендер тізбесіне енгізілмей, «келешегі жоқ» деген қатаң үкім кесілгендей болып отыр.

1999 жылы жүргізілген Ұлттық санақ қорытындысы бойынша Қызылжар өңірінде 725 980 адам тұрған болса, арада өткен 23 жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының саны 188 932 адамға азайып, 2022 жылдың басында небәрі 537 048 тұрғын қалыпты. Сол­түстікқазақстандықтар бас­қа өңірлерге, әсіресе Ресей Федера­циясының көршілес облыстарына көшіп кетіп жатыр. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!» демекші, мұның басты себептері – басқа өңірлермен салыстырғанда облыста жалақының аздығы және тұрмыстық жағдайдың төмендігі екені даусыз. Ал қай кезде болсын бағасын жоймайтын өнім – астықты мол өндіретін өңірде жалақы неге мардымсыз?

...Осыдан он шақты жыл бұрын Солтүстік Қазақстан об­лыстық орыс драма театрында өңір активінің жиналысы болып, онда ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Мінберге алғашқылардың бірі болып шыққан беделді шаруашылық басшысы: «Қазір ауылда механизатор табу проблемаға айналды. Зейнет демалысына шыққандардың орнын басатын кадр іздеп әуреміз. Жас­тар тракторға жолағысы келмейді. Көпшілігі оңай жұмыс іздеп, қалаға қашып жатыр. Ауылда қалғандары селеңдеп бос жүреді. Ата-аналарының зейнетақысына тамақ асырайды. Бұл қалпымыз­бен ауыл шаруашылығын қалай көтереміз? Үкімет осыны неге ойламайды?!» деді даусын көтере. Оның пікірін бірнеше әріптесі қолдап: «Иә, ауыл жастарының жұмыс істегілері келмейді», деп жарыса «жылады». Содан соң сөз кезегі Тайынша ауданындағы жақсы жетістіктерімен аты шыға бастаған «СТЕМ» ЖШС директоры Сергей Звольскийге тиді.

«Мен жастар жұмыс істегісі келмейді деген пікір айтқан әріп­тестеріммен келісе алмаймын. Сіздер өз шаруашылығыңыздағы механизаторларға қанша жалақы төлейтініңізді неге айтпайсыздар? Әрине, уақтылы жер жырту, тұқым себу, егінді арамшөптер­ге қарсы өңдеу, астықты жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу үшін жанталасатын ауыр жұмысты 30-45 мың теңгеге (ол кезде 200-300 АҚШ доллары – К.М.) кім істегісі келеді?! Ал қазіргіден бес-алты есе көп жалақы төлесеңіздер, диқан боламын дейтін жас жігіттер табылатынына кепілдік беремін. Мысалы, біз өз шаруашылығымызда мәселені осылай шештік. Сондықтан бізде кадр тапшылығы жоқ. Жас­тары­мыздың көбі ешқайда кетпей, туып-өскен ауылында қалып, жермен жұмыс істеп, табыс тауып, отбасы құрып, бақуатты өмір сүріп жатыр», деді Сергей Адамович.

Кейін кездесіп, сол жиынды еске түсіргенімізде ол: «Бұл әңгіменің сіз білмейтін жалғасы бар, деп күлді. – Жиналыс аяқталған соң «жастар жұмыс істегісі келмейді» деп кейінгі ұрпаққа кінә таққан қадірменді ағамыз мені өзі іздеп келіп, көзін ежірейтіп: «Балақай, сен ендігәрі менің сөзімді бекерге шығарушы болма! Сен менің қасымда кімсің?! Түсіндің бе?!» деп жекіді. Міне, осылай қоғамдағы «ауа райын» жасайтын «көкеміз» бар...».

Біз сол «көкеміздің» кейінгі кезде кеудесіне «нан пісіп»: «Мен – бүгінгі помещикпін» деп, мақ­тан­ғанын талай естігенбіз. Өкі­нішке қарай, қазір облыста, басқа өңірлерде де осындай «помещиктер» аз емес. Әрине, олардың бір кезде экономикасы құлдырап, банкрот болудың алдында тұрған шаруашылықтарды ойдағыдай басқарып, дамытқанын бекерге шығаруға болмайды. Алайда уақыт өте келе тек өздерінің баюын ойлап, қарамағындағы жұмыскер­лер­ге лайықты жалақы төлемей, тиын-тебен ұстатып, алдарқатуға көшкендері белгілі. Бірақ қазіргі жастар ондай алдауға көн­бейді. Қалаға көшіп, әртүрлі жұмыс атқарып, көбірек ақша тапқанды жөн санайды. Алыс-жақын шетелдерге барып, маңдай терлерін төге жұмыс істеп, қомақты жалақы алғанды да құп көреді.

Демек, ауылдағы жұмыс беру­ші­­лердің, әсіресе өткен ғасыр­дың 90-жылдарындағы жаппай жекешелендіру кезінде кеңшарлар мен ұжымшарлардың мүлкін ретін тауып иемденіп, бүгінде миллиондаған доллар байлық жинап алса да, түскен табысты жұртпен әділ бөліскісі келмейтін кәсіп­керлердің жалдамалы жұмыс­керлерге лайықты жалақы төлеуі мәселесін майшаммен қарайтын мезгіл жетті. Бұл ретте әуелі ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру керек. Әрине, былтыр бұл бұрынғы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтерілді, ал биыл 70 мың теңгеге дейін өсірілді. Дегенмен қазіргі бой бермей тұрған инфляция жағдайында 70 мың теңге де аздық етеді. Бұған қоса, шаруашылықтардың табысын бөлу мен еңбеккерлерге жалақы төлеу мәселесінің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізіп, тәртіп пен талапты күшейткен жөн. Ал оның орындалуын бақылауды күшейту үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарының жанынан құрылған кәсіптік одақ­тардың рөлін де арттыру керек.

Солтүстікқазақстандықтар­дың Ресей өңірлеріне жиі қоныс аударуы­ның тағы бір себебі – оларда бұрынғы кеңес одағы кезінде белгіленген аудандық коэффициент сақталғандықтан, тұрғындардың табыс деңгейі едәуір жоғары. Мәселен, өңірмен көршілес Ресейдің Қор­ған, Омбы, Түмен облыстары­ның тұрғындары жалақыларына 15 пайыздық үстеме алып отыр. Жұрт оны «солтүстік коэффициенті» деп атап кеткен. Демек, тұрғындары қа­таң климаттық жағдайда өмір сүріп жатқан Солтүстік Қазақстан об­лысына аудандық коэффициентті қай­таратын кез жетті деп ойлаймыз.

Солтүстіктің жеті айға дейін созылатын қатал қысында тұрғын үйлерді көмір жағып жылыту күйбеңі де солтүстікқазақстандықтарды жайлы мекен іздеуге мәжбүрлеп отыр. Оларды әсіресе көршілес Ресейдің Түмен, Қорған және Омбы облыстарының газдандырыл­ған елді мекендері қызықтырады екен. Өкінішке қарай, Солтүстік Қазақстан облысын газдандыру мәселесі жиырма шақты жылдан бері созбаққа салынып, шешілер емес. Басында Қостанай облысы сияқты, Солтүстік Қазақстанды да Ресейдің газ тасымалдау жүйесіне қосу ұсынылғанмен, бұл ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау таппаған.

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 17 маусымда болған еліміздің газ саласын дамыту жөніндегі кеңесте Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын толық газдандыру қажеттігін айта келіп: «Бұл – мемлекеттік маңызға ие мәселе. Кемінде екі тәсіл бар: «Сарыарқа» магистральді газ құбырын жалғастыру немесе Ресей газ тасымалдау жүйесіне қосылу. Екі нұсқаның да өзіндік плюсі мен минусы бар. Үкімет өңірлердің әкімдіктермен бірлесіп, жақын арада таңдау жасауға тиісті», деген болатын. Алайда содан бері бір жарым жылдан астам уақыт өтсе де, бұл маңызды мәселе бойынша әлі нақты шешім қабылданған жоқ.

Міне, осындай көкейкесті мәсе­лелер Қазақстан Республи­ка­сының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрініс тауып, нақты шешімдері айқындалса, игі.