Тарих • 10 Қаңтар, 2023

Тарих – тәрбиеші

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылындағы білім ошақтарының бірінде тарих және археология кабинеті ашылып, жас толқынға тылсым тарихтың көне сырлар көмбесі әбдіресін айқара ашты.

Тарих – тәрбиеші

Алақандай ауылдағы ақ түйенің қарны жарылатын әдемі оқиға. Артефактілердің көмегімен сонау тас дәуірінен жылға тартатын жылнама оқушылардың санасына тарих тағылымын себезгілеуде. Байтақ білімнің бастау көзін ашқан №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Серік Ысқақов. Ұстаздың айтуына қарағанда, баға­лы археологиялық жәдігерлерді облыстық тарихи-өлкетану және «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейлерінің қызметкерлері тапсырыпты. Жас ұрпақтың қамын ойлаған жанашырлық. Есте жоқ ескі кезеңнің құпиясымен танысуға оқушылар да құштар. Осы бір ұмты­лыс тынымсыз ұстаздың қолтығына қанат байлаған.

– Әзірге жәдігерлер аса көп бол­ма­ғанымен мейлінше қызықты, – дейді Серік Ысқақов, – көне дәуірге деген дәл осындай қызығушылық туындайды деп ойлаған да жоқ едім. Оқушылар шын мәнінде білгісі келіп талпынады, неше алуан сұрақтар қояды. Қола дәуіріндегі қолөнерші­лер жасаған зергерлік бұйымдарды ұстап көріп, өлкенің қаншалықты өнерлі әрі мәдениетті болғанды­ғын түйсінуде. Қорғандарды қазу кезінде табылған қару-жарақтар да ел қорғаған ерлердің бітім-болмысын айғақтайтындай.

1

Кабинетте Бурабай мен Зеренді аудандарының археологиялық картасы орналастырылыпты. Келесі жылы мектеп-гимназия оқушы­лары осы қазбаларға барып, зерттеу жұмыстарын жүргізбек. Уыстарына Ұлы даланың ұлағатын ұқтыратын олжа іліге қалса, өңір тарихын еселей түсетін үлес болмақ.

– Мен білім ошағымызда тарих және археология кабинетінің ашыл­ғанына қуаныштымын. Жаңа кабинеттегі әрбір жәдігер біз үшін баға жетпес бұйым, – дейді археология бойынша қалалық байқаудың бас жүлдесін иеленген 8-сынып оқу­шысы Самат Тәшмағамбетов.

Жаңадан ашылған кабинетте Көкшетау қаласының білім бөлімі «Қа­зақ халқының ұлт-азаттық көтері­лісінің тарихы – хан Кене» атты үшін­ші қалалық ғылыми-тәжірибе­лік конференциясын өткізді. Педагогтер мен оқушылар форумы, Кенесары ханның 220 жылдығына және білім ошағының 30 жылдығына арналған маңызды шаралар ұйымдастырыл­ды. Осылайша, шағын ауылда тыл­сым тарих шамшырағы шуағын төгіп
тұр.

 

Ақмола облысы