Аймақтар • 11 Қаңтар, 2023

Теріскейде өршіген тұмау

186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі эпидемиологиялық маусымда тұмауратқандар санының өсімі өткен маусыммен салыстырғанда 1,5 есе артық делінген. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 65 пайыз болған. Биылғы алғашқы науқас 14 қазанда тіркелген.

Теріскейде өршіген тұмау

Ал жуырда облыстық санитар­лық-эпидемиологиялық департа­мент басшысының орынбасары Арман Көшбасов былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда науқастанғандардың биылғы өсі­мі 1,6 есе деп жариялады. Соның ішінде 260 адам эпидемиялық мау­сым басталған кезден тіркел­ген. Олардың арасында 49-ы – жүкті әйел, 83-і – 14 жасқа дейінгі балалар.

Науқастардың ең көп шоғыр­лан­ған жері – Петропавл қаласы. Барлық науқастың 139 осында тір­кел­ген. Аудандар арасында Қы­зыл­жар мен Шал ақынның әрқайсысында 20-дан науқас табылып отыр. Барлық тұмауратқан 262 адамның 245-і тұмаудың В, ал 17-сі А түрімен науқастанған. А.Көшбасовтың айтуынша, нау­қастанғандардың бәрі де тұмауға қарсы екпе алмағандар.

«Қазір науқастанғандар са­ны өсе түсуде. Халықтың өз ден­сау­лығына көңіл бөлмейтіні бізді алаң­датады. Егер екпе алған­дар көп болса, науқастың саны да азаяр еді. Облыста барлық екпе алған тұр­ғын саны – 75 мыңдай, бұл – барлық тұрғынның 14 пайы­зы ғана, олардың арасынан бір­де-бірі ауырған жоқ», дейді маман.

Бір қызығы жаман індет мең­деп тұрған 2021 жылдың дәл осы мерзімінде тұмауратқандар са­ны 40 адам ғана болған. Ал 2020 жылы тіпті бірде-бір адам тұмау­ратып ауырмаған екен.

Маманның айтуына қарағанда, халық тұмаудан сақтану үшін мас­каны дұрыс қолдануға, көпшілік жерде әлеуметтік арақашықтықты сақтауға, жеке гигиенаны ұмыт­пауға шақырады.

Биылғы жаман індетке ұшыра­ғандар саны да өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өсіп отыр. Әзірге 50-ден артық адам тіркелген. Халқымыз «сақ­тан­саң сау боларсың» дейді ғой, сақтанудың еш артықтығы болмайды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы