Аймақтар • 11 Қаңтар, 2023

СҚО-да заңсыз аң аулаған екі азамат ұсталды

207 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Заңсыз аң аулаған Петропавл қаласының екі тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

СҚО-да заңсыз аң аулаған екі азамат ұсталды

3 қаңтар күні кешкісін рейд барысында Қызылжар ауданында Соколовка поселкелік полиция бөлімшесінің қызметкерлері тексеру үшін Mitsubishi Montero жол талғамайтын көлігін тоқтатқан. Көлік салонында Петропавл қаласының 41 және 38 жастағы тұрғындары болған. Полиция қызметкерлері артқы есікке жұққан қанды байқап қалады.

Салоннан арнайы қапшыққа салынған 12-ші калибрлі «АТА-ARMS» тегіс ұңғылы қару мен жануарлардың еті салынған сөмке табылды. Құжаттарды тексеру кезінде ер адамдар аң аулауға шыққаны, оларда бір қоянды атуға ғана арналған рұқсат қағазы бары белгілі болды.

– Шақыру бойынша келген жедел-тергеу тобы 3 сібір елігінің заңсыз атылған жерін анықтады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Қару, оқ-дәрі, жануарлардың еті тәркіленді, – деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.

Облыста өткен жылы заңсыз аңшылықтың жалпы 19 фактісі тіркелді.