Мұның сыртында, өңірде май мен қоспажем зауытын салу көзделіп отыр. Мұның бәрі өріске бай Тобыл-Торғай атырабындағы ірі қара санының ұлғая түсуіне, ауылдың әлеуетін арттыруға, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашады дейді мамандар.
Бүгінде жер жырттып, шөп шабатын техникасы бар шаруа да, дымы жоқ қарапайым тұрғын да мал өсіріп, оны көбейтуге аса құлықты емес. Өйткені еңбегінің өтеуі аз, маңдай терінің ақталуы қиын. Мәселен, өңірде ауыл шаруашылығымен айналысып жатқан 7 760 кәсіпорын бар. Оның 872-сі – ірі шаруашылық санатына жататын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Алайда бұл серіктестіктердің 60 шақтысы ғана мал ұстайды. Оның ішіндегі 12 ірі шаруашылықта ғана мал басы 400-ден асады.
Ауылшаруашылық мамандарының айтуынша, бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Мал шаруашылығын ілгерілету арқылы ауыл-ауылда мыңдаған жұмыс орындарын ашуға болады. Мысалы, бір сүт фермасының өзі 40 шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Тек егін шаруашылығымен ғана айналысып жатқан 800-ден астам серіктестіктің өкілдері мал шаруашылығын жалаң қаржының күшімен ғана дамыту мүмкін емес деп отыр. Олардың пікіріне ден қойсақ, бұл мәселені жан-жақты ойластырылған, тиімді жобаларды іске асыру арқылы ғана шешуге болады.
Рас, қолға алынғанына бірталай жыл өтсе де, тиімділігін көрсете алмаған «Сыбаға» бағдарламасына да сын айтушылар көп. Көпшілік шаруаның ортақ пікірі «Сыбаға» бағдарламасы өте кеш басталды дегенге саяды. Өйткені бұл бағдарлама өңірде ауылдар күйрегеннен кейін ғана қолға алынды. Сондықтан мал басын көбейтуге тек қаржы салу аздық етеді. Қаржының күшімен малды тоқсаныншы жылдары, халықтың басым көпшілігі әлі ауылда тұрып жатқан кезеңде көбейтуге болатын еді.
«Төрт түлікке қолайлы қаншама жеріміз, суы тұщы өзен-көліміз бар. Сондықтан қандай жағдайда да мал шаруашылығын қайта қалпына келтіру керек. Бұл үшін жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен несие беру, оны өтеуді алты айдан соң ғана бастау сияқты қаржылай қолдау тетіктерінен бөлек, малды етке өткізу жағын да жан-жақты ойластыру қажет. Мал шаруашылығы малдан пайда түскен жағдайда ғана дамиды. Мал өсіріп, одан табыс тапқан жағдайда ғана бұл салаға жұрттың жаппай қызығушылығы оянады. Әркім мал өсіруге ұмтылады. Сондықтан малды тұрақты түрде сатып алып отыратын сенімді жол қалыптастыру қажет. Фермер өзі өсірген малды лайықты бағаға сата алатынына сенімді болғанда ғана шаруасы ілгерілейді. Яғни алдымен малды лайықты бағаға сатып алатын тоңазытқышы, сою цехы бар ірі компаниялар болуы шарт. Олар шетелдерге ай сайын 2-3 немесе 5 мың тонна ет сата алатындай болса тіпті жақсы. Мәселен, Ауғанстанға бидай жіберіп жатқан кәдімгі трейдерлер бар ғой, сол сияқты ет экспортына да трейдер қажет. Сонда ғана жұрт жаппай мал өсірумен айналыса бастайды. Оның айналасында тері, жүн өңдеу саласы да қолға алынса игі», дейді шаруалар.
Мал шаруашылығымен айналысып жүрген бірнеше шағын фермерге «Ірі кәсіпорындар ашу арқылы ауылдың әл-ауқатын арттыруға бола ма?» деген сауал тастап көрдік. Өйткені осыдан біраз жыл бұрын Арқалықта ет комбинаты ашылғанда жұрт «енді Торғай өңірінде мал шаруашылығы дамиды, комбинат жергілікті халықтың қолындағы малды лайықты бағамен сатып алып отырады, сәйкесінше, әр аулада төрт түлік көбейеді» деп шуласқан. Алайда комбинат жеке тұрғындардың қолындағы малды қымбатсынып, өзіне арнайы бордақылау алаңын салып алды да, қазір дербес тіршілік етіп жатыр.
Малсақ жұрттың пікіріне қарағанда, ауылды көркейту үшін шағын фермерлерді көбейту керек. Алайда бұл жерде «Мал баққанға бітеді» деген қағиданы ұмытпау керек. Әйтпесе, қазір ауылда отырып, сүтті сатып алып ішіп отырған ағайын да аз емес. «Сыбаға» бағдарламасына қатысқандардың да бәрі бірдей фермер болып кеткен жоқ. Астыртын ауыз жаласып, жақын ағайын-туыстарының немесе жергілікті шаруаның малын уақытша өзінікі етіп тіркетіп, «Сыбаға» арқылы мемлекеттен алған қаржыға той жасап, автокөлік сатып алғандар да кездеседі. Сондықтан мемлекет қолдауды нағыз мал баға алатын, шаруақор адамдарға көрсетуі керек.
Мәселен, Меңдіқара ауданындағы Теңіз ауылында тұратын Ербол Қарымсақов 2015 жылы облыс әкімдігіндегі қызметін тастап, ауылға барып, мал шаруашылығымен айналыса бастады. Әуел баста інісі екеуі шаруашылықты 4-5 сиырмен бастап еді, бүгінде 50 шақты ірі қарасы, 300 қойы бар.
– Мал басын көбейту үшін жем-шөп, оны егетін, шауып алатын жер, қосымша қол керек. Биыл мен 35 гектар арпа ектім. Бірақ оны орып алу үшін дұрыс комбайншы таба алмай қиналдым. Комбайнның бәрі ескі, еккен өнімнің жартысы жерде қалады. Комбайнның соңынан жүгіріп жүріп қаншама уақыт кетеді. Енді келесі жылдан бастап арпа екпей-ақ, жем сатып алуды ойлап отырмын. Сол тиімді сияқты. Егін егуге шамамыз жетпейді. Тек мал ұстап, жемін сатып алуға болады. Ал шөпті өзіміз шауып аламыз. Бірақ бізде шөп шабатын жер жоқ. Мен, мысалы, шабындықты жалға алып отырмын. Жетпеген шөпті шалғай жерлерден шауып аламыз. Биыл 200 орама шөп, 300 орама сабан дайындадым. Оны тек қара малға беріп жатырмын. Ал қой бүгінге дейін тебінде жүрді. Қамағаныма 2-3-ақ күн өтті. Негізі, экономикалық жағынан есептегенде, қара малдан гөрі қой баққан тиімді ме деп ойлаймын. Бірақ қой бағу тиімді болғанымен, оның етін өткізу қиын, – дейді Ербол Қарымсақов.
Қазір ет комбинаттары ірі қараны салмағы мен арық-семіздігіне қарай 1 600 бен 1900 теңгенің аралығында сатып алады. Малдың терісі көбіне далада қалып жатыр. Оның сыртында, еттің бағасы былтырдан бері өзгермеген. Фермерлердің сөзіне қарағанда, егер ет бағасы шыққан шығын мен еткен еңбекке сай болса, атакәсіпке деген қызығушылық та артады.
– Бір жылдары Өзбекстаннан келіп малды тірідей алып кететін. Малдың бағасы да жақсы еді. Содан ұрғашы мал азайып бара жатқан соң, бұған тыйым салынған. Осылайша, сыртқа өнім шығара алмай қалдық. Енді сол квота қайта ашылады екен деген әңгіме шығып жатыр. Қазір бір ірі қараны әрі кетсе 300 мың теңгеден өткіземіз, егер сырттан келіп 400 мың теңге ұсынса, әрине оған қуана береміз ғой, – деді фермерлер.
Өзбекстандық кәсіпкерлер үшін ірі қараны тірідей сатып алған тиімді. Өйткені олар малды толық өңдеуді игеріп алған. Тіпті сойылған малдың қаны мен тезегіне дейін өңделеді. Малдың мүйіз-тұяқ, сүйегінен ұн тартып, қанынан ит пен мысыққа тамақ жасап, түгіне дейін кәдеге жаратады. Тек жануардың ішінде қалған ауа ғана өңделмейді.
Биыл облыс басшысы Құмар Ақсақалов аудан әкімдеріне фермаларды көбейту туралы тапсырма беріп отыр. Өңірде мал шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспары да жасалып, пысықталып жатыр.
Ал төрт түлік өргізіп, мал ұстап отырған шаруабасты жұрт: «Ең бастысы, еттің бағасы мал өсірудің қиындығы мен жемшөпке, қоражай, техника күтіміне кететін қыруар шығынға сай болу керек, мал шаруашылығы сонда ғана ілгерілейді», дейді.
Қостанай облысы