Әдебиет • 12 Қаңтар, 2023

Порлоктон келген адам

397 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шапағатты Шаңдун көне жұртына,

Құбылай тікті ордасын,

Қасиетті Су-Анасы бұлқына,

Құйып жатты маужыраған мұхитқа,

Үңгірлерді үңгіп өтіп арнасы...

Порлоктон келген адам

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

Сэмюэл Кольридж, ағылшын ақыны, 1797 жылы осылайша бастап асқан шабытпен жаңа поэмаға отырады. Өзінің айтуынша, жаңа дастанның оқиғасын түсінде көреді. Ұйықтар алдында апиын қабылдап, Марко Полоның Ханбалыққа барып, Құбылайдың ордасында болғаны жайлы жазбасын оқып жатқанын да ұмытпауымыз керек. Ояна салып аянда көрген баянын жазып бастайды. Әлқис­сасынан ары аса бергенде, қызметкері әлдебір кісінің келіп тұрғанын хабарлайды. Міне, дәл осы жерде әдебиет дүние­сінде жаңа бір образ пайда болады. Біздің де кейіпкеріміз сол.

Кольридж осы сәтті «абыржыдым әрі абдырап қалдым, аянда көрген оқиғам бұлыңғырланып сала берді, жалпы нобайы ойға оралғанымен, жеті не сегіз жолдан басқасы анық еске түспейді, су бетіне тас түскендей, толқындап-толқындап барып, толассыз келген өлең тарқап кетті», деп бейнелейді.

Ақын әлгі келген кісіге барып жолы­ғады да жарым сағаттан аса әңгімелеседі, ақырында ол кісінің кім екені де, өлеңнің не екені де жадынан жарқ еткен бір сәттей болып жоғалып кетеді. Бейтаныс адамның Порлок деген қалашықтан келгені ғана есінде қалады.

Міне, осылайша әдебиетте «Порлоктан келген адам» деген түсінік қалыптасады. Кольридж болса, «Құбылай хан немесе аян түс» поэмасын қысқа қайырып, жылы жауып қояды. Аяқталмай қалған поэмасының үзіндісін достарына оқып беріп жүреді. Сол нұсқасы жиырма жылдан кейін ғана жарыққа шықты. Оның өзі, Байронның қолқасымен.

Жалпы, ақынның өмір тарихын жазушылар мен осы мәселеге қызығушы­лар бастаған дастанын аяқсыз қалдыру Кольридж­дің бағзы дағдысы, ескі әдеті екенін де айтады. «Кристабель» деген ­поэмасы да осының күйін кешкен.

Порлоктан келген адам шынайы әңгіме ме, әлде ақынның аяқсыз қалдыр­ғаны үшін ақталғаны ма, ол жағы бей­мәлім. Осы оқиғаның жаңа бір образды тудырғаны ғана анық.

Сонымен, Порлоктан келген адам­ның сыры неде? Әдетте, осы ұғыммен шы­ғармашылық процеске кедергі келті­руші адамды атайды. Шабыт үстіндегі шығармашылық адамының қай-қайсы болсын, өмірінде бірнеше мәрте «Порлоктан келген адаммен» ұшырасатыны кәміл. Ол әр алуан бейнеде, әртүрлі күйде келе­ді. Кейде есіктің қоңырауын басқан я телефонға қоңырау шалған кездейсоқ адам­ның өзі «Порлоктан келген адамға» айналып кетерін біле бермейді. Кейде жұмыс барысында үлкен қаламгерлерге қандай да бір оқиға жайлы пікір алу үшін хабарласатынымыз бар. Телефон тұтқасының арғы жағындағы дауыс кейде тарихтың түкпірінен шығып тұрған­дай естілетіні бар. Өткенде Қажығали Мұқаметқали ағамыз жайлы бір естелікті көзім шалды. Ас ішуге шақырып барған апамызға «тыныш, мен орта ғасырларда жүрмін» деп күбірлейді екен.

Бір жазушы Бұмын қаған болып күбірлеп отырса, бірі Абылай хан болып ой кешіп отырады. Бірі ашаршылық заманындағы баланың образына енсе, бірі Төле би болып билік айтып тұрады. Қаламгер қаламынан қанша кейіпкер туса, жазу үстінде сонша кейіпкер болып құбылатыны жасырын емес. Қанша заманды жазса, сонша заманды өткереді. Ойдың күшімен он сан әлемді шарлап жүреді. Сол сәтте сіз оны мазалайсыз. Шабыт дүниесінен шақырып аласыз.

Порлоктан келген адам – Музаның антиподы. Муза ұялшақ, муза кінәмшіл, муза үркек. «Отырғанын қарашы күйім келмей, Қайда кеттің, о, муза, құйын желдей?!» демеуші ме еді Мұқағали.

Порлоктан келген адам кедергісі болса да, кесірі жоқ, заясы болса да, зарары жоқ болса құба-құп. Кездейсоқтықтан ешкім де сақтандырылмаған. Ал егер ол алаштықтар заманындағыдай алакөз жендеттер, кеңес тұсындағыдай үрей­лі үндеместерге айналып кетсе, ол – сұмдық.