Әдебиет • 12 Қаңтар, 2023

Білгенге – маржан

330 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мұғалім Толстой

Сонау 1859 жылы Лев Толстой халыққа білім беруге бекініп, әйгілі Ясная Полянасында шаруа балаларына арнап мектеп ашты. Жазушы кез келген адамды ешбір мәжбүрлеусіз оқытуға болады деп санайтын. Оның білім беру жүйесінде ең ауыр жаза – сабаққа кіргізбеумен ғана шектелді. Толстой ақсақалдың мектебінде іргедегі ауылдардан қырық шақты бала оқыған. Мұнда оқу, әрине тегін: жасөспірім ұлдарға да, қыздарға да арналды. Білім ошағында Мәскеу мен Туланың семинаристері, тіпті графтың өзі де ұстаздық етті. Ол оқушыларды тату отбасына айналдыруға тырысатын. Ал мектепке келу ешкімге міндеттелмеді – сөйтсе де сабақтан қалушылар аз болған деседі. Оқу, тарих, математика пәндерінен бөлек ұсталық­қа, ауылшаруашылық жұмыстарға да үйретті.

Білгенге – маржан

 

Толстой ақсақалдың табиғатында әлдеқандай бір қаталдықтың барына сенбейсің. Сондай жанның қабағы қатулы мұғалім болмауы да екібастан белгілі. Лев Николаевич балалармен түрлі ойындарды жиі ұйымдастырды: гимнастикалық құралдарға көтеріліп, мұз сырғанақтарымен сырғанауды ұнататын. Бірде лотерея ойнатып, жеңімпазға ат мінгізді. Кейін осы өңірде Толстой әдісімен жиырмаға жуық мектеп ашылды. Ал Ясная Полянадағы білім ошағы үш жылдан соң жабылады. Бұл – жазушының үлкен әдебиетке қайта оралған шағы.

 

 Чехонте шеруі

Өмірде тым байсалды адамдар да кейде сүйкімсіз көрінеді. Небір сөзіңнің төркінін түсінбейді, не әзіліңнің астарын ұқпайды – түк эмоция жоқ. Мұндай жандардан Антон Чехов та алыс жүретін. «Егер сіз әзілді түсінбесеңіз, онда жазып алыңыз» дейді жазушы. Ол ылғи айналасын қылжағымен «бір тістеп», әркімге күлкілі лақап аттар ойлап табатын, тіпті өзіне де. Автор шығармашылығында­ғы сандаған бүркеншік есімдер, міне осылай пайда болды. Әйгілі «Антош Чехонтеден» басқа Шампан, Шиллер Шекспирович Гете, Науқассыз дәрігер, Қалақай мен Көкбауырсыз адам болып қол қойған. Осы секілді Чеховтің 50-ден астам бүркеншік аты белгілі.

Жазушының бұл ғадеті туысқандарына да оңай соқпады. Ольга Книппер күлкілі лақап аттардың бір топтамасына айналды. «Милюся», «ақымағым» деген сүйіспеншілікке толы атаулардан бөлек хат жазысқанда басқа да еркелетулер «аяусыз» қолданылды: «аяулы әжем», «менің жәндіктерімнің сүйіктісі», «менің сүйікті китім», «менің жанымның қолтырауыны».

Ал кейіпкерлеріне қызықты есім­дер мен фамилияларды жинап, сәл өзгертіп отырған. Мәселен, Чимша-Гималайский тегі («Қарлыған» әңгімесі) – Чеховтың сахалиндік танысы Римши-Пилсудскийдің фамилиясын меңзейді. Жазушы оның визиткасын ылғи өзімен бірге алып жүріп, мұндай фамилияны мас күйіңде де ойлап таба алмайсың деп жиі күлетін.

1

 

Жоғалған нүктелер

Константин Паустовскийдің «Золотая роза» повесінде жазушы Андрей Соболь «Моряк» газетіне әңгіме алып келеді. Бір қарағанда, тақырыбы қызықты, жақсы жазылған, бірақ басы қайсы, аяғы қайсы ажырата алмайтындай сапырылысып жатқан дүние. Сонда корректор Благов түнімен отырып, әлгі шығарманың бір сөзіне тиіспей, құйылып түскендей тұп-тұнық прозаға айналдырады. Ал Соболь тыныс белгілеріне, әсіресе нүктеге сұмдық салақ екен. Тәуір шығарманы тұмандатып тұрған да сол «жоғалған нүктелер».

Сол сияқты әлем әдебиетінде сауатсыз һәм талантты жазушылар бар­шылық. Ертегіші Андерсен осы тізімнің бірінші сапында тұр. Бірнеше мектепте оқыған ол мұғалімдердің сәл қабақ шытуын қабылдай алмапты. Сөйтіп, өмір бойы жазудан арылмаса да сауаттылыққа ақыры үйренбеді. Оның шимай-шатпақ шығармасынан баспалар да тұра қашты. Жақсы оқымаған жазушы талай ақшасын оқытуға, қатесін салдыруға жұмсады. Сауатсыз талантқа күлесің бе жылайсың ба?..

Ал өзі де, өлеңі де, өмірі де аңызға айналған Маяковский ереже дегенді тіпті менсінбеген. Нақтырақ айтсақ, мойындамаған. Ақын нүктелер мен үтірлерді ұнатпайтынын жасырмайды. Кейде сонысын мақтан тұтады. Дегенмен, әдебиетші-ғалымдар Маяковскийдің бұлай еркелеуінің себебі ұстанымында емес, грамматиканы білмейтіндігінде дейді. Тыныс белгісіз өлең бола ма, бұл ақынға да айналасындағылар көмектесті. Алғашында футурист-әріптестері қарап жүрсе, кейін үтір-нүктелерге Осип Брик жауапты болды. Сонымен өлеңді жазған – Маяковский, үтірін қойған – Осип Брик.

Детектив жанрының шебері Агата Кристи де дислексиядан арыла алмады. Бес жасынан кітап оқып, талай шығарманы түгескен ол дұрыс жазуды сол бойы үйренбеді. Енді бір жағынан, қалам қуатты болса, өріп жүрген қателер сұмдық бір қайғыға ұшырата қоймас дейсің. Агата да сөйтті.

Ал қолжазбасын қолтығына қысып, көзілдірігінің қырына қағаз қыстырып, ылғи жүннен тоқылған жемпір киіп жүретін Хэм ағайдың қате жазуының сыры басқа. Эрнест Хемингуэй тыныс белгілерін қойып отыруға жай ғана ерінген. Салғырттығы соншалық, тіпті сөздің өзін қисайтып, әріптерін ауыстырып жаза беріпті. Осыдан соң талай классиктердің жұлдызды шығар­машылығының көлеңкесінде қаншама редактордың еңбегі қалды дейсің.

1