Аймақтар • 12 Қаңтар, 2023

Қаңтардағы қарбалас

208 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қаңтардың қарлы бораны мен қақаған аязы қалаға да, ауылға да оңай тиіп жатқан жоқ. Ауа райының қолайсыздығынан соңғы аптада мектеп оқушылары онлайн режімде оқуға көшті. Ауыл-ауылға кіреберіс жолдарды қар басып, жол қатынасы қиындап кетті. Ол аз болғандай, қырық градустық аязда ірі елді мекендердегі жылу, су құбырлары да сыр бере бастады.

Қаңтардағы қарбалас

Құтқарушыларда тыным жоқ

Үскірік аязға қарамастан сапарлап шығып, орта жолда қалған жолаушылар да аз емес. Құтқарушылар соңғы күндері автокөлігі істен шығып, сақылдаған сары аязда айдалада қалған 12 адамды күре жолдың бойында орналасқан арнайы жылыжайларға жеткізіп, жандарын аман алып қалды. Мысалы, 9 қаңтарда әулиекөлдік құтқарушылар Сұлукөл ауылынан 40 шақырым қашықта жолда қалған 5 адамды аман-есен Әулиекөлдегі арнайы жылыжайға жеткізіп, ас-су беріп, дәрігерлік көмек көрсетті. Олар мінген «Жигули» автокөлігі істен шыққан. Абырой болғанда, жолаушылардың бәрі дін аман, аяқ-қолын үсік шалып, ауруханаға түскен ешкім жоқ.

– Сол күні Қамысты ауданындағы ТЖ бөлімінің қызметкерлері тағы бір құтқару шарасын өткізді. Қамысты мен Қарабұтақты жалғап жатқан республикалық маңызға ие автожолдың 36-шы шақырымында «Мерседес» автокөлігі сынып, жолда қалғаны туралы хабар алдық. Құтқарушылар дереу жолға шығып, жолаушылардың көлігін жөндеуге қол­ұшын берді. Сағат 23:00-де 7 адамды Ливанов ауылындағы жылы пунктке орналастырып, тамақтандырдық. Жолда қалғандардың ішінде 5 бала бар, – дейді облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Уәлихан Досанов.

Сол күні 7 жолаушыны жылы панажайға орналастырып бола сала, құтқарушылардың қайта жолға шығуына тура келген. Бұл жолы Қостанай – Қарабұтақ бағытындағы автомобиль жолының бойында қар құрсауында қалған жүк көлігінен қоңырау түскен. Жүк көлігін мінген 2 жолаушы да Ливанов ауылына жеткізіледі.

Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, боранды-аязды күндері жол үстінде қалған отыз шақты жолаушы құтқарылған. «Құтқару операциялары сәтті өтті. Жол үстінде қалған жолаушылардың бәрі аман-есен жылу пункттеріне орналастырылды. Ертеңінде үйлеріне жеткізіліп, туыстарымен қауышты», дейді департаменттің баспасөз хатшысы У.Досанов. 

Аязды күндері облыста жүк көліктері мен жолаушылар автобусы сияқты дизель отынмен қозғалатын автокөліктердің бәріне жолға шығуға тыйым салынды.

 

Құбырлар сыр беріп жатыр

10 қаңтардың қақаған кешінде Қостанай ауда­нына қарасты Заречный ауылындағы бірталай үй жылусыз қалды. Аудан әкімдігінің өкілдері мұны ауа райының қолайсыздығымен байланыстырып, «аяздың әсерінен газ құбырындағы қысым күрт төмендеп кеткен» деп түсіндірді. Абырой болғанда, 2-3 сағаттың ішінде құбырдың ақауы жөнделіп, тұрғын үйлер жылу жүйесіне қосылды.

Ауа райының әсері ме, әйтеуір аяз күшей­ген сайын, Қостанай қаласында да су, жылу құбырының жарылуы жиілеп кетті. Қала әкім­дігінің мәліметінше, қыс түскелі «iKomek» қызметіне тұрғындардан 699 қоңырау келіп түскен. Тұрғындардың 427-сі жылудың мүлде жоқтығын, 225 адам жылудың әлсіз екенін айтып шағымданған. Ал 40 шақты тұрғын құбырдың ақауын жөндеп беруді өтінген.

Қаланың ескі шағын аудандарын айтпағанда, жаңа бой көтерген «Аэропорт» шағын ауданындағы құбырлардың жиі жарылуы үйреншікті көрініске айналған. Жауапты мекеме өкілдерінің айтуына қарағанда, бұл шағын ауданда құбыр төсеу жұмыс­тары дұрыс жүргізілмеген, нәтижесінде төселгеніне көп бола қоймаса да, құбыр жүйесі шіри бастаған. 

Қыстың ортасында қаланың кейбір көшелерін су басып жатқанын да айтпай кетуге болмайды. Мысалы, 11 қаңтарда түн жарымда Қостанайдағы Шаяхметов көшесінде орналасқан №166 тұрғын үйдің жанындағы суық су құбыры жарылып, нәтижесінде сол маңайдағы бірнеше жеке үйдің ауласын су басып қалды.

– Апат орнында түні бойы 16 техника, 25 адам жұмыс істеді. Апат орнына қала әкімі барып, тұрғындармен кездесті. Бір үйдің тұрғындары уақытша баспанаға көшіріледі. Қалған тұрғындар біз ұсынған пәтерден бас тартты, – деді  қала әкімінің орынбасары Алмат Исмағұлов.

Мамандардың айтуынша, 1970 жылы төселген ескі шойын құбыр қатты аязға шыдамай жарылып кеткен. Әкімдіктегілер таяу арада тұрғындарға келген залалды өтеу бойынша төлемдер жүргізіледі деген уәде беріп отыр.

 

Қостанай облысы