Ал бұған нарықтағы бәсекенің ұлғайып, кез келген тауар түріне сұраныстың артып жатқаны септесіп отыр. Мұны 2022 жылы Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасының кәсіпорындарға берген 1 457 сертификатымен дәйектеуге болады.
Салыстыру тұрғысында 2021 жылы кәсіпорындарға берілген сертификаттар саны – 772, ал 2020 жылы 470 болғанын айта кетуге болады.
Тауардың шығу түбін сертификаттау бөлімінің сарапшысы Сәуле Нұрбекованың айтуынша, 2022 жылы Алматы кәсіпкерлер палатасы 11 815 экспорттық сертификат берген. 2021 жылы бұл көрсеткіш 9 827 сертификатқа жетсе, 2020 жылы 5 967 сертификатты құрады.
Өндірісті сертификаттау саласында индустриялық сертификат ерекше маңызға ие екендігін атап өткен жөн. Егер кәсіпкердің технологиялық жабдықтармен қамтылған жеке өндірісі, жұмыс істеп жатқан мамандары бар болса, онда осы сертификатты ала алады. Сертификатты рәсімдеу 2 кезеңнен тұрады.
«Индустриялық сертификат өте маңызды құжат. Құжатты бірінші кезеңде алу үшін кәсіпкер салалық қауымдастықтың салалық сарапшысының қорытындысын алуға тиіс. Салалық сарапшы кәсіпкер өндірісінің белгіленген талаптарға сәйкестігін айқындап, қорытындысын береді. Кәсіпкер оң қорытынды алғаннан кейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының atameken.kz сайты арқылы өтініш береді. Бұдан әрі индустриялық сертификатты ресімдеумен өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандары айналысады», дейді маман.
Сертификат 3 жылға тегін беріледі. Алайда егер тауар өндірісінде, жұмыстар мен қызметтерді жеткізуде өзгерістер болмаса, сертификат жыл сайын жаңартылып отыруға тиіс. Егер өзгерістер болса, кәсіпкер сертификатқа өзгерістер енгізу туралы өтініш беруі керек. Мәселен, 2022 жылы Алматы кәсіпкерлер палатасы 68 индустриялық сертификат берген. Индустриялық сертификат деп отырғанымыз – кәсіпорынның отандық өндіруші екенін растайтын құжат.
«Сарапшылар кәсіпорындарды база, жабдық, технологияның болуына, сондай-ақ өндірістің мәлімделген қуатының сәйкестігіне тексереді. Егер өндіріс барлық талапқа сай болса, индустриялық сертификат ешқандай кедергісіз беріледі. Индустриялық сертификатты қалыптастыру қағидалары бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп әзірленді, өндірушіні тізілімге енгізу өтеусіз және ерікті түрде жүзеге асырылады. Қазір Қазақстанда шетелдік компаниялардың өндірісін релокациялау үдерісі жүріп жатыр. Осыған байланысты тауарларды сертификаттау бойынша жұмыстар ұлғайтылып, сертификаттар беру бойынша бақылау күшейтіледі», дейді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.
АЛМАТЫ