Оқиға • 13 Қаңтар, 2023

Есірткі арнасына тосқауыл

214 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының үйлестіруімен Полиция департаментінің есірткі қыл­мысына қарсы іс-қимыл бас­қар­масының қызметкерлері өңірге синтетикалық есірткілер әкелудің ірі арнасын анықтап, жолын кесті.

Есірткі арнасына тосқауыл

Күдікті ретінде ұсталған адам – бұрын сотты болмаған 29 жастағы әйел. Келіншек Астана қаласынан облыс аумағында сату үшін жасанды есірткі әкелген кезде ұсталды. Сарғыш түсті 20 түйіншекке салынған ақ ұнтақ синтетикалық есірткі болып шықты. Күдіктінің тұрғылықты жерін тексеру барысында тағы да сондай ұнтақтар табылған. Оларды ұсақтап, бөлектеп салып қоятын жылтыр қағаздар, электрондық таразылар да табылды. α-PvP формуласымен белгіленетін бұл синтетикалық есірткі қылмыс әлемінде «тұз» деп аталады. Табылған барлық есірткінің салмағы – 1 кг 113 грамм. Бұл жүздеген адамды есінен айыруға жететін зиянды зат.

Қылмыскердің әкесі де күдікке ілігіп, оның үйі мен гаражына тінту жүргізілген. Тінту кезінде 51 жастағы ер азаматтың гаражынан ППШ автоматының муляжы, ИЖ-К тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, «ИЖ-38» пневматикалық винтовкасы, «Perfecta» газ тапаншасы, екі мыңнан астам құрылыс-монтаж оқ-дәрілері мен басқа да оқ-дәрі, «Ф-1» оқу-жаттығу гранатасы шықты. Ешқайда тіркелмеген осынша қару-жарақты адамның кімнен қорғану үшін жинағаны әзірге белгісіз. Сарапшылар оның бәрі де атуға қауқарлы екенін дәлелдеді. Қазір сарапшылар бұл қарулардың қылмыс әлемінде бұрын қолданған-қолданылмағанын зерттеп жатыр.

Облыстық ПД бастығының орынбасары Руслан Назаровтың айтуынша, күдіктінің есірткіні сатып, тарату үшін басқа жерден алғаны, тасымалдағаны және сақтағаны Қылмыстық кодекстің 297-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. «Полиция қызметкерлері есірткіні жеткізу арналарының жолын кесу, сату фактілерін жою бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Өткен жылы есірткіге қатысты қылмыстары үшін 123 адам жауапкершілікке тартылса, оның 35-і есірткі сатқаны үшін жазаланды. Заңсыз айналымнан 415 килодан астам психбелсенді заттар алынды», деді ол.

 

ПЕТРОПАВЛ