Руханият • 13 Қаңтар, 2023

«Алуа» – Райымбек Сейтметовтің бір тынысы

641 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы екi бiр­дей театрға басшы­лық еткен актер, режис­­сер Райымбек Сейт­ме­тов халқымыздың аса талантты ұлда­ры­­ның бірі еді. Со­нау тоқсаныншы жыл­­­дардың тоқыра­уын­да 60-қа қара­ған шағында туған же­ріне барып, Ха­лық­ара­лық қазақ-тү­рік университетінде «Өнер» бөлімін аш­­қан Райымбек Ноғай­­бай­ұлының еңбегін ­бұл күндері елі ұмыт­қан жоқ.

«Алуа» – Райымбек Сейтметовтің бір тынысы

Студенттік жылдардан бас­тап-ақ киностудияға жақын болып, алдымен дубляж жасауға қатысып, одан кейін рөлдерде ойнаған актердің арманы асқақ, болашаққа деген ұмтылысы бөлек еді. Жоғары оқу орнын бітірер жылы «Қазақфильм» киностудиясында М.Бегалин қой­ған «Жерге қайтып оралу» атты фильм­де екі басты рөлді ойнады. Олардың біріншісі – қойшы бала Ермек те, екіншісі – әртіс Асқар Әлиев. Кино түсіру аяқталғаннан кейін «Қазақфильм» студиясына актер болып жұмысқа тұрып, өнер жолын бастады. Актер өз естелігінде: «Түркістанның бүгіні мен ертеңін ойлағанда көңілімде бір түйткіл тұрды. Түркістанның рухын көтеру үшін ең әуелі сол жердің рухани игіліктерін жасауымыз қажет. Өзім ұзақ жылдар қызмет еткен өнер саласының биігінен қарасам, Түркістанға театр керек. Еліміз егемендік алды, Түркістан қайта түлейтін болады деп, жастайымнан бауыр басып қалған Алматыны, атақ-абыройына ие болған өнер ордасын тастап, туған жерге тартып кетуімнің басты себебі де сол бо­латын. Осында жинақталған тәжі­рибемді, азды-көпті өнерімді сонда алып барайын деп шеш­тім. Түркістан қайта түлеп, іргесін кеңітіп жатқанда соның бір шегесі болып қалғым келді…» деп жазады. Ал оның театр өне­ріне қосқан үлесі туралы замандастары да жақсы көзқарасқа ие. «...Еліміз аман болса, жеріміз бү­тін болса, сахна өнерінің туы жығылмаса, онда Райымбектің романтикасы мен эпикасы, сезімі мен сыры, парасаты мен пайымы еш көмескі тартпастан, сахнаны кие тұтар талай ұрпақтың жолына нұр сәулесін түсіріп, таң жұлдызындай өнер аспанында әмәнда жарқырап тұратын болады», деп жазады академик Ақселеу Сейдімбек.

1

Біз бүгін Мұхтар Әуезовтің «Алуа» пьесасы және оны сах­налаған Райымбек Сейтметов туралы сөйлемекпіз. 1983 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөсіпірімдер театрына көркемдік жетекші болып бар­ған Сейтметов құлдырап кеткен театр, қожыраған өнер ұжымы­на дұрыс басшылық керек екенін бірден аңдап, тың дүниелерді сахналап, көрерменнің көңілін табуды көздейді. Оның басшы­лығымен театр ұжымы екі-үш жылда қайта еңсе тіктеп, жаңа нәтижелерге қадам тастай­ды. Ре­жиссер осы сәттерін «Жаңа дү­ние керек болғасын, М.Әуе­зов­тің «Алуасын» сахналадым. «Алуа» спектаклі – менің шығар­машылық өмірімнің бір белесі. Бұл М.Әуезовтің жазылып, бірақ 30 жыл бойы қойылмай тартпада жатқан шығармасы болатын. Бұл біздің театрымыз үшін де, ұлттық театр өнері үшін де үлкен оқиға болды», деп баяндайды. Еңбектің жемісі өтеліп, «Алуа» спектаклі көрермен­нің көңілінен шығады. Спектакль­дің жоғары деңгейде қойылға­ны үшін режиссер Сейтметовке, Алуа рөлін сомдаған Гүлжамал Қазақбаеваға, Мәкіл Құланбаев пен Мұхтар Бақтыгереевтерге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы беріледі. Былайша айтқанда, бір қойы­лым­ға қатысы бар төрт өнер қай­раткері бірге марапаттың биік тө­рінен көрінеді. Сол үшін де біз кешігіп көрерменімен жолық­қан «Алуа» спектаклін режиссер Райымбек Сейтметовтің бір тынысы дер едік.