29 Мамыр, 2010

КҮМБІРЛЕП КҮЙ ТӨГІЛДІ КӨКЖИЕКТЕН

940 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Құрманғазы атындағы VІІІ республикалық халық аспаптарында орындаушылар байқауы мәреге жетіп, бас жүлде Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің әртісі Арман Жүдебаевқа бұйырды. Расын айту керек, бүгінде еліміз өнер бай­қауы жағынан ешкімнен кем де, кенде де емес. Түрлі өнер бәйгелері республиканың түкпір-түкпірінде жүрген өнерпаз жастардың қанатын қатайту мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасап-ақ бағуда. Астанада “Шабыт” пен “Жас қанат” байқаулары бар. Алматыда Чайковский атындағы, сондай-ақ басқа да классикалық музыка аспаптарында ойнаушылар мен биші, әншілерге арналған бірталай байқаулар өтеді. Мұнымен қоса кино мен театрға байланысты ұйымдастырылатын шаралар тағы бар дегендей, рухани сахнаның қара қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатқаны көңілге көл-көсір сезім ұялатады. Солай дегенмен де, олардың арасынан көңілдің көк дөненін сахна сахарасында ерекше желпінтіп өтетін Құрманғазы атындағы халық аспаптарында орындаушылар байқауының елдік рухы мен өрлік сипаты айрықша екеніне ешкім күмән келтіре қоймас. “Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ домбыра” деген бір ауыз сөзге домбыра туралы ой тұтас сыйып кетіп тұрған жоқ па? Қазақ елін өркениетті елдер скрип­ка­мен, пианиномен, виоленчельмен танысын ләйім, бірақ домбыраның орны бөлек. Оларға Бетховен, Моцарт, Бах, Шопен, Чайковский таң­сық емес. Оларға Құрманғазы, Дина, Тәт­тім­бет, Сүгір... таңсық. Оған талай сапарларда көз жеткізіп те жүрміз. Германияға Қазақстаннан көш­кен бір неміс әйелі Берлиннің концерт за­лында Қазақ елінен барған өнерпаздардың ал­дынан туысы келгендей құрақ ұша жүгіріп шық­қанда, домбыраның қоңыр үнін әбден сағын­ғанын айтқан. Токиодағы концертте күйшілердің өнеріне ризашылықпен қол соққан жапондар кеш соңында домбыраны бір ұстап көрмейінше кетпей қойған. Бәрін айт та, бірін айт, қазақ өзгеден домбырасымен, күйімен озық. Басқада жоқ сол мұраны қастерлеу бүгінгі ұрпақ парызы десек, Құрманғазы атындағы халық аспап­та­рында орындаушылар байқауы осы мақсаттағы ұлттық жоба екені сөзсіз. Биыл сегізінші рет өткізіліп отырған байқаудан байқағанымыз – сапалық деңгейі біртіндеп өсіп келеді. “Домбыра, шертер” номинациясында сайысқа түскен жастар үш кезеңде шетел композиторының, қазіргі заман композиторларының шығармаларынан, Құрманғазының “Кішкентай”, “Түрмеден қашқан”, “Сарыарқа”, “Төремұрат”, “Адай”, “Бұлбұл”, “Жігер” күйлерінен, Махамбеттің “Қилы қырғыны” бойынша, сондай-ақ Арқа, Қаратау, Алтай, Тарбағатай және Жетісу өңірінің күйлерінен, Дәулеткерей, Қазанғап, Маңғыстау, Сыр өңірінің шығармаларынан бақ сынасты. Іріктеу кезеңінде Құрманғазының жеребе бой­ынша төрт күйінен сынға түсіп, күй атасының 25 күйінен күйтартыс өте қызықты өтті. Бірінші орынды Новосібір мемлекеттік консер­ва­то­рия­сы­ның опера және сим­фониялық ди­ри­жер­леу мамандығы бой­ынша 4-курс сту­ден­ті Руслан Баймур­зин мен Маң­ғыстау өнер коллед­жінің 4-курс студенті Абылай Тілепбергенов иеленді. “Қобыз, қыл­қо­быз” номинациясынан өткен сайыс жастар­дың бұл өнерге ерекше бет бұрып келе жат­қа­нын көрсетті. “Тілеп” сынды шығарма­шы­лық үжымдарының ғажайып өнері бүгінде ел аумағынан сыртқа даңқы жайыла бас­та­ған. Бір кездері ке­ңес­тік саясаттың салда­ры­нан кенжелеп қалған өнер жанры жанда­нып, жекелеген небір талантты қобызшылар мен топтарды дүниеге әкелуде. Көптеген күй­лер қобызға өңделіп, қазір бұл аспапта ор­ындалатын шығарма­лар­дың едәуір көбей­гені байқалады. Күйлердің эстрадалық нұсқалары домбыраға арналып шыққанда мұны алғашқыда біреу құптады, ал біреудің құлағына түрпідей тигені рас. Одан кейін “Ұлытау” сынды әйгілі топ дүниеге келген соң, қарсылық үні бәсеңсіп, күй мұндай да үлгімен өмір сүре алатындығына жұрт иланды. Сол сияқты соңғы уақытта қобыз да заманауи, классикалық музыкалық аспаптармен ұштаса орындалуда. Мұны сайысқа қатысу­шыларға арналған репертуардан айқын аңғаруға болады. Бірінше кезеңде прима-қобызшылар Құрман­ғазының А.Толғанбаев өңдеуіндегі “Балбырауын” күйін, Қазақстан мен шетел композиторларының виртуоздық шығармасын, екінші кезеңде К.Дүйсекеевтің “Скерцосын”, сондай-ақ дәстүрлі немесе халық компози­то­ры­ның, шетел компо­зиторының көлемді шығарма­сын, үшіншіде Е.Брусиловскийдің “Бозайғыр” сюитасынан романс орындады. Ал қылқобыз­шылар Қорқыттың “Қоңыр”, Ықыластың “Жез киік” күйлерін, фортепиано сүйемелдеуімен Қазақстан композиторының шығармасын, Ж.Қаламбаевтың “Маршын” тартып, мәреге жетті. Бірінші жүлде Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінің 3-курс студенті Тоқтар Ағыраев пен осы оқу орнының 2-курс студенті Саджана Мырзалиеваға тиді. Сырнай номинациясында баян мен аккор­деон аспаптарының үні Құрманғазы күйлерімен асқақтады. Бірінші кезеңде полифониялық, виртуоздық шығармалармен қатар сайыскер өз таңдауымен Құрманғазының бір күйін орындаса, қалған кезеңдерде Қа­зақстан композитор­ла­ры­ның баян мен ак­кордеонға жазған қа­зіргі заман­ғы шығар­ма­ларын, халық музыка­сының өңдел­ген жаңа түрін, қалаған шығар­масына қоса көлемді үл­гідегі туындыны ұс­ынды. Бірінші орынды Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің 1-курс студенті Руслан Тураев иеленді. Бәйге өн­дірдей өнерпаздың талайына үміттің сәулесіндей ай­шуақ сезім сыйлады. Олардың көбі оқу ор­ындарынан келген жас­тар. Инемен құдық қаз­ғандай білім арна­сын кеңейту бар да, көкі­рекке тоқығанды іс жүзінде көрсете білу деген тағы бар. Бұл салада екеуін қатар алып жүрмей бол­майды. Ол үшін әр адамның кәсіби білік­тілігін бір жағы таразыға салатын, екінші жағынан ше­бер­лігін шыңдау мектебі болатын бәйгенің орны бөлек. Құрманғазы атындағы халық аспап­та­рын­да орындаушылар байқауы сондай міндетті абы­роймен атқарып келе жатқан ірі мәдени шара. Жақында “Қазақтың 1000 күйі” атты жинақ жарық көріп, кеудемізді шаттық күйі кернеген еді. Осынша ғаламат мұраға ие қазақтан бақытты жұрт бар ма, сірә? Қазақтың күйлерін жинау, зерттеу жұмыстары одан әрмен жалғасып жатыр. Сол істің мына жоба жалғасындай, қанатындай болып көрінеді. Енді ол елдік мұратқа айналуы үшін алда қандай істерге көңіл бөлу керек деген сұрақ туады. Жарқылы әлі де жасықтау ма деп қаласың. Сахналық безендірілуі кейбір өнер кештерінен жұтаң көрінеді. Сол кезде шіркін-ай, осындай өнерді насихаттайтын шараны қар­жы­лай демейтін, рухани жебейтін елжанды меценат­тар бізден қашан шығар екен деген мұң ториды қабақты. Елордадағы жалғыз бір осы төл бай­қау­дың ашылуы мен жеңімпаздарын мара­паттау кешіне кіру өзге жұртқа арман болатын күнге же­тер ме екенбіз? Президенттік мәдениет ор­та­лы­ғының залын байқаудың ашылу күні қала­дағы мектеп оқушыларымен толтырдық. Бұл – бір. Екін­шіден, бір ғана Құрманғазы атындағы бай­қаумен шектелмеу керек, келе­шекте Дина атын­дағы бәйгені қолға алсақ та артық болмайды дег­ен ойдың шеті қылтиды. Қалай десек те, ха­лық аспаптарында ор­ындау­шылар байқауын ке­ле­шекте халықаралық ірі өнер сайыстары дең­гей­іне жеткізу басты мұрат болып қала беруі керек. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. ҚОНАҚ АЗ ОТЫРЫП, КӨП СЫНАЙДЫ... Алматыда Орталық Азия елдерінің  ІІІ халықаралық театр фестивалі өтуде Сәрсенбінің сәтті күні Алматыда Орта­лық Азия елдерінің халықаралық театр фестивалі ашылды. Өнер думанына Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстанның театр қайраткерлері қатысып, осы төрт елдің сахнасында соңғы маусымдарда жүріп жатқан драматургия жауһарлары өзара сынға түсуде. Дәл осындай фестивальді дәс­түрге енгізудің көздегені көп. Бұл ша­ра аталмыш елдердің театр сала­сын­дағы ынтымақтастығын артты­рып, тәжі­рибе алмасып, театр май­тал­ман­дарын ынталандырып, ре­пер­туар­лар­дың баюына септесуді мақсат тұтады. Фестивальдің құрылтайшысы – еліміздің Мәдениет министрлігі болса, оны ұйымдастыруды жүзеге асыратын “Қазақстан халқының рухани даму қоры”. Фестивальдің ашылу салтанаты М.Әуезов атындағы Қазақ мемле­кет­­­тік академиялық драма теат­рын­да өткенімен, фестиваль аясындағы байқауға қатысатын қойылымдар  Ғ.Мүсірепов атын­да­ғы Қазақ мем­лекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мен Қ.Қо­жа­мияров атындағы мем­лекеттік ұй­ғыр музыкалық комедия теат­рын­да жүріп жатыр. Халықаралық фестивальге өз елімізден Т.Жүргенов атындағы Қа­зақ ұлттық өнер академиясы, Оң­түсті Қазақстан облыстық орыс дра­ма театры, Астана қаласындағы Жас көрермендер театры, Батыс Қа­зақстан облыстық қазақ драма театры, Н.Бекежанов атындағы Қы­зылорда облыстық музыкалық драма театры, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстанның қазақ му­зыкалық драма театрлары қатысуда. Фестиваль қатысушылары мен қонақтары Алматыға аяғы тиген кү­ні М.Лермонтов атындағы мем­лекеттік орыс академиялық драма театрында “Король Лир” қойы­лы­мын байқаудан тыс тамашалап, Орталық мемлекеттік мұражайдағы көне жәдігерлерді тамашалады. Фестиваль жеңімпаздарын ар­найы жасақталған қазылар алқасы 13 атаулы сыйлық бойынша анық­тайды. Қазы­лар алқасының құра­мын­да Ор­та­лық Азия елдерінің театр сыншы­лары, танымал актер­лер, режиссер­лер, драматургтер мен суретшілер бар. Бір айта кететін жәйт, театр фес­тиваліне арнайы келіп жатқан көрші елдердің өнерпаздары Қа­зақ­стандағы шараға үлкен мән беріп, оған қатысуды мәртебе көретін­дік­терін жасырмайды. Тіпті айыр қал­пақ­­ты ағайындар өз елдерінде тұ­тан­ған тұ­рақсыз саяси оқиға­лар­дың салда­ры­нан осы фестивальге қатыса алмай қаламыз-ау деп, ал­дын-алда қам жасап, Астанаға қай­та-қайта ше­к­арадан өткізуді сұрап, хат жол­да­ғандарын да білеміз. Тә­жік пен өз­бек те Орталық Азия ел­дерінің ха­лық­аралық театр фес­тиваліне әбден дайындалып, соңғы мау­сым­дарда (фес­тиваль шарты бойынша) қой­ылған ең үздік спектакльдерін дайындап әкелген. Дегенмен, аталмыш фестиваль жыл өткен сайын кемелденіп, то­лы­сып, танымал бола түсудің ор­нына, сиырқұйымшақтанып бара жат­қандай әсер қалдырады. Бұл БАҚ өкілдерінің бітпейтін ба­зынасы, тырнақ астынан кір іздеген кінә­ратшылдығы емес. Жетім қыздың тойындай сол­ғын басталған халықаралық фес­ти­валь да тиісінше насихатталмайды. Тіпті оның аясында жүретін спек­такль­дердің жарнамасы жоқтың қасы десе де болғандай. Әлде бізге ғана осылай көрінді ме десек, Қа­зақстан Театр қайраткерлері одағы­ның төрағасы Тұңғышбай Жаман­құлов төменде­гідей пікір білдірді. Бұл жалғыз Жаманқұловтың ойы емес, көптеген театр мамандары тарапынан төмендегідей қынжылыс байқалады. – Бұл фестиваль мемлеке­ті­міз­дің абыройын көтеретін, елдігімізге де сын болатын мәдени оқиға. Фес­тивальді атына сай етіп өткізу өре биіктігін, өркениеттілікті көр­сетеді. Алайда, жыл өткен сайын шаралары шираудың орнына, ке­теуі кете бастағандай. Сондықтан фестиваль­дің ашылуы аса көңіл көн­шіте қоймады. Бұған еліміздің Мәдениет министрлігі аса көңіл бө­луі керек еді. Ұйымдастыру жа­ғы­нан олқы­лықтар бар екендігін жа­сырмау қа­жет. Халықаралық дең­г­ейдегі фес­тиваль қала ішінде де жарнама­ланған жоқ. Ал көршіле­ріміз қазылар алқасының құрамына өздерінің ең таңдаулы театр май­талмандарын, фестиваль байқауына мықты қойылымдарын іріктеп әкеліп отыр. Қазақстанның қазіргі жетістіктерін мойындайтын бауыр­лас республикалар бұл фестивальді керемет деңгейде өтеді деп, жүрек­тері толқып, жеңістен дәмелі бо­лып, үлкен оқиға көріп келген. Өзі­міздің де, солардың да еңбектері еш, тұзы сор болмауы үшін бас­та­ған ісімізді баянды, қолға алған тір­лікті неге сапалы етпеске?! Иә, Ор­талық Азия мемлекеттерінің ха­лық­аралық фес­тивалі – үлкен мүм­кіндік. Фести­вальге төрт елден де­легаттар келді. Қонақ аз отырып, көп сынайды... – деді Қазақстан Театр қайрат­кер­лері одағының тө­ра­ғасы олқылық­тарды жаба-бүркелемей. Сонымен, жексенбі күнге дейін жүретін театр фестивалі бір сы­дыр­ғы өтіп жатыр. Кеше фестиваль ая­сын­да Астана қаласының Жас кө­рермендер театры Ә.Кекіл­баев­тың “Ханша-дария” хикаясын, Тә­жік­станның мем­лекеттік музы­ка­лық-комедия театры Н.Таба­ровтың “Шөл қандыру” дра­масын, Өзбек­станның Сурхандария облыстық М.Ұйғур атындағы му­зыкалық дра­ма театры “Қырсық шал” драма­лық шығар­масын, Оңтүстік Қазақ­стан облыс­тық орыс драма теат­ры жапон ха­л­­қының аңыз-әфсана­сына құрыл­ған “Токуми мен Суру”, Ба­тыс Қа­зақ­­стан облыстық қазақ дра­ма теат­ры Э.Олбидің “Хайуанаттар бағын­да­ғы оқиға” қойылымдарын көрсетті. Айнаш ЕСАЛИ. АЛМАТЫ.