Коронавирус • 15 Қаңтар, 2023

Көрші елде қайта өршіген вирус

183 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемді коронавирус дерті қайта шарпыды. Қытайда коронавирус өршіп, науқастар ауруханаларға сыймай жатыр деген дабыл қағылғалы көп болған жоқ. Тіпті орталық үкіметтің коронавирус шектеулерін сынаған қолданушылардың ак­каунттары жабылып, жұмысы да уақытша тоқтатылған. Соған қарамастан, билік індет басталғалы бері күшінде болған шектеу шараларын да алып жатыр. Көрші елде өршіген індетке әлем алаңдап отыр. Ал біз неге бейқамбыз?

Көрші елде қайта  өршіген вирус

Еуроодақ, АҚШ, Ұлы­бри­­­тания, Франция, Кана­да, Испа­ния, Жапония елде­рі Қы­тай­да басталған індет­тің кезекті толқынына алаң­дау­шы­лық біл­діріп отыр. Өйткені 8 қаңтардан бастап Бейжің елден шыққысы немесе өзге өңірлерге барғысы келетін азаматтарына қойылған ірі шектеулерден бас тартты. Тіпті шетел азаматтары­на елге кіруге мүмкіндік беріл­ді. Бірқатар ақпарат құра­лы Қытайда күн сайын миллион­даған азаматқа коронавирус жұғып жатқанын, елде вирус­тан қайтыс болғандарды қабыл­дайтын крематорийлерде орын қалмағанын жазады. Бейжің бұл ақпаратты ресми түрде рас­тағысы келмейді. Десе де көрші елде қайта өршіген індеттің алдын алу, шектеу шараларын қазірден күшейту өзге емес, өзімізге керек.

Осы ретте Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ай­жан Есмағамбетованың мәлі­ме­тінше, елімізде коронавирус инфекциясы бойынша эпи­демиологиялық жағдай тұрақ­талған. Десе де беті аулақ, ауа арқылы тарала беретін вирусты қай жел айдап келерін кім білсін? Оның үстіне өткен жылдың қараша айының соңы­нан бастап елде науқастар са­ны өсіп, желтоқсан айында сыр­қат­танғандардың орташа тәу­лік­тік саны КВИ+ 200-ге дейін және КВИ- 10-ға дейін  жет­кені белгілі.Оның үстіне бө­лін­ген штамдардың соңғы ретт­ілігі COVID-19 Омикрон нұсқасының айналымы болып шықты. Ал «Қазақстанда елге кіру кезінде де, әлемнің кез келген еліне, оның ішінде ҚХР-ға шығу кезінде де қандай да бір шектеу шараларын енгізу жос­парланбайды», деген еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің сөзінде. Қытайда биыл қыста ковидтен 1 млн-нан астам адам қайтыс болуы әбден мүмкін екендігі айтылып жатса да шектеу шараларын қатаңдату байқалмайды. Тек халықты уақтылы вакциналау мен ревакциналауға, халық көп жиналатын орындарда бетперде тағуға, адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеуге шақырады. Мұнымен қоса қолды тазалау үшін антисептик немесе де­зинфекциялық майлықтарды пайдалануды ұсынады. Бүгінде бұл ұсыныстарды пандемия басталғалы бері денсаулықтың қадірін терең ұғына білген жұрт екі етпей орындауды үй­ренді.

Қаржы министрлігінің Мем­­лекеттік кірістер комитеті биыл­ғы қаңтар айының бірінші онкүндігінен бастап Қазақстан-Қытай учаскесінде Қытай тарапы бұрын енгізілген шектеу және карантин шараларын алып тастағанын мәлімдеді. Мейлі, автокөлік жүргізушілерінде виза, ПТР тестілері халықаралық стандарттарға сәйкес келуі керек болса да, індеттің беті бері қарамай тұрған шақта бұл қан­шалықты дұрыс шешім?

Айта кетейік, Қытайдағы танымал әлеуметтік желі Sina Weibo платформаны пай­далану бойынша шамамен 13 мың ереже бұзу тура­лы хабарламаға «реакция білдіргенін» мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуын­ша, кейбір қолданушылар «сарапшылар мен ғалымдарға, медицина қызметкерлеріне шүйліккен. Санкцияға шамамен 1 200 аккаунт ұшыраған. Ал Қытай коммунистік партиясы коронавирусқа қатысты қатаң шектеулерін ақтау үшін медициналық қауымдастыққа арқа сүйеген. Қатаң шаралардың басым бөлігі жойылғанымен, көп ұзамай індеттің ушыққаны жайлы хабар тараған.

ҚХР-да енді коронавирус инфекциясын жұқтырғандар үйден емделіп, медициналық ме­кеменің көмегіне де жүгіне алады. Өйткені COVID-19-ға шалдыққандарды карантин орта­лық­тарында оқшаулау алынып тас­талған. Бұған дейін ҚХР би­лігі коронавирусты мүлдем та­ратпау саясатын жүргізіп, бар­лық әкімшілік-аймақтық меке­месінде коронавирус инфекциясын жұқтырған адам­дарға арнап карантин ор­та­лықтарын салған болатын. Тіпті жаңа хат­та­маның өзге­руіне байланыс­ты емделіп шық­қан науқастарға енді ПТР-тесттің теріс нәтижесі де қа­жет емес. Сондай-ақ Қытай сыр­қаттарды бақылау және алдын алу орталығының биылғы 6 қаңтардағы дерегіне сәйкес, өткен тәулікте 10,6 мың адам коронавирус жұқтырған. Ал денсаулық туралы мәлімет жинайтын британдық Airfinity компаниясының зерттеуінде, COVID-тен тәулігіне 9 мың адамға дейін қайтыс болғаны айтылады. Пандемия басталғалы ҚХР-да коронавирустан 5 мың­нан аса адам көз жұмыпты.

Қазір Еуропалық одақ Қы­тай­ға коронавирусқа қарсы ва­к­циналарды тегін ұсынып жатыр. Яғни індеттің жаппай таралмауының алдын алу­­ға көмек көрсетіп отыр. Бұл ту­ра­лы Еуроодақ делега­ция­­сы­ның Қытайға сапары­нан кейін Еуропалық комис­сия­ның баспасөз хатшысының мә­лімдемесінде айтылды. Иә, мұндай жағдайда ынтымақ­тас­тық пен қолдау көрсету нау­қас­тың көңілін сұрағанмен бірдей, тіпті екі арасындағы әріптестік қарым-қатынасты да нығайта түсетіні сөзсіз.

Сонымен елімізде және әлемде орын алып жатқан COVID-19 ін­детінің өршуіне бай­ланысты ішкі және сырт­қы жағдайда сақталатын сани­тар­лық талаптар мен шектеу ша­раларына бейқамдық та­ныт­пағанымыз дұрыс. Әсі­ресе індет дендеген көрші елдермен арадағы сақтық шараларын кү­шей­тіп, татулықты уа­қытша онлайн форматта ұс­тан­ған жөн шы­ғар.